Жаңалықтар

Үкімет экономикалық реформаларды жұмсақ енгізіп, халыққа қолайлы шешімдер қабылдауда

Қазақстанда Президент тапсырмасы бойынша Үкімет макроэкономикалық тұрақтылықты сақтау және экономикалық реформалардың теріс әсерін азайтуға бағытталған бірқатар шараларды жүзеге асыруда деп хабарлайды Ozgeris.info сайты.

 

Премьер-министрдің қатысуымен өткен кеңесте мемлекет басшысының азаматтардың мүддесі үшін экономикалық реформаларды ретке келтіру жөніндегі тапсырмалары қаралды. Жиын қорытындысы бойынша бірнеше маңызды шешімдер қабылданды:

 

Жанармай бағасына мораторий: 16 қазаннан бастап АИ-92 бензині мен дизель отыны бағасын тұрақтанғанға дейін көтеруге тыйым салынады. Энергетика министрлігі мен жергілікті әкімдіктер бағаны бақылауды күшейтеді, ішкі нарық ЖЖМ-мен үздіксіз қамтамасыз етіледі.

 

Коммуналдық қызметтер мен азық-түлік бағасын тұрақтандыру: Тұрғындар үшін коммуналдық қызмет тарифтері 2026 жылдың І тоқсанының соңына дейін өсірілмейді. Әлеуметтік жағынан осал топтар үшін тұрғын үй көмегі көрсетіледі. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қаржыландыру көлемі екі есеге көбейтіліп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының өсуіне жол берілмейді.

 

Шағын және орта бизнеске жеңілдік: Жаңа Салық кодексінің енгізілуі шағын және орта бизнеске теріс әсер етпейтіндей жеңілдетілген арнайы салық режимі қолданылады. 2026 жылдан бастап салықтық әкімшілендіру «таза беттен» жүргізіліп, тексерулер мен айыппұлдар жеңілдетіледі.

 

Тұрғын үйді қолдау: Ипотекалық несие көлемі екі есе ұлғайтылып, «Наурыз», «Наурыз-Жұмыскер» және «Әскери баспана» бағдарламалары арқылы тұрғын үйге қолжетімділік қамтамасыз етіледі. Құрылыс компаниялары бағаны үш жыл бойы тұрақты ұстайды.

 

Автокөлікті қолдау: Отандық автоөндірушілер мен екінші деңгейлі банктер халыққа жеңіл автокөлік сатып алу бағдарламаларын жалғастырады, жеке тұлғалар үшін автокөлікті лизинг арқылы алу тетігі енгізіледі.

 

Премьер-министр Олжас Бектеновтың айтуынша, қабылданған шаралар экономиканың ұзақмерзімді тұрақты өсуін қамтамасыз етуге және әрбір қазақстандықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған.Бұл шешімдер реформаларды халыққа қолайлы түрде енгізіп, экономикалық тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік береді.

 

 

 

Барлық жаңалық