Қазақстанның сыртқы қарызы 8,4 трлн теңгені құрайды. Бұл туралы Құрылтайдың жалпы отырысында Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Министрдің сөзінше, сыртқы қарыз көлемінің жалпы ішкі өнімге шаққандағы үлесі 4,5 пайыз деңгейінде. Оның айтуынша, бұл көрсеткіш халықаралық өлшемдер бойынша төмен саналады.
Серік Жұманғарин қарыз көлемін бағалауда ел экономикасының өсімін де ескеру қажет екенін атап өтті. 1 шілдедегі мәлімет бойынша, мемлекеттік қарыздың ЖІӨ-ге арақатынасы шамамен 20 пайызға дейін төмендеген.
«Себебі біздің жалпы ішкі өніміміз өсіп жатыр», – деді министр.
Сонымен қатар ол Қазақстандағы мемлекеттік қарыздың белгіленген шектен аспайтынын айтты.
1 шілдедегі жағдай бойынша Үкіметтің қарызы ЖІӨ-нің 20 пайызына, ал мемлекеттік қарыз 20,9 пайызына тең. Қолданыстағы индикатор бойынша бұл көрсеткіш 32 пайыздан жоғары болмауы керек.
Министр барлық қарыз міндеттемелері мемлекет бақылауында екенін атап өтті.
«Сол себепті жағдай тұрақты. Біз мемлекеттік қарызы ең төмен елдердің қатарындамыз», – деді Серік Жұманғарин.