Қоғам

Қазақстан шетелдіктерге «Алтын виза» береді

Қазақстан шетелдіктерге «Алтын виза» береді

Қазақстан үкіметі шетелдік инвесторлар мен білікті мамандарды тарту үшін көші-қон саясатын өзгертіп, оларға елде кедергісіз жұмыс істеуге жаңа мүмкіндіктер жасайды, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты.

Премьер-министрдің орынбасары, Ақпарат және мәдениет министрі Аида Балаева президент жарлығының қалай жүзеге асатынын түсіндірді.

Оның сөзінше, үкімет бұл тапсырманы көші-қон саясатын жаңартуға бағытталған жүйелі міндет деп санайды. Басты мақсат – ел экономикасына қажетті мамандар үшін ашық әрі қолайлы жүйе құру.

«Қарапайым тілмен айтқанда, біз шектеуі көп күрделі жүйеден ашық әрі икемді модельге көшеміз. Негізгі мақсат – отандық экономикаға қажетті мамандар үшін мөлдір, болжамды және қолайлы көші-қон жүйесін құру, олардың еркін кіріп-шығуына, кәсіби тұрғыда тиімді жұмыс істеуіне және Қазақстан өміріне толыққанды бейімделуіне мүмкіндік беру», – деді Аида Балаева.

Үкімет бұл салада бірнеше жаңа тәсілді қолданбақ. Бірінші кезекте мемлекеттік қызметтер барынша қарапайым әрі қолжетімді болады. Барлық рәсімдер бір терезе қағидаты арқылы жүргізіліп, жүйе толық цифрландырылады. Бұл шетелдіктерге рұқсат құжаттарын әртүрлі мекемелерге бармай-ақ бір жерден рәсімдеуге мүмкіндік береді. Екінші жағынан әкімшілік кедергілер азайып, өтініштерді қарау мерзімі қысқарады.

Үшінші маңызды бағыт ретінде адами капиталды тарту қарастырылған. Бұл ретте шетелдік инвесторлар мен жоғары білікті мамандарға арналған «Алтын виза» құралы іске қосылады. Өндіріс немесе инфрақұрылым саласына қаржы құйған кәсіпкерлер мен сұранысқа ие инженерия, IT немесе медицина қызметкерлері елде жеңілдетілген шарттармен жұмыс істей алады. Төртінші тәсіл еңбек нарығын икемді етуді көздейді. Бұл кадр тапшылығы бар жоғары технологиялық салалар үшін өте маңызды, себебі шетелдіктердің кәсіби біліктілігін тану рәсімі барынша жеңілдейді.

«Бұл ретте барлық реформалар институционалдық тұрақтылық пен цифрлық бақылауды күшейту аясында жүзеге асатыны өте маңызды. Яғни мемлекет реттеу деңгейін төмендетпейді, оны барынша нақты, атаулы және технологиялық етеді. Стратегиялық тұрғыдан бұл жарлық Қазақстанның инвестиция, технология және адами капитал үшін жаһандық бәсекедегі ұстанымын күшейтуге бағытталған. Бұл білім экономикасын қалыптастыру және өсім сапасын арттыру сияқты ауқымды міндеттің бір бөлігі. Осылайша көші-қон саясаты әкімшілік қызметтен экономикалық даму құралына және ұзақ мерзімді мемлекеттік стратегияға айналады», – деп мәлімдеді министр.

Жалпы Қазақстанда инвесторлар мен кәсіпкерлер үшін елге кіру, виза алу және басқа да рұқсат құжаттарын рәсімдеу тәртібі жеңілдетілген. Енді олар арнайы визалық режимдерді және жобаларды сүйемелдеу механизмдерін пайдалана алады. Сұранысқа ие мамандығы бар және мемлекеттік органдардың ұсынысымен келген шетелдіктерге де осындай қолайлы жағдайлар жасалып отыр. 

Барлық жаңалық