Көктем – жаңа жылдың бастауы ғана емес, жаңа әдет бастауға мүмкіндік беретін кезең. Көпшілік үшін бұл мезшіл – той, қонақ, шығын. Ал сарапшылар дәл осы сәтті қаржыға деген көзқарасты өзгертуге болатын уақыт деп санайды. Digital Business жүргізген тәжірибелік есеп осыны нақты көрсетеді. Егер адам жыл сайын бір ай ғана 600 мың теңге инвестициялап отырса, ұзақ мерзімде бұл қаражат ондаған миллионға дейін өседі, деп қызықтырады Ozgeris.info Digital Business-ке сілтеме жасап.
Бұл тәжірибені түсіндіру үшін инвестор Тұрар Әбди екі түрлі сценарийді қарастырады. Бірінші нұсқада – әр жыл сайын Наурызда бір рет 600 мың теңге инвестиция салынады. Екінші нұсқада – сол 600 мың теңге бірден емес, ай сайын 50 мың теңгеден бөлініп салынады. Осы екі тәсілдің нәтижесі 1 жыл, 5 жыл, 10 жыл және 20 жыл аралығында салыстырылып есептелген.
Есеп шынайы өмірге жақын болуы үшін қарапайым әрі түсінікті инвестициялық портфель құрылған. Оның негізі – әртүрлі активке бөліп салу, яғни, диверсификация қағидасы. Портфель төрт құралдан тұрады: акциялар және ETF қорлары. Акция – бұл компаниядағы үлес, ал ETF – бірден бірнеше компанияға инвестиция жасауға мүмкіндік беретін құрал. Мысалы, S&P 500 индексіне арналған ETF – АҚШ-тың 500 ірі компаниясын қамтиды. Ал Nasdaq-100 – технологиялық сектордағы жетекші компанияларға бағытталған.
Портфельге мына құралдар енгізілген: S&P 500 индексіне арналған ETF (SPY), Nasdaq-100 индексі (QQQ), сондай-ақ Қазақстандағы ірі әрі өтімді компаниялар – Halyk Bank пен Банк ЦентрКредит акциялары. Қаражат мынадай үлеспен бөлінеді: 40% – SPY, 20% – QQQ, 25% – Halyk Bank, 15% – БЦК. Сарапшы бұл тәсілдің мәнін кеңірек түсіндіреді:
«Портфельдің 60%-ын долларлық активтерде ұстау – бұл кездейсоқ шешім емес. Бұл теңгенің құнсыздану тәуекелінен қорғану тәсілі. Ал қалған 40%-ын қазақстандық акцияларға салу – жоғары дивиденд пен жергілікті нарықтағы өсім мүмкіндігін пайдалану. Яғни, сіз бір мезетте екі бағытта жұмыс істейсіз: бір жағынан тұрақты, ірі әлемдік экономикаға инвестиция жасайсыз, екінші жағынан жергілікті нарықтағы өсімді ұстайсыз. Бұл – ұзақ мерзімді стратегияның негізі», дейді Турар Әбди.

Енді нақты нәтижеге келсек. Егер 2025 жылы наурызда 600 мың теңге бірден инвестицияланған болса, бір жыл ішінде бұл сома шамамен 777 мың теңгеге дейін өсер еді (+29,5%). Бұл өсім әр активтің динамикасымен түсіндіріледі: S&P 500 долларға шаққанда +17,96% өсіп, теңгемен +14,4% болған. Nasdaq-100 +24,36% өсіп, теңгемен +20,6% көрсетті. Halyk Bank акциялары 270 теңгеден 376 теңгеге дейін (+39,88%), ал БЦК 2800 теңгеден 4660 теңгеге дейін (+64,29%) өскен.
Ал екінші сценарийде, яғни ай сайын 50 мың теңгеден салынса, бір жылдағы нәтиже шамамен 688 мың теңге болады. Яғни, ірі соманы бірден салу қысқа мерзімде тиімдірек. Дегенмен сарапшы қысқа мерзімге қарап қорытынды жасауға болмайтынын ескертеді:
«Инвестиция әрдайым бір жылда өседі деп ойлау – қате. Нарықта құлдырау да болады. Мысалы, Kaspi акциясы 2025 жылы 49 500 теңге болса, 2026 жылы 36 315 теңгеге дейін түсті, яғни -26,7%. Бұл – қысқа мерзімде тәуекел бар екенін көрсетеді. Бірақ ұзақ мерзімде мұндай активтер өзін ақтайды. Сондықтан инвестицияны тек ұзақ горизонтта қарау керек», дейді ол.
5 жылдық кезеңде нәтиже айқын көрінеді. Егер 2021 жылдан бастап әр Наурыз сайын 600 мың теңге салынса, жалпы 3 миллион теңге инвестицияланып, оның көлемі шамамен 5 610 000 теңгеге дейін өседі (+87%). Ал ай сайын салынса – шамамен 5 млн теңге болады. 10 жылдық кезеңде айырмашылық одан да айқын. 6 миллион теңге шамамен 21 млн теңгеге дейін өседі (+255%). Бұл кезеңде S&P 500 +158%, Nasdaq-100 +242%, Halyk Bank +200%, ал БЦК акциялары +620% өсім көрсеткен.

Ал ең әсерлі нәтиже – 20 жылдық кезең. Егер 2006 жылдан бастап жыл сайын 600 мың теңге салынса, жалпы 12 миллион теңге жиналып, инвестиция есебінен бұл сома шамамен 70 млн теңгеге дейін жетеді. Ал ай сайынғы нұсқада – шамамен 58 200 000 теңге болады. Яғни уақыт – инвестициядағы ең басты фактор. Бұл жерде тағы бір маңызды табыс көзі – дивиденд. Мысалы, Halyk Bank жылына шамамен 12–13% дивиденд төлейді. Ал акцияның өсуін қосқанда, соңғы 20 жылда орташа табыстылық 27–28% шамасында болған. Сарапшы инвестицияның басты қағидасын ерекше атап өтеді:
«Ең маңыздысы – ақшаны алып шықпау. Түскен дивидендті қайта инвестициялау керек. Яғни, жаңа акциялар сатып аласыз. Келесі жылы олар тағы табыс әкеледі. Осылайша капитал “қар сияқты домалап” өседі. Сонымен қатар валюталық фактор бар: 20 жыл бұрын доллар 130 теңге болса, бүгін 482 теңге. Қысқа мерзімде теңге күшеюі мүмкін, бірақ ұзақ мерзімде сіз екі жақтан табыс табасыз – нарық өсімінен және валюта айырмасынан», дейді Тұрар Әбди.
Сонымен бірге сарапшы инвестицияны тек үлкен ақшамен бастау керек деген түсінікті жоққа шығарады. Оның айтуынша, 50 мың теңге – көптеген адам үшін қолжетімді сома. Ең бастысы – жүйелілік.

Алайда мұнда да бір нюанс бар. Мысалы, S&P 500 ETF-інің бір акциясы шамамен 320 мың теңге тұрады. Әркім оны бірден сатып ала алмайды. Мұндай жағдайда сарапшы бөлшек акцияларды пайдалануға кеңес береді. Яғни инвестор акцияның толық емес, өзіне қолжетімді бөлігін ғана сатып алады. Қазіргі таңда мұндай мүмкіндік Tabys Pro by Teniz Capital платформасында бар – онда 1 доллардан бастап инвестиция жасауға болады.
Бұл тәжірибенің түйіні қарапайым: ақша тек табыстың көлеміне емес, әдетке байланысты өседі. Егер адам жыл сайын тойға жұмсайтын қаржының бір бөлігін инвестицияға бағыттаса, уақыт өте ол қаражат мүлде басқа деңгейге жетеді.
Халықаралық тәжірибе де осыны дәлелдейді. Мысалы, Дүниежүзілік банк зерттеулерінде тұрақты түрде аз мөлшермен инвестиция жасау – капитал жинаудың ең тиімді жолдарының бірі ретінде қарастырылады. Ал Халықаралық валюта қоры ұзақ мерзімді инвестиция инфляциядан қорғанудың және нақты табысты арттырудың негізгі құралы екенін атап өтеді.
Демек, таңдау әркімнің өз қолында: қысқа мерзімді шығын ба, әлде ұзақ мерзімді капитал ма. Наурыз – тек жаңа жыл емес, жаңа қаржылық шешім қабылдайтын сәт.