Желіде марқұм әнші Мәдина Ералиеваның жеке күнделігінен алынған естеліктер жарияланып, онда өнер иесінің көңіл түкпіріндегі мұң-шері мен отбасылық құпиялары баяндалды, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты Kznews.kz-ке сілтеме жасап.
Әсет Ақмолда өзінің жеке парақшасында қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Мәдина Ералиеваның бұрын-соңды еш жерде айтылмаған жан сыры жазылған естелік-жазбасымен бөлісті. Бұл туралы жазбада әнші жалғыз ұлы Арсеннің әкесі белгілі режиссер Болат Атабаев екенін еске алып, екі қалада өмір сүру отбасының бұзылуына әкеп соққанын жеткізеді.
«Жалғыз ұлымның әкесі – белгілі театр режиссері Болат Атабаев. Ол да өзім сияқты өнер адамы ғой. «Кебенек киген арулар», «Естайдың Қорланы», тағы басқа сахналық қойылымдар Болатқа үлкен табыс әкелді. Ол ең алдымен неміс тілі мамандығын оқыған. Сосын Т.Жүргенов атындағы театр және өнер институтын бітіріп, Қарағандыдағы жалғыз неміс театрына қызметке кетті. Ол жақтан пәтер алғанға дейін мен Алматыда қалғанмын. Осы бір екі жақта өмір сүрген қиын күндер арамызға біраз салқындық түсірді. Ақыры бөлініп тындық қой. Ұлының атын Арсен деп қойған да өзі еді», – деп жазған өнер иесі.
Сонымен қатар ол гастрольдік сапарларда көп жүргендіктен, бала тәрбиесімен сіңлісі Сағира айналысып, үнемі демеу болғанын жасырмаған.
«Ылғи маған демеу болып келген Сағира деген сіңлім бар. Ол өз қолымда тәрбиеленіп, көркемсурет училищесін бітірді. Тұрмыста, бала-шағасы бар. Сол сіңлім баламды көп жетеледі. Өздерің білетіндей, ұлыма қарауға онша уақытым болған жоқ. Көбінесе, концерттік сапарда жүрдім. Сол кезде көп уайымдаушы едім «менің баламды бағам деп сіңлім жалғыз қалса, обалына қаламын-ау» деп. Құдайға шүкір, қазір отбасылы», – делінген күнделікте.
Сондай-ақ әнші баласының жат жұртта емес, өз елінде білім алғанын құп көріп, ел арасында желдей ескен алыпқашпа сөздерге де нүкте қойған.
«Баяғы кішкентай Арсенім бүгінде Қазақ университетінің студенті болды. Баласын шетелге оқытуды мақтан тұтатындар көп, менің де сондай мүмкіндігім болды. Бірақ, қорықтым. Біріншіден, ол жақтың тұрмыс-тіршілігі, дүниетанымы басқа. Балам жатбауыр болып кетуі мүмкін. Екіншіден, біздің өзімізде де мықты білім алып шығуға болады. Оның үстіне, ұлым грантпен оқуға түсті. Қаражат тапшылығынан емес, ұлыма қатаң талап қойғандықтан. Ақшаға сенбей, өз біліміне сеніп оқысын дедім. Арсен өзім сияқты автокөлік айдайды. Мендегі «Джип», оның өз «Максимасы» бар. Түсі аппақ, менікіндей емес. Өзім де соған қызығамын, кейде. Бір кездері ел ішінде «Мұстафа Өзтүрік Мәдинаға «Мерседес» автокөлігін сыйлапты» деген сөз тарады. Бос сөз! Жалпы өнер адамының соңынан өтірік-шын аралас аңыз әңгімелер көп ереді ғой. Біздің оған етіміз үйренген. Мұстафа Өзтүрік менімен жақсы сыйласты, өнеріме тәнті болды. Бірақ ешқашан ірі сыйлық жасаған емес», – деп жазды марқұм.
Фәни жалғанның соңғы сәттерінде эстрада жұлдызы өзін алтын торға қамалған құстай сезініп, ішкі жан дүниесіндегі аласапыран күйзелісті жасырып қала алмаған.
«Соңғы кезде балам екеуімізді ауру-сырқау айналдырып кетті. Сырт көздің сұғы жаман деуші еді. Өзімді қойшы, ұлымның денсаулығына қатты алаңдаймын! Арыстанбаб әулиеге қатарынан үш рет зиярат етіп қайттым. Баланың үстін қаптаған көз жара. Кейде қатты шаршаймын, тіпті жай адамдар түгілі, туған-туыс, жора-жолдастан да басымды алып қашам. «Депрессия» деуші ме еді, сол қазір менің басымда бар. Мен өзімді алтын торға қамалған құстай сезінетін сәттерім де бар. Сондай сәтте машинаға отырып алып тауға, табиғат аясына кетемін. Тау ішін күңірентіп ән саламын айқайлап. Аласұрған көңілім өз арнасына қайта түскендей болады. Сосын бойымдағы артық энергияны сыртқа шығарып тастап, жеңілдеп қайтамын үйге», – деп баяндалған жазбада.
Еске сала кетейік, әнші 2000 жылдың 27 қарашасында жол апатынан қайтыс болды.