Шоу-бизнес

"Төсектес болуды ұсынды": Құралай Анарбекова режиссерлердің былығын ашты (ВИДЕО)

"Төсектес болуды ұсынды": Құралай Анарбекова режиссерлердің былығын ашты (ВИДЕО)

Танымал актриса әрі продюсер Құралай Анарбекова журналист Дина Төлепбергенге берген сұхбатында шоу-бизнес саласындағы көпшілік біле бермейтін жайттарды айтты, деп хабарлайды ozgeris.info.

Өнер иесінің сөзінше, бұл салада мансап үшін түрлі ұсыныстарға тап болатын жағдайлар жиі кездеседі. Оның айтуынша, өзіне де сондай ұсыныс жасалған.

Актриса “Қорлан” образынан кейін өзін режиссерлер құрметтейді, басты рөлдерге кастингсіз-ақ шақырады деп ойлағанын жасырмады.

Алайда бір кастингке барған кезде күтпеген жағдайға тап болғанын айтады.

“Бір режиссер кешке бірге кездесіп, вино ішіп, көңіл көтеруді ұсынды. Мен оның отбасы бар екенін, жасы үлкен адам екенін білетінмін. Бұл сөздер менің намысыма тиді. Сондықтан мен ұсынысты шок ретінде қабылдадым. Батыстың қызы болған соң өте дөрекі жауап бердім”, – деді ол.

Құралай Анарбекова мұндай жағдайдан кейін көп ойланғанын айтады. Оның пікірінше, дәл осы оқиға өміріндегі маңызды шешімдердің біріне себеп болған.

“Сол кезде актрисаның ғұмыры қысқа ма деген ой келді. Сондықтан өзімді дамыту керектігін түсіндім. Режиссердің үстінен қарайтын адам – продюсер. Содан кейін қайдан білім алсам болады деп ойланып, Мәскеуге барып оқуға шешім қабылдадым”, – дейді продюсер.

Өнер иесінің айтуынша, Мәскеуде білім алып, Қазақстанға оралғаннан кейін де саладағы жағдай толық өзгермегенін байқаған. Дегенмен дәл сол ұсыныс оның продюсерлік жолды таңдауына түрткі болғанын жасырмады.

“Егер сол жағдай болмағанда, бәлкім, мен продюсер де болмас едім”, – деп түйіндеді ол.

Барлық жаңалық