Қоғам

Қазақстан АИИБ-тен 6 млрд долларға дейін қаржы тартуды көздеп отыр

Қазақстан АИИБ-тен 6 млрд долларға дейін қаржы тартуды көздеп отыр

Қазақстан Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкімен (АИИБ) ынтымақтастығын кеңейтпек. Алдағы бес жылда көлік, энергетика, денсаулық сақтау және жасыл қаржыландыру салаларына шамамен 6 млрд доллар көлемінде ұзақ мерзімді қаржы тарту жоспарланып отыр,деп хабарлайды Ozgeris.info

Бұл туралы Құрылтай отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді. Ол Қазақстан Үкіметі мен АИИБ арасындағы әріптестік туралы негіздемелік келісімді ратификациялау жөніндегі заң жобасын таныстырды.

Министрдің айтуынша, Қазақстан банк құрылған 2016 жылдан бері АИИБ-пен бірлесіп жұмыс істеп келеді. Осы уақыт аралығында энергетика, экономикалық және фискалдық тұрақтылық бағыттарында жалпы құны 1,8 млрд доллар болатын 7 жоба жүзеге асырылған.

Жаңа келісім АИИБ қаржыландыратын жобаларды іске асыру тәртібін оңтайландыруға және қаржыландыру мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған. Сонымен бірге бұл мемлекеттік шығындарды басым жобаларға қайта бөлу арқылы бюджетке түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.

Келісім күшіне енгеннен кейін Қазақстанда бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобаларды жаңғырту көзделіп отыр. Атап айтқанда, «Жезқазған–Қарағанды», «Ақтөбе–Қарабұтақ–Ұлғайсын», «Атырау–Доссор» және «Мойынты–Қызылжар» бағыттарындағы автомобиль және теміржол учаскелерін қайта жаңарту жоспарланған.

Серік Жұманғариннің сөзінше, ұзақ мерзімді перспективада АИИБ-пен бірлескен жобалар экономикалық белсенділікті арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға, жеке сектор мен шағын және орта бизнестің дамуына жағдай жасайды.

Ол келісімді ратификациялау қосымша бюджет шығынын талап етпейтінін және әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық тұрғыдан теріс салдарға әкелмейтінін атап өтті.

Барлық жаңалық