Үкімет шағын және орта бизнесті қолдауға арналған «Іскер аймақ» атты бірыңғай бағдарламаны бекітті. Бұл құжат – кәсіпкерлердің, әсіресе ауыл-аймақ пен шағын қалалардағы бизнестің нақты сұранысына берілген жауап. Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында бизнесті осы бағдарлама қаралып, қабылданды. Жиында Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, қаржы министрі Мәди Такиев, сондай-ақ «Атамекен» ҰКП мен Бухгалтерлер одағының өкілдері баяндама жасады, деп жазады Ozgeris.info.
Бүгінде Қазақстанда 2,2 млн-нан астам шағын және орта бизнес субъектісі бар. Бұл салада 4 млн-нан астам адам еңбек етіп жүр. Үкімет отырысында Премьер-министр кәсіпкерліктің ел экономикасындағы орны ерекше екенін атап өтті. Себебі шағын бизнес – халық табысының негізгі көздерінің бірі.
Олжас Бектеновтің айтуынша, қуатты әрі бәсекеге қабілетті кәсіпкерлік – орнықты экономикалық өсудің басты тірегі. Мемлекет басшысы іскерлік белсенділікті арттыру үшін шағын бизнесті қолдаудың бірыңғай бағдарламасын жедел қабылдауды тапсырған болатын. Үкімет осы тапсырманы орындап, шағын және микробизнесті нақты қолдауға бағытталған, өңірлердің ерекшелігін ескеретін кешенді құжат әзірледі.
Ұлттық экономика министрлігінің мәліметіне сүйенсек, «Іскер аймақ» бағдарламасы ең алдымен ауылдық жерлер мен шағын қалалардағы кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған. Бағдарлама ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеу, тамақ өнімдерін өндіру, ағаш өңдеу, қолөнер сияқты технологиялық жағынан қарапайым, тез іске асатын әрі әлеуметтік-экономикалық әсері жоғары жобаларға басымдық береді. Қолдау шаралары 3 бағыт бойынша жүзеге асырылады – қаржылық, қаржылық емес және инфрақұрылымдық.
Үкімет бизнес-қоғамдастықпен тығыз жұмыс істей отырып, кәсіпкерлерге түсінікті әрі ашық жаңа салық саясатын қалыптастыруда. Отырыста бизнес жүргізу қағидаларын жеңілдету мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Негізгі өзгерістердің бірі – сервистік модельге көшу. Енді кәсіпкер тіркелген сәттен бастап, қызметінің барлық кезеңінде фискалдық қолдау жүйесімен бірге жүреді.
Салық органдарының басты міндеті – қателік үшін жазалау емес, қателеспеуге көмектесу. Осы тәсіл аясында салықтық есептілік 30%-ға, ал салықтар мен алымдардың саны 20%-ға қысқарады. Бұл кәсіпкерлердің қағазбастылыққа кететін уақытын азайтып, өз ісін дамытуға көбірек көңіл бөлуіне мүмкіндік береді.
Салық тексерулері енді тек тәуекелдерге байланысты ғана жүргізіледі. Жоспарлы тексерулерден толық бас тартылды. Микро және шағын бизнес үшін 2026 жылға дейінгі кезеңдер бойынша салық тексерулері мен камералдық бақылау алынып тасталады. Сонымен қатар ықтимал заң бұзушылықтар бойынша алдын ала хабарлау тетігі енгізіледі. Бұл кәсіпкерге айыппұлсыз, шығынсыз өз қатесін уақытында түзетуге жол ашады.
Жаңа Бюджет кодексіне сәйкес, шағын бизнестен түсетін барлық салық түсімдері әкімдіктердің иелігінде қалады. Бұл әкімдердің әрбір кәсіпкердің табысты болуына тікелей мүдделі болуын қамтамасыз етеді. Ал салық төлеуші «Цифрлық бюджет» арқылы өз төлеген салығының тұрған аумағын қалай көркейтіп жатқанын көре алады.
Бағдарламаны іске асыру аясында «Бәйтерек» холдингіне «Атамекен» палатасымен бірлесіп, ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерді оқыту және оларға сервистік қолдау көрсету тапсырылды. «Іскер аймақ» бағдарламасы субсидия таратумен шектелмей, өңірлердің ортақ жауапкершілігі моделіне көшуді көздейді. Негізгі мақсат – тек несие беру емес, тұрақты өндіріс құрып, өнім шығару көлемінің нақты өсіміне қол жеткізу.
Осыған байланысты Премьер-министр бірқатар нақты тапсырма берді. Қаржы министрлігі бағдарламаның қаржыландырылуын қамтамасыз етуі тиіс. Сонымен қатар жергілікті бюджеттерден қоса қаржыландыру көзделеді. Өңір әкімдіктері аймақтың ерекшелігін ескере отырып, басым салалардың тізбесін қысқа мерзімде анықтауы қажет.
Шағын бизнестің өндірістік инфрақұрылымға қолжетімділігін арттыру, өндірістік ғимараттарды жеңілдікпен жалға беру, өңірлік бағдарламаларды әзірлеу маңызды міндет ретінде белгіленді. Мысал ретінде Алматы қаласы келтірілді. Биыл қалада шағын және орта бизнесті дамытуға жергілікті бюджеттен 25,5 млрд теңге бөлінді. Бұл қала үшін басым бағыттарды дамытуға мүмкіндік берді.
Табысты тәжірибелердің бірі ретінде жылдық 6%-ға дейінгі жеңілдікті несиелер арқылы шағын өнеркәсіптік парктерді дамыту аталды. Мұндай тәжірибені басқа өңірлерге де кеңінен тарату қажет екені айтылды.
Өңдеуші сектордың үлесін арттыру үшін кәсіпорындардың өндірістік қуатын ұлғайтып, жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Келесі жылдың қаңтарынан бастап өңдеу өнеркәсібінде лизингтік қаржыландыру іске қосылады. Шағын және микробизнес кепілдіксіз 300 млн теңгеге дейін өз өндірісін жаңғырта алады.
Сонымен қатар оңайлатылған декларация режимінде жұмыс істейтін жеткізушілермен байланысты шектеулер мәселесі де қозғалды. Бұл шамамен 400 мың шағын және микробизнес өкілін қамтиды. Үкімет бұл санаттағы кәсіпкерлердің болашағына алаңдамауына жағдай жасау қажеттігін атап өтті.
Салықтық әкімшілендіру «Таза парақтан» басталады. Бұл барлық микро және шағын бизнеске оң әсер етеді. Нормативтік құжаттар мен ақпараттық жүйелер жедел дайындалуы тиіс.
Бағдарламаның басты бағыты – шағын және моно-қалалар мен ауыл-аймақтардағы кәсіпкерлерді қолдау. Шағын бизнеске айналым қаражатын толықтыруға мүмкіндік беріледі. Банктік несие бойынша номиналды мөлшерлеменің шамамен 9%-ы субсидияланады. Банктердің ағымдағы мөлшерлемесі – 22%, субсидияланатыны – 8,8%.
Қорытындысында Үкімет бағдарламаның барлық талаптары мен мүмкіндіктерін кәсіпкерлерге қарапайым тілмен түсіндіру қажет екенін атап өтті. Бұл ақпарат БАҚ-та және әлеуметтік желілерде кеңінен таралуы тиіс. Бухгалтерлер одағы бизнесті тегін оқыту мен кеңес беру бастамасын көтерді. Мемлекеттік органдар бұл бастаманы толық қолдауы қажет.
Үкімет алдағы уақытта да цифрлық платформаларды дамытып, әкімшілік рәсімдерді жеңілдетіп, шағын бизнесті орнықты өсудің негізгі тірегіне айналдыруды жалғастырады. Бағдарламаны үйлестіру Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге жүктелді.
Қазақстанда шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған нақты өзгерістер қолға алынды. Үкімет отырысында қаржы министрі Мәди Такиев салық берешегін өндіріп алу тәртібі қайта қаралып жатқанын айтып, бұл қадамның басты мақсаты – микро және шағын бизнеске артық әкімшілік қысым жасамау екенін түсіндірді.
Министрдің айтуынша, енді ұсақ қарыз үшін кәсіпкерді бірден қыспаққа алу тәсілі өзгереді.
«Қолданылатын шаралар сай болуы үшін және азғантай сома үшін микро және шағын бизнеске қысым жасамау үшін біз салық берешегін мәжбүрлеп өндіріп алу тәсілдерін айтарлықтай өзгертіп жатырмыз. Кәсіпкерге ең алдымен түсіндіру керек, ескерту беру керек. Бизнеске жұмыс істеуге мүмкіндік жасау – басты міндет», деді Мәди Такиев.
Негізгі өзгеріс – ден қою шаралары басталатын шекті соманың көтерілуі. Бұған дейін салық берешегі шамамен 26 мың теңгеден немесе 6 АЕК-тен бастап өндіріле бастайтын. Ал әлеуметтік аударымдар бойынша нақты шек мүлде болмаған. Енді салық берешегі бойынша шекті сома 87 мың теңгеге немесе 20 АЕК-ке дейін көтерілді. Әлеуметтік төлемдер бойынша да нақты шек белгіленіп, ол 26 мың теңге немесе 6 АЕК болды.
Қаржы министрлігінің мәліметінше, бұрын әлеуметтік төлемдер бойынша шек болмағандықтан, өндіріп алу шараларына көбіне шағын бизнес тап болып келген. Қазіргі борышкерлердің шамамен 72%-ының қарызы 6 АЕК-ке дейін ғана. Яғни аз ғана берешек үшін кәсіпкерлерге ауыр шаралар қолданылып келген.
Енді жаңа тәртіп бәріне түсінікті етіп бөлінеді. Егер берешек 87 мың теңгеге немесе 20 АЕК-ке дейін болса, кәсіпкерге тек хабарлама жіберіледі және өсімпұл есептеледі. Басқа шектеу болмайды. Егер қарыз 87 мыңнан 195 мың теңгеге дейін немесе 20-дан 45 АЕК-ке дейін жетсе, алдымен хабарлама жіберіледі. Қарыз өтелмесе, борыш сомасы көлемінде шығыс операциялары тоқтатылуы мүмкін, содан кейін ғана инкассалық өкімдер беріледі. Ал берешек 195 мың теңгеден немесе 45 АЕК-тен асқан жағдайда қатаң шаралар қолданылады. Бұл кезде мүлік тізімге алынып, сатылуы мүмкін, сондай-ақ өндіріп алу дебиторлар есебінен жүргізіледі.
Үкімет отырысында тағы бір маңызды мәселе көтерілді. Ол – кәсіпкерлерге салықтық жеңілдік беру арқылы тыныс ашу. Жаңа Салық кодексінде 1.5 мың АЕК-ке дейін, яғни шамамен 6.5 млн теңгеге дейін берешегі бар салық төлеушілер үшін қарызды 1 жылға дейін кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу мүмкіндігі қарастырылып отыр. Бұл ретте кәсіпкерден мүлікті кепілге қою да, банктік кепілдік те талап етілмейді. Бұл тетік туралы министр кеңінен түсіндіріп өтті.
«Бұл бюрократияның азаятынын білдіреді. Кепілді бағалау мен сақтандырудың қажеті жоғалады. Бөліп төлеуді рәсімдеу мерзімі қысқарады. Бір деңгейдегі мониторингке қатысушылар үшін бөліп төлеу 12 айға дейін кепілсіз және кепілдіксіз беріледі. Яғни кәсіпкер қағаз жинап жүрмей, өз ісімен айналыса алады», деді Мәди Такиев.
Сонымен қатар өндіріс саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлер үшін де нақты қолдау қарастырылған. Өнім өндіруге арналған тауарлардың импортына қосылған құн салығын 1 жылға дейін кейінге қалдыру мүмкіндігі енгізіледі. Бұл шара кәсіпорындардың айналым қаражатын сақтап, өндірісті тоқтатпай жүргізуіне мүмкіндік береді.
Кәсіпкерлерге көмек көрсету тек салық шараларымен шектелмейді. Қаржы министрлігі «Халық бухгалтері» атты арнайы акцияны іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл бастама жеке кәсіпкерлер мен шағын бизнеске бухгалтерлік және салықтық есепті дұрыс дайындап, уақытында тапсыруға көмектесуге бағытталған.
Акция аясында онлайн және офлайн форматта консультациялар беріледі. Ресми ресурстар арқылы онлайн кеңес жүргізіледі, жеке Telegram-арнасы ашылады, вебинарлар өтеді және есеп тапсыратын кезеңдерде арнайы тақырыптық сессиялар ұйымдастырылады. Бұл іске кәсіби бухгалтерлер мен аудиторлар, бухгалтерлік бірлестіктердің өкілдері және аумақтық мемлекеттік кірістер органдарының мамандары қатысады. Министрдің айтуынша, акцияны бірінші жартыжылдықта өткізу ұсынылып отыр.
«Мемлекеттік кірістер комитеті сервистік модельді енгізу және бизнес үшін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру жөніндегі жұмысты күшейтеді. Біздің мақсат – кәсіпкерді жалғыз қалдырмау, түсіндіру, бірге жүру», деп түйіндеді Мәди Такиев.
Жалпы алғанда, қабылданып жатқан бұл шаралар шағын және орта бизнеске тыныс беріп, салық төлеуді қорқыныш емес, қалыпты әрі түсінікті процесс етуге бағытталған. Кәсіпкер үшін ең бастысы – айыппұлдан қашу емес, ашық жұмыс істеудің тиімді екенін сезіну. Үкімет дәл осы бағытты таңдағанын ашық көрсетті.
Қазақстанда шағын және орта бизнесті қолдаудың екі бағыты қатар күшейіп отыр. Бір жағынан кәсіпкерлерді жаңа салық талаптарына алдын ала дайындау көзделсе, екінші жағынан қаржылай қолдау көлемі бұрын болмаған деңгейге жетпек. Бұл туралы Үкімет отырысында бухгалтерлер қауымдастығы мен «Бәйтерек» холдингі нақты мәлімдеме жасады.
Қазақстанда салықтық әкімшілендірудің жаңа талаптары енгізілетіндіктен, бизнеске арналған оқыту семинарларын ұйымдастыру жоспарланып отыр. Үкімет отырысында «Қазақстанның бухгалтерлер және бухгалтерлік ұйымдар одағының» басқарма төрағасы Мереке Жұматов кәсіпкерлерді жаңа Салық кодексіне дайындау аса маңызды екенін айтты. Оның сөзінше, бұл жұмыс жүйелі әрі кезең-кезеңімен жүргізілуі керек.
Мереке Жұматов әрбір жеке кәсіпкер бухгалтерлік есепті дұрыс жүргізуді және салық міндеттемелерін нақты орындауды түсінуі тиіс екенін атап өтті. Ол үшін жай ғана ереже қабылдап қою жеткіліксіз. Кәсіпкерге үйрету, түсіндіру, бірге жүру қажет. Осы мақсатта белсенді оқыту, тұрақты консультациялық қолдау, онлайн-курстар және түсінікті тілде дайындалған материалдар керек.
Бухгалтерлердің қоғамдық ұйымдары бұл іске белсенді атсалысуға дайын екенін ашық айтты.
«Біз, бухгалтерлердің қоғамдық ұйымдары, Қаржы министрлігінің бұл бастамасын қолдаймыз. Өз ресурстарымызды, лектор-жаттықтырушыларымызды аудиторияларда да, онлайн-алаңдарда да тегін ұсынуға дайынбыз. Біздің аккредитациядан өткен оқу орталықтарымыз Мемлекеттік кірістер комитетімен бірлесіп бизнесті кезең-кезеңімен дайындау жөнінде іс-шаралар жоспарын құрып жатыр», деді Мереке Жұматов.
Осы жоспар аясында нақты шаралар қарастырылып отыр. Салықтық әкімшілендірудің жаңа талаптары бойынша офлайн-семинарлар мен онлайн-курстар ұйымдастырылады. Кәсіпкерлерге арналған әдістемелік ұсынымдар мен чек-парақтар дайындалады. Сонымен қатар әрбір кәсіпкер жеке сұрағымен жүгініп, нақты көмек ала алатын онлайн-консультациялық қолдау платформасын іске қосу жоспарланған.
Сонымен бірге бухгалтерлердің кәсіби ұйымдарымен өзара іс-қимылды күшейту ұсынылды. Мамандар тәжірибе алмасып, күрделі мәселелерді бірлесе талқылай алуы үшін корпоративтік құзыреттілік орталықтарын құру қажеттігі айтылды. Әр саланың ерекшелігін ескере отырып, нақты жағдайларды талдауға негізделген практикалық тренингтер енгізу де маңызды қадам ретінде көрсетілді.
Осы уақытта шағын және орта бизнесті қаржылай қолдау бағыты да кеңейіп отыр. Мемлекет басшысының бизнеске қолайлы жағдай жасау жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында «Бәйтерек» холдингі 2025 жылы рекордтық көлемде қаржыландыруды қамтамасыз етеді. Бұл туралы Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында холдинг төрағасы Рустам Қарағойшин мәлімдеді.
Оның айтуынша, 2025 жылдың соңына дейін шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталатын жалпы қаржы көлемі 613 млрд теңгеге жетеді. Бұл – ШОБ-ты қолдауда бұрын болмаған көрсеткіш. Холдинг бұл қаражатты Мемлекет басшысының нақты тапсырмаларын орындау үшін бағыттап отыр.
Шағын және орта бизнесті қолдаудың негізгі құралдарының бірі – «Өрлеу» бағдарламасы. Бүгінгі таңда бұл бағдарлама арқылы 1.8 мыңнан астам жоба қолдау тапқан. Бағдарламаның басты ерекшелігі – кәсіпкерлер үшін ең күрделі мәселенің бірі саналатын кепіл жетіспеушілігін жүйелі түрде шешуі.
Кепілдік беру құралдары арқылы кәсіпкерлер 80 млрд теңге көлемінде несиеге қол жеткізген. Бұл көптеген бизнес үшін шешуші қолдау болды. Себебі кепіл мәселесі шешілмесе, кәсіпкер қаржыға жете алмайды.
Рустам Қарағойшиннің айтуынша, 2025 жылдың соңына дейін қосымша 108 млрд теңгені игеру жоспарланған. Оның 48.8 млрд теңгесі – Қор қаражаты, ал қалған бөлігі – екінші деңгейлі банктердің қаражаты. Бұл шамамен 400 кәсіпкерге қосымша қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.
Жалпы 2025 жылы «Бәйтерек» холдингінің құралдары арқылы 25 мыңнан астам шағын, орта және кіші кәсіпорынға көмек көрсетіліп отыр. Нәтижесінде, жыл қорытындысы бойынша «Өрлеу» бағдарламасы шеңберіндегі жалпы қаржыландыру көлемі 613 млрд теңгеге жетеді. Ал қарыз алушылар саны шамамен 2 мыңнан асады.
Осылайша, Үкімет бір мезгілде екі бағытта жұмыс жүргізіп отыр. Бір жағынан кәсіпкерлерді жаңа салық талаптарына алдын ала үйретіп, түсіндіру күшейтілсе, екінші жағынан бизнесті нақты қаржылай ресурстармен қамтамасыз ету кеңейіп жатыр. Бұл тәсілдің басты мәні – кәсіпкерді жалғыз қалдырмай, әрі біліммен, әрі қаржымен қолдау.
Нәтижесінде шағын және орта бизнес үшін жаңа талаптар түсініксіз кедергі емес, реттелген әрі игеруге болатын жүйеге айналуы тиіс. Ал қаржылай қолдаудың ауқымы бизнестің тоқтап қалмай, тұрақты дамуына мүмкіндік береді.