Елімізде мамыр айында ресейлік көліктер мен азық-түлік бағасы өсіп, Еуропаға ұшу құны артады, сондай-ақ өңірлерде электр жарығы мен банк қызметінің тарифтері өзгереді, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты «Digital Business» басылымына сілтеме жасап.
Экология министрлігінің бұйрығымен 8 мамырдан бастап Ресей мен Беларусьтен әкелінетін дайын көліктердің утиль алымы ондаған есе артады.
Мәселен Lada маркалы автокөлігі үшін төлем 38,8 есеге өсіп, 29 млн 410 мың теңгеге жетеді. Бұл сома көліктің көрші елдегі бастапқы құнынан алты есеге көп.
Нарықтағы азық-түліктің 30 пайызға жуығын көрші елден таситындықтан, 1 мамырдан бастап тауарлар бағасы 15 пайызға дейін көтерілмек.
Ресейде сүт өнімдерінің қоспасы бар тауарларға қосылған құн салығы 22 пайызға дейін өсуіне байланысты қоюлатылған сүт пен балмұздақ құны 10-15 пайызға артады.
Маусымдық сұраныс пен өндіріс шығындарына бола ет өнімдері 10 пайызға, ал қысқы қордың таусылуына байланысты көкөністер 3-5 пайызға қымбаттайды.
Логистика мен салықтың өсуі жұмыртқа, шұжық және қант бағасына да әсер етіп, Ұлттық экономика министрлігі мұны тікелей инфляция импорты деп бағалады.
Кәсіпкерлер үшін де шығын көбеймек. «Банк ЦентрКредит» шетел валютасындағы аударымдар тарифін 12 мамырдан бастап жаңартады.
Стандартты тариф бойынша комиссия аударым сомасының 0,25 пайызын құрап, 3 мыңнан 50 мың теңгеге дейінгі аралықты қамтиды.
Банктің өзге пакеттерінде бұл мөлшерлеме 0,08 бен 0,20 пайыз аралығында құбылып, төлем шектеулері де өзгеретін болады.
«Мамыр айының соңына қарай Еуропада авиакеросин тапшылығы туындайды», – деп ескертті Халықаралық энергетика агенттігінің басшысы Фатих Бироль.
Жанармай бағасының екі есеге өсуіне байланысты Еуропа ішіндегі рейстер орташа есеппен 30 еуроға, ал алыс қашықтықтағы ұшулар 100 еуроға қымбаттайды.
Бұл жағдай авиакомпанияларды шығынды рейстерді қысқартуға мәжбүрлеп отыр.
Өңірлердегі жарық та қымбаттайды. «Северо-Казахстанская РЭК» компаниясы 15 мамырдан бастап электр энергиясының шекті бағасын 38,89 теңгеге дейін көтеретінін мәлімдеді.
Қарапайым тұтынушылар үшін тариф 18 теңге болып қалғанымен, бюджеттік ұйымдар 70,57 теңге төлеуге мәжбүр болады. Тасымалдау шығындарының артуы бұл өсімнің негізгі себебі болды.
Ал Қостанай облысында «ЭПК-forfait» серіктестігі тарифті 47,33 теңгеге дейін көтеруді ұсынды. Дегенмен қарапайым халық үшін баға өзгермейді, ал кәсіпкерлер үшін нақты құн әкімдік тексерісінен кейін белгілі болады.