Шоулардың біріндегі әңгімесінен кейін желіде қатаң сынға ұшыраған қазақстандық рэпер De Lacure өзіне тағылған айыптауларға жауап беріп оқиғаның мән-жайын түсіндірді, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты.
Өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында арнайы жазба жариялап кез келген зорлық әрекетін үзілді-кесілді айыптайтынын жеткізді. Оның сөзінше бұл оқиға 16 немесе 17 жасында болған және достарының тарапынан ешқандай қылмыс жасалмаған. Рэпердің айтуынша олар белгісіз біреуден жәбір көрді деп ойлаған әйелге көмектесу үшін жақындаған.
«Біз өз ойымызша белгісіз бір адамның зорлық әрекетіне ұшырады деп санаған әйелге көмектесуге жақындадық. Шын мәнінде біз мұны нақты білмедік, сол сәтте бізге солай көрінді. Ол бізден көмек сұрамады. Кейін онымен досым оңаша қалды, олардың арасында бәрі өзара келісіммен болған», – деді ол.
Түсірілім кезінде комиктердің бәрі өзара келісіммен болды ма деген сұрағына ол нақты жауап бергенін ал дау желідегі бір адамның жалған пікірінен басталғанын алға тартты.
«Ол адам сол кездегі досым зорлық сипатындағы әрекет жасады деп жазған. Осыдан кейін барлық БАҚ мұны менің досым зорлық әрекет жасады дегендей тарата бастады. Сәйкесінше оқиғаның мәні бұрмаланды», – деді De Lacure.
Әнші оқиғаны айтып жатқан кезде оның ешқандай күлкілі еместігін түсінбегенін мойындап көпшіліктен кешірім сұрады.
«Баршадан кешірім сұраймын. Бұл жерде өзімді ақтап отырған жоқпын. БАҚ-тан болмаған оқиғаны ойдан шығармауды қатты сұраймын, өйткені бұл шын мәнінде жала жабу. Баршаңызға махаббат, жарық пен құрмет тілеймін және асығыс қорытынды жасамауларыңызды сұраймын», – деп жазды өнер иесі.
Бұған дейін желі қолданушылары рэперді досы зорлық жасап жатқанда қарап тұрды деп айыптап оған бойкот жариялаған болатын. Таралған ақпараттарға сәйкес достар көмек сұраған әйелге жақындаған кезде олардың бірі өзгелерден сыртқа шығуды өтінген. Осыдан кейін әйелге қатысты зорлық жасалды ал далада тұрған адамдар ешқандай шара қабылдамады деген сылтаумен Threads желісінде үлкен дау туған еді. Оқырмандар бұл жағдайды жай ғана ұятты оқиға емес нақты қылмыс деп бағалаған.