🤖 Digital

Жасанды интеллект мектепке кірді: оқушы мен мұғалімді не күтіп тұр?

Жасанды интеллект мектепке кірді: оқушы мен мұғалімді не күтіп тұр?

 

Қазақстанда мектеп білімін цифрлық кезеңге бейімдеуге бағытталған ауқымды реформа басталмақ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев орта білім беру жүйесіне жасанды интеллект технологияларын енгізу туралы жарлыққа қол қойды. Құжат 2026-2029 жылдарға арналған нақты жоспарды, жауапты министрліктерді және реформаның негізгі бағыттарын айқындайды, деп жазады Ozgeris.info.

Жарлыққа сәйкес, жобаны Оқу-ағарту министрлігі мен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі бірлесіп жүзеге асырады. Құжатта мектеп инфрақұрылымынан бастап, білімді бағалау жүйесіне дейінгі бірнеше бағыт қамтылған. Мемлекет жасанды интеллектіні мұғалімді алмастыратын құрал ретінде емес, педагогтің жұмысын жеңілдетіп, білім сапасын арттыратын көмекші технология ретінде қарастырып отыр.

Құжаттағы негізгі бағыттардың бірі – білімді жекелендіру. Яғни, енді оқыту жүйесі бүкіл сыныпқа ортақ бір қарқынмен емес, әр оқушының білімді қабылдау деңгейіне қарай бейімделуі тиіс. Жасанды интеллект оқушының материалды қаншалықты меңгеріп жатқанын, қай тақырыпта қиналатынын және қандай бағытқа бейімі барын талдап отырады.

01.AI компаниясының негізін қалаушы әрі бағдарламаны іске асыруға қатысушылардың бірі Кай Фу Лидің айтуынша, жасанды интеллект әр балаға жеке цифрлық тәлімгер қалыптастыруға мүмкіндік береді.

«Жасанды интеллект әр оқушының қалай білім алатынын, қай жерде қиналатынын және қандай мақсатқа ұмтылатынын түсіне алады. Болашақта әр баланың өзіне бейімделген жеке цифрлық көмекшісі болады. Ол оқушының әлсіз тұсын анықтап, соған қарай материал ұсынады. Бұл бұрын тек жеке репетитор арқылы мүмкін болатын модель еді. Енді технология соны жаппай деңгейде іске асыруға мүмкіндік береді», дейді Кай Фу Ли.

Picture backgroundРеформа аясында оқу материалының берілу форматы да өзгереді. Қазір мектеп бағдарламасы көбіне сыныптың орташа деңгейіне бейімделіп жасалады. Ал жаңа жүйеде контент нақты оқушының қарқынына қарай икемделеді. Бір бала материалды жылдам меңгерсе, оған күрделірек тапсырма ұсынылады. Ал қиналатын оқушыға қосымша түсіндіру механизмі іске қосылады.

Сонымен қатар білімді бағалау жүйесі де өзгермек. Жарлықта жасанды интеллект арқылы бағалау жүргізудің бірыңғай стандарттарын әзірлеу қарастырылған. Құжатта академиялық адалдық мәселесіне де ерекше назар аударылған. Өйткені жасанды интеллект кең тараған сайын оқушылардың дайын мәтін, автоматты жауап немесе алгоритм көмегін орынсыз пайдалану қаупі де артады. Сондықтан жаңа жүйеде технологияны адал қолдану ережелері қатар әзірленеді.

Жасанды интеллект реформасы мұғалімдер жұмысына да үлкен өзгеріс әкелмек. Құжатта технология педагогке қосымша есеп немесе артық міндет жүктемеуі керек екені нақты көрсетілген. Керісінше, мұғалімнің қағазбастылығын азайтып, оның негізгі міндетіне – оқушымен жұмыс істеуге көбірек уақыт қалдыру көзделіп отыр. Осыған байланысты мұғалімдер үшін ауқымды біліктілік арттыру бағдарламалары іске қосылады. Педагогтер жаңа цифрлық құралдарды қолдануды ғана емес, оларды оқу процесіне дұрыс енгізуді де үйренуге тиіс.

Кай Фу Ли мұғалім мен жасанды интеллектінің болашақтағы байланысын былай сипаттайды:

«Идеал модельде жасанды интеллект мұғалімнің жанында тәулік бойы жұмыс істейтін шаршамайтын көмекшіге айналады. Ол тексеру, талдау, материал дайындау секілді техникалық міндеттерді атқарады. Ал мұғалім технология алмастыра алмайтын нәрсеге – тірі қарым-қатынасқа, тәрбиелеуге, мотивация беруге және тұлға қалыптастыруға көбірек көңіл бөледі», дейді ол.

Жарлықтағы ең маңызды әлеуметтік бағыттардың бірі – ауыл мектептерін қолдау. Қазақстанда 2600-ден астам шағын жинақты мектеп бар. Көп жағдайда дәл осы ауыл мектептері сапалы білім, интернет және заманауи технологияға қолжетімділік жағынан артта қалып келеді. Реформаның алғашқы кезеңінде пилоттық жоба 500 шағын жинақты мектепті қамтиды. Бұл мектептер жоғары жылдамдықтағы интернетпен, заманауи техникамен және сапалы цифрлық білім контентімен қамтамасыз етіледі.

Мамандардың айтуынша, бұл тек техникалық жаңарту емес. Негізгі мақсат – ауыл мен қала мектебі арасындағы білім алшақтығын азайту. Егер пилоттық кезең сәтті өтсе, жоба барлық шағын жинақты мектепке кезең-кезеңімен енгізіледі.

Picture background

Жарлық білім саласындағы EdTech платформаларына да жаңа талаптар қояды. Енді мектептерде қолданылатын барлық жасанды интеллект жүйесі бірыңғай стандартқа сай болуы керек. Бұл білім контентін жасауға, бағалау жүйесіне және академиялық адалдықты тексеруге қатысты.

Сонымен қатар оқушылардың жеке деректерін қорғау мәселесі де күшейтіледі. Өйткені мектеп оқушылары заң бойынша ерекше қорғалатын пайдаланушылар санатына кіреді. Сондықтан барлық цифрлық жүйе ақпараттық қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес болуға тиіс.

Құжатта тағы бір маңызды мәселе нақты көрсетілген: жасанды интеллект мектеп бағдарламасынан тыс жұмыс істемеуі керек. Барлық цифрлық контент мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына сай болуы шарт.

Сарапшылардың пікірінше, Кай Фу Лидің жобаға қатысуы Қазақстанның бұл реформаны жай ғана шетелдік тәжірибені көшіру емес, өзіндік модель ретінде дамытуға ниетті екенін көрсетеді. Кай Фу Ли – Google China компаниясының бұрынғы президенті, Sinovation Ventures венчурлік қорының негізін қалаушы және әлемдегі ықпалды жасанды интеллект сарапшыларының бірі. Оның пікірінше, Қазақстандағы бұл модель алдағы жылдары халықаралық деңгейде зерттелетін жобаға айналуы мүмкін.

Реформаны жүзеге асыру бірнеше мемлекеттік органға жүктелгенімен, негізгі үйлестіруші рөл Оқу-ағарту министрлігіне беріледі. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдар да іске тартылады. Себебі ауыл мектептеріндегі пилоттық жобаның нәтижесі көбіне өңірлік инфрақұрылым сапасына байланысты болады.

 

Барлық жаңалық