Қоғам

Әл-Фарабидегі жол апаты: мас жүргізуші мен әрекетсіз қалған полицейге қатысты жаңа дерек шықты

Әл-Фарабидегі жол апаты: мас жүргізуші мен әрекетсіз қалған полицейге қатысты жаңа дерек шықты

Алматыдағы әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жол апатына қатысты тергеу барысы өзгеріп, оқиға кезінде шара қолданбаған полиция қызметкеріне де қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Қалалық прокуратураның мәліметінше енді бұл іс жүргізушінің мас күйде жол ережесін бұзып, екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан қылмысы ретінде қайта сараланып жатыр. Бұған дейін күдіктіге жеңілдеу баппен айып тағылған болса, жаңа өзгеріске сай ол 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Қадағалау органы өкілдері іс бойынша барлық мән-жайды объективті зерттеу үшін қажетті тергеу әрекеттері мен тиісті сот сараптамалары өтіп жатқанын хабарлады.

Негізгі тергеумен қатар осы қайғылы жағдай кезінде ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметтік әрекетсіздігі үшін ішкі істер органының қызметкеріне қатысты екінші қылмыстық іс тергеліп жатыр. Прокуратура қызметтік тексеріс нәтижесінде уәкілетті бөлімшелер кінәлі лауазымды тұлғаларға тәртіптік шаралар қолданғанын мәлімдегенімен олардың нақты есімдерін әлі жариялаған жоқ.

Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов 30 сәуірде берген жауабында іс бойынша сараптамалардың барлығы дерлік алынғанын айтып, «Қылмыстық істі тергеу бойынша барлық дерлік сараптама алынды. Алдағы екі аптада тергеудің аяқталғаны туралы жариялауды жоспарлап отырмыз, өйткені қажетті тергеу амалдары аяқталып жатыр. Тергеу соңына жетіп қалды», – деді.

Еске салайық 21 наурызға қараған түні әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында «Mercedes» пен «Zeekr» көліктері соқтығысып ірі жол апаты болған еді. Салдарынан «Mercedes» тізгіндеген 29 жастағы жүргізуші мен 20 және 22 жастағы екі жолаушы қыз оқиға орнында көз жұмып, мас күйде болған «Zeekr» жүргізушісі түрлі жарақатпен ауруханаға түскен болатын.

Барлық жаңалық