Қоғам

Тоқаев Трамптың баж салығына қатысты хатына жауап берді

Қазақстан мен АҚШ арасындағы сауда қатынастарында жаңа кезең басталғандай. АҚШ президенті Дональд Трамптың Қазақстаннан импортталатын тауарларға баж салығын енгізу туралы хатына Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жауап қайтарды, деп жазады Ozgeris.info.

Мемлекет басшысы өз жауабында екі елдің арасындағы сенімді серіктестік пен конструктивті диалогты сақтауға ниетті екенін білдірді. Ақорданың хабарлауынша, Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трамптың Қазақстаннан импортталатын тауарларға баж салығын салу туралы хатына ресми жауап жолдаған. Президент өз хатында екіжақты сауда қатынасындағы мәселелерді ортақ мәміле арқылы шешуге болатынына сенім білдірген.

«Қазақстан мен Америка Құрама Штаттарының бұрыннан келе жатқан сенімді сауда әрі инвестициялық серіктес екенін ескере келе, бұл орайда әділ де түсінікті, өзара тиімді сауда байланыстарын дамытуға бейілміз»,  делінген Ақорда таратқан ақпаратта.

Мемлекет басшысы сауда мәселелері бойынша рационалды шешім әзірлеу мақсатында Қазақстанның конструктивті диалогты жалғастыруға дайын екенін атап өткен.

Трамптың талабына не түрткі болды? Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Қазақстаннан кіргізілетін тауарларға 25 пайыздық импорттық баж салығын енгізетінін мәлімдеп, бұл шешімнің 1 тамыздан бастап күшіне енетінін хабарлаған. Хатта Трамп Қазақстаннан Вашингтонның тарифтік шешіміне қарсы қандай да бір шара қолданбауын талап етіп, кері жағдайда қосымша қатаң шаралар қабылданатынын ескерткен.

Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігі АҚШ-тың жаңа тариф саясатына байланысты түсініктеме берді. Ведомствоның мәлімдеуінше, Трамп енгізгелі отырған баж салығы Қазақстан экспортының 95 пайызына әсер етпейді.

Министрлік өкілдері Қазақстанның АҚШ-қа негізінен мұнай, уран, күміс, ферроқорытпа, тантал мен титан секілді стратегиялық шикізаттарды экспорттайтынын атап өтті. Бұл тауарлар тізіміне баж салығы енгізілмеген.

 

Барлық жаңалық