Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев демалыс күндері уақыт тауып, өзіне әр жылдары сыйға тартылған арғымақтардың күй-жайын көзбен көріп қайтты, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Бұл туралы президент өзінің Instagram желісіндегі ресми парақшасында жазып, жылқылармен түскен суреттері мен бейнежазбасын оқырман назарына ұсынды.
Мемлекет басшысы арнайы Президент Іс басқармасының атқорасына атбасын бұрып, ондағы жануарлардың бап-күтімімен танысқан. Ол өзіне сыйға берілген тұлпарларға оқтын-оқтын келіп, оларға өз қолымен жем беріп тұратынын жеткізді.
«Мамыр мерекесінде уақыт тауып, әр жылдары сыйға тартылған тұлпарлардың күтімін көріп қайттым. Бір жыл бұрын Ақалтеке тұқымынан туған қылаң боз тайды Ақжан деп атап едім. Шоқтығы биік, қаз мойын, қамыс құлақ, денесі сылыңғыр, көзі тау суындай тұп-тұнық, жүрісі паң, өте есті жануар екені бүкіл болмыс-бітімінен байқалып тұрады. Ақалтеке тұқымына жататын арғымақтарымыздың қатарына бірнеше ай бұрын қосылған құла түстес құлынға Ақниет деп ат қойдым. Аттың сынын жақсы білетін мамандар келешекте халықаралық жарыстарда топ жаратын тұлпар болады деп бағалап отыр. Президент Іс басқармасының атқорасында жақында Қатар елінен сыйға келген арабы арғымақтарымыз да бар. Арасында осында келіп, жылқыларға өз қолыммен жем беріп тұрамын. Қазақ халқы жылқы түлігін "Ер қанаты – ат" деп ерекше қадір тұтқан. Ел ішінде жылқының қасиетін дәріптеп, ат спортын дамытуға айрықша мән беруіміз керек», – деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев.