📰 Сарапшылар пікірі

Теңгені теңселткен не?

Кейінгі күндері теңге бағамы қайтадан тұрақсыз күйге түсті. Доллар алғаш 537 теңге болса, артынша 540, бүгінде 543 теңгеден де асып кетті, деп жазады Ozgeris.info.

Бір нәрсе анық. Базалық мөлшерлеме төмендейді деген үміт әзірге алыс. Себебі теңге мен экономика айналасындағы бұлт әлі сейілген жоқ. Нарыққа Ұлттық банк емес, сыртқы факторлар мен трейдерлер әсер етіп жатқандай. Мұндайда мемлекет тек бақылаушы ма, әлде ойыншы ма, нақты кесіп айту қиын.

Сарапшы Әнуар Үшбаевтың сөзі осы екіұшты жағдайды аңғартады:

«Теңге бағытында қатып қалған қағида жоқ. Себебі біздің валюта әлем экономикасына ықпал ете алмайды», дейді ол.

Демек, теңге өзін өзі ұстап тұра алмайтын шағын валюта. Яғни, оны теңестіретін де, шайқалтатын да, әзірге сыртқы күштер.

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов те бұл ойды жанамалап мойындайды. Оның айтуынша, теңгеге қысым жасап тұрған – нақты нарықтық факторлар. Бюджет шығындары артып жатыр, импорт көлемі өсуде, шетелге төленетін дивидендтер басталды, ал жазғы туризм дәуірінде халық шетелдік валютаға жүгіріп кетті.

«Егер бағам шын мәнінде спекуляциядан тұрақсыз болса, интервенция туралы айтуға болар еді. Бірақ қазір қозғалыс нарықтық. Интервенция мұндайда көмектеспейді, керісінше, кері әсер етеді. Біз ұлттық резервті абаймен, ұтымды басқаруымыз керек. Нарықты бақылап отырмыз, қажет болса әрекет етуге дайынбыз», деді Сүлейменов.

Бұл сөзден байқайтынымыз, Ұлттық банк артық қимыл жасағысы келмейді. Ол өз қадамдарын ұстаммен, тек нақты қауіп туғанда ғана жасауға ниетті.

Алайда Әнуар Үшбаев бұл «ұстамдылықтың» астында көп нәрсе жасырын тұрғанын меңзейді:

«Сарапшыларға шеті ғана көрініп тұрған жұмбақтың шешуі Ұлттық банкке белгілі. Олар халық үркіп қалмасын деп неше түрлі болжамдарымен нарықты сабырға шақырып отыр. Бірақ нақты себептерді біз карталар ашылғанда ғана білеміз», дейді ол.

Яғни, сарапшылар бұл жерде тек жорамал жасап отыр. Ал нақты себеп, нақты есеп – Ұлттық банктің өзінде. Бірақ олар әлі үнсіз.

Бұл үнсіздіктің орнын түрлі пікірлер басып отыр. Ел ішінде «теңге тағдыры трейдерлердің қолына өтті» дейтіндер де бар. Яғни, ресми органдар бақылаудан айырылып, нарық тізгіні ірі ойыншылардың, халықаралық алыптардың қолына өтіп кеткендей.

Екінші жағынан, жағдайға сабырмен қарап, «нарық жаңа бағытқа жүйеленіп келеді» дейтіндер де бар. Мұнай бағасы тұрақтанып келеді, сыртқы саудадағы кедергілер азаюда, инвестициялық көңіл-күй де жаман емес. Бірақ, соған қарамастан, валютаға деген сұраныс азаймай тұр.

Бұл сұранысты кім туындатып отыр? Біреулер ірі импорттаушылар дейді. Енді бірі шетелге кетуге дайындалып жатқан азаматтар. Ал тағы бір топ валютамен жұмыс істейтін қаржылық алыптар мен инвесторлар.

Ақша нарығында да тыныштық жоқ. TONIA мен SWAP мөлшерлемелері төмендеп келеді. Теңгелік өтімділік көп болғанымен, шетел валютасына сұраныс төмендер емес. Бұл теңгенің өз ішіндегі «қысымын» одан сайын күшейтіп отыр.

Қызығы, теңге әлсіреп жатқан тұста қор нарығы керісінше жанданып жатыр. KASE индексі 1,3%-ға өсті. ҚМГ мен бірнеше ірі банктің акциялары көтерілді. Бұл экономикаға деген сенімнің белгісі ме, әлде капиталдың «қорғану» әрекеті ме оны уақыт көрсетеді.

Тағы бір ықпалды фактор – мұнай. Мұнай бағасы қайтадан көтерілуде. Brent маркалы мұнай барреліне 69 доллардан асып, жасыл аймаққа оралды. Бұл наурыз-сәуірдегі төмендеуден кейінгі қайта қалыпқа келу. Осыны ескеріп, сарапшы Олжас Байділдинов ертеректе:

«Мұнай бағасының кейінге қалдырған ықпалы болады» деген болатын.

Демек, қазіргі теңге әлсіреуінің себебі – дәл бүгін емес, өткен айларда басталған құбылыстардың жалғасы.

Айтпақшы, ел бюджеті мұнай бағасын барреліне 75 доллар, ал доллар бағамын 470 теңге деп есептеген. Бірақ қазіргі нарықтағы жағдайға қарасақ, тепе-теңдік бағам – шамамен 542–543 теңге айналасы.

Мұның бәрі бір қорытындыға келтіреді: егер ішкі және сыртқы көрсеткіштер тұрақты болған күннің өзінде валюта бағамының осындай күтпеген ауытқуы халықтың сенімін шайқалтады. Ал сенім тек экономикалық емес, саяси әрі психологиялық фактор.

Егер Ұлттық банк уақытылы әрекет етпесе, я интервенция арқылы, я басқа құралдармен нарықты бақылауға алмаса, бұл жағдай ұзаққа созылып, бизнес пен халықты тұйық шешімдерге итермелеуі мүмкін.

Барлық жаңалық