Қоғам

Жамбыл шенеуніктерінің былығы: әрбір үшінші қателік мемлекеттік сатып алудан шыққан

Жамбыл шенеуніктерінің былығы: әрбір үшінші қателік мемлекеттік сатып алудан шыққан

Жамбыл облысындағы мемлекеттік органдар жұмысында 900-ден астам заң бұзушылық анықталып, оның басым бөлігі мемлекеттік сатып алу саласына тиесілі болып шықты, деп хабарлайды Ozgeris.info.

Аймақтық тексеру комиссиясының мәліметіне сүйенсек, өңір мамандары тапқан 902 қатенің 335-і тікелей тендер мен мемлекеттік сатып алу ісіне қатысты. Бұдан бөлек басқа да заң талаптарын бұзған 203 жағдай кездессе, құрылыс саласында 143 олқылық тіркелген. Сондай-ақ есеп-қисап жүргізу кезінде 122, бюджет ақшасын жаратуда 94 және қаржылық есеп беруде 5 қателік жіберілгені белгілі болды.

Осындай заң бұзғаны үшін 171 қызметкер жазаланып, ішкі аудит департаменті қараған 391 іс бойынша жалпы сомасы 47,8 млн теңге айыппұл салынды. Бұған қоса құрылыс бақылау басқармасына жіберілген 27 іс бойынша 6,1 млн теңге, ал комиссия тапсырмасын орындамаған 8 іс үшін сот арқылы тағы 1 млн теңге айыппұл өндірілген. Тексерушілердің жұмысына кедергі келтіріп, құжат бермей қойған және қазынаға ақшаны уақытылы құймаған шенеуніктерге қатысты 10 хаттама толтырылып, 2,9 млн теңге көлемінде жаза кесілді.

Ақшалай айыппұлдан бөлек, тексеріске іліккен мекемелердің 116 қызметкері тәртіптік жаза арқалады. Олардың ішінде ескерту алған 71 маман мен сөгіс естіген 42 қызметкер бар болса, тағы 2 адамға қатаң сөгіс беріліп, 1 қызметкердің қызметі төмендетілді.

Барлық жаңалық