Жасанды интеллект енді тек чат-бот немесе сурет салатын құрал емес, кино индустриясын өзгертетін технологияға айналып келеді. Кейінгі уақытта Қазақстанда AI арқылы фильм түсіру бағыты қарқын алып, отандық жобалар халықаралық деңгейде көріне бастады. Канн кинофестивалінде толықтай жасанды интеллект көмегімен жасалған қазақ фильмі көрсетілсе, Астанада AI-фильмдерге арналған халықаралық байқау іске қосылды. Ал қазақтың классикалық «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» эпосы ЖИ-сериал форматында қайта жаңғырды, деп жазады Ozgeris.info.
Күзде анықталады
Астана жасанды интеллект индустриясының жаңа алаңына айналуға тағы бір қадам жасады. Елордада Astana AI Film Festival халықаралық AI-фильмдер байқауына өтінім қабылдау басталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестиваль әлемнің түкпір-түкпіріндегі креаторларды, режиссерлерді, цифрлық суретшілерді және жасанды интеллектімен жұмыс істейтін авторларды бір алаңға жинамақ. Байқаудың жалпы жүлде қоры – 1 миллион доллар.
Фестиваль 2026 жылғы 28 қыркүйек пен 1 қазан аралығында Astana AI Week – жасанды интеллект апталығы аясында өтеді. Ұйымдастырушылар жобаны жай ғана кино байқауы емес, AI мен креатив индустриясының тоғысқан халықаралық платформасы ретінде сипаттап отыр. Фестиваль ұйымдастырушысы Алмас Жәлидің айтуынша, байқау бағдарламасы екі негізгі секциядан тұрады.
«Байқау бағдарламасы екі бағытқа бөлінеді. Біріншісі – «The future worth living in», яғни, «Өмір сүруге тұрарлық болашақ» тақырыбына арналған негізгі секция. Мұнда авторлар болашақ қоғамды, технология мен адам арасындағы байланысты, жасанды интеллектінің өмірге әсерін шығармашылық тұрғыдан көрсетуі керек. Ал екінші секция – ашық форматтағы шығармашылық номинациялар. Онда үздік режиссура, визуалды тіл, оқиға, концепция және кейіпкер бағыты бойынша жұмыстар бағаланады», дейді ол.
Байқаудың басты ерекшелігі – фильмдердің толықтай жасанды интеллект технологиялары арқылы жасалуы. AI бұл жерде жай көмекші құрал емес, туындыны жасаудың негізгі тетігі ретінде қолданылуы тиіс.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, қазіргі таңда әлемде AI-cinema бағыты қарқынды дамып келеді. Бұрын үлкен студиялар мен қымбат техникасыз фильм түсіру қиын саналса, енді жасанды интеллект шығармашылық индустрияның ережесін өзгертіп жатыр. Бір ғана автор сценарий жазып, визуал жасап, дыбысты өңдеп, толыққанды қысқаметражды фильм әзірлей алады.
Фестивальге жас ерекшелігіне немесе кәсіби тәжірибесіне қарамастан кез келген адам қатыса алады. Қатысу тегін. Байқауға қатысушылар ұзақтығы 10 минуттан аспайтын қысқаметражды AI-фильм дайындап, оны жобаның сипаттамасымен бірге арнайы aaiff.ai платформасына жүктеуі қажет. Жоба авторларының бірі Айзатулла Хуссейн өтінім беру процесі толық цифрландырылғанын айтады.
«Өтінім фестивальдің ресми сайты арқылы қабылданады. Жұмысты екі жолмен жіберуге болады: YouTube платформасына жүктеп, сілтемесін көрсету немесе Google Drive сервисіне жүктеп, сілтемесін жолдау. Барлық өтінімдер ұйымдастырушылардың бірыңғай базасында тіркеледі және жүргізіледі. Сондықтан авторларға өтінім мәртебесін бақылауда ұстаудың қажеті жоқ», дейді ол.
Оның айтуынша, YouTube платформасына жүктелген видеолардың сипаттамасында міндетті түрде «Special for Astana AI Film Festival» тіркесі, автордың аты-жөні және #SpecialForAAIFF хэштегі көрсетілуі керек.
Фестивальдің іріктеу кезеңі бірнеше сатыдан тұрады. Алдымен ұйымдастырушылар мен халықаралық сарапшылар барлық өтінімді қарап шығады. Соның нәтижесінде негізгі секциядан 10, ал ашық секциядан 15 жұмыс финалға өтеді. Финалистерді халықаралық қазылар алқасы бағалайды. Оның құрамына киноиндустрия, жасанды интеллект қауымдастығы және creative tech бағытындағы халықаралық мамандар енеді.
Өтінім қабылдау 2026 жылғы 15 тамызға дейін жалғасады. Финалистер қыркүйек айында жарияланады. Ал фильм көрсетілімдері мен жеңімпаздарды марапаттау рәсімі Astana AI Week аясында Астанада өтеді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Astana AI Film Festival Қазақстанды Орталық Азиядағы AI-креатив хабтарының біріне айналдыруды мақсат етеді. Сонымен қатар жоба әлемдік AI-community назарын Астанаға аударуға мүмкіндік бермек.
Қазақ фильмі Каннға жол тартқан-тұғын
Осыған дейін Канн кинофестивалінде толықтай жасанды интеллект көмегімен жасалған алғашқы отандық көркем фильмнің жабық көрсетілімі өткен еді. Hell Grind атты 95 минуттық туындыны қазақстандық команда Higgsfield платформасының көмегімен әзірлеген. Жоба авторларының бірі – кәсіпкер Ерзат Дулат болса, фильмнің режиссері әрі сценарий авторы – бұған дейін «Ауру» хоррор фильмі арқылы танылған Айтөре Жолдасқали.
Hell Grind жобасының ерекшелігі – фильм өндірісінің жылдамдығы мен техникалық тәсілінде. Команда туындыны үш аптаға жетпейтін уақыт ішінде әзірлеген. Дәстүрлі кино өндірісінде мұндай көлемдегі жобаны дайындау үшін айлар, кейде жылдар қажет болуы мүмкін.
Жоба авторларының мәліметінше, фильмнің алғашқы 25 минуты үшін ғана 253 көрініс дайындалған. Ал осы көріністерді жасау барысында 16 181 генерация қолданылған. Жасанды интеллект әр кадрды, атмосфераны, визуалды стильді және қозғалысты бірнеше мәрте өңдеп, түрлі нұсқа ұсынған. Қазіргі AI-cinema индустриясында негізгі ресурс камера немесе декорация емес, есептеу қуаты болып барады. Бұл фильмде де шығынның басым бөлігі дәл осы бағытқа жұмсалған.

Hell Grind фильмінің жалпы бюджеті 500 мың доллардан аспайды. Соның ішінде 400 мың доллары есептеу қуаттарына кеткен. Яғни қаражаттың негізгі бөлігі жасанды интеллект модельдерін іске қосуға, визуал генерациялауға және серверлік инфрақұрылымға жұмсалған.
Сарапшылар мұны Голливуд стандарттарымен салыстырғанда өте төмен бюджет деп бағалап отыр. Өйткені қазіргі ірі халықаралық фильмдердің бюджеті ондаған, кейде жүздеген миллион долларға жетеді. Ал AI технологиялары өндіріс шығынын бірнеше есе қысқартуға мүмкіндік беріп жатыр. Кинотанушылардың пікірінше, жасанды интеллект кино индустриясының жұмыс істеу тәсілін түбегейлі өзгертуі мүмкін. Бұрын үлкен студия, қымбат техника, жүздеген маман мен ұзақ өндірістік кезең қажет болған салаларға енді шағын командалар да кіре бастады. Бірнеше адамнан тұратын шығармашылық топ толыққанды визуалды фильм әзірлей алатын деңгейге жетіп отыр.
Фильм режиссері Айтөре Жолдасқали бұған дейін хоррор жанрындағы «Ауру» фильмімен танылған еді. Ал жаңа жоба оның дәстүрлі кино өндірісінен AI-driven cinema бағытына өткенін көрсетеді.
«Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» ЖИ-сериалға айналды
Қазақ әдебиетіндегі ең көрнекті ғашықтық эпостардың бірі – «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» заманауи технология арқылы жаңа форматта көрерменге жол тартпақ. 29 сәуірде көпшілікке «Махаббат серті» атты жасанды интеллект негізінде түсірілген медиажобаның трейлері таныстырылды. Жоба авторлары классикалық эпосты қазіргі цифрлық буынға жақын формада ұсынуды мақсат еткен.
Төрт бөлімнен тұратын «Махаббат серті» жобасы махаббат, адалдық, сатқындық және тағдыр тақырыптарын жаңа визуалды тәсілмен қайта зерделейді. Фильм қазақтың дәстүрлі эпосын толықтай өзгертіп жібермей, оның негізгі рухын сақтай отырып, қазіргі аудиторияға түсінікті тілде жеткізуге тырысқан.
Жоба «Баян Сұлу» кондитерлік фабрикасының қолдауымен жүзеге асқан. Компания бұл бастаманы жай ғана коммерциялық жоба емес, ұлттық мәдени мұраны жаңа технология арқылы насихаттау қадамы ретінде бағалап отыр.
«Біз үшін бұл – жүйелі бағыт. Бұған дейін «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» театр қойылымын қолдасақ, енді осы оқиғаның технологиялық форматтағы жалғасын көріп отырмыз. Баян Сұлу туралы аңыз – біздің мәдени кодымыздың бір бөлігі. Жасанды интеллект арқылы жасалған сериал эпосты жаңа қырынан танытып, оның мазмұнын сақтай отырып, жас аудиторияға жеткізуге мүмкіндік береді. Қазіргі жастардың контент тұтыну тәсілі өзгерді. Олар қысқа видео, цифрлық визуал және онлайн платформалар арқылы ақпарат қабылдайды. Сондықтан ұлттық мұраны жаңа буынға жеткізу үшін формат та өзгеруі керек. Біз мұндай жобалар дәстүр мен заманауилықты ұштастырады деп сенеміз», дейді «Баян Сұлу» акционерлік қоғамының президенті Тимур Садыков.

Фильмде бір-біріне адал қос ғашықтың түрлі кедергілерге, сатқындыққа және трагедияға толы тағдыры баяндалады. Авторлар классикалық эпостың негізгі желісін сақтай отырып, оқиғаға заманауи философиялық реңк бергенін айтады. Жоба қазақ тілінде кәсіби дыбысталып, орыс және ағылшын тілдеріндегі субтитрлермен ұсынылады. Компания мәліметінше, дыбыстау жұмыстарына арнайы дубляж актерлері қатысқан. Бұл жобаны халықаралық аудиторияға да қолжетімді ету мақсатында жасалып отыр.
«Махаббат серті» жобасының басты ерекшелігі – өндіріс процесінде жасанды интеллект технологияларының кең қолданылуы. Көріністерді визуализациялау, цифрлық кейіпкерлер жасау, бейнені өңдеу және атмосфера қалыптастыру кезінде AI құралдары пайдаланылған. Соның нәтижесінде дәстүрлі кино мен цифрлық анимацияның арасындағы жаңа визуалды стиль қалыптасқан.
«Түпнұсқа рухын сақтай отырып, кейбір сюжеттік желілерді өзгертіп, заманауи философиялық мән қостық. Бұл – мәңгілік махаббат тақырыбына жаңаша көзқарас. Біз эпосты бүгінгі аудитория қалай қабылдайтынын зерттеп, соған сай визуалды және драматургиялық шешімдер іздедік. Жоба ең алдымен цифрлық платформалар арқылы контент қарайтын жас буынға бағытталған. Өйткені қазіргі аудиторияның ақпарат қабылдау форматы өзгерген сайын мәдени мұраны жеткізу тәсілі де жаңаруы тиіс», дейді жоба авторлары.
«Баян Сұлу» компаниясы мұндай жобалар классикалық туындыларды мектеп бағдарламасынан тыс форматта таныстырудың тиімді жолына айналуы мүмкін деп есептейді. Сарапшылар да бұл пікірмен келіседі. Олардың айтуынша, қазіргі жастардың үлкен бөлігі әдеби шығармаларды дәстүрлі кітап форматынан гөрі визуалды контент арқылы жылдам қабылдайды. Сондықтан AI-жобалар ұлттық мұраны жаңа аудиторияға жақындатудың тиімді құралына айналуы мүмкін.
«Махаббат серті» жобасының толық тұсаукесері 2026 жылдың мамыр айының ортасына жоспарланған. Көрермендер фильмнің барлық бөлімін Adai Media Group компаниясының әлеуметтік желідегі парақшаларынан тегін көре алады.