Кейінгі уақытта теңгенің долларға қатысты нығаюы қоғамда жиі талқыланып жүр. Әсіресе әлеуметтік желілер мен сараптамалық алаңдарда бұл құбылысты мұнай бағасының өсуімен байланыстыратын пікірлер көбейді. Алайда экономист Ғалым Құсайынов теңге бағамының өзгеруіне әсер ететін негізгі себептер әлдеқайда күрделі екенін айтады, деп жазады Ozgeris.info.
Сарапшының пікірінше, Қазақстандағы валюта нарығы классикалық нарық заңдылықтарына толық бағынбайды. Яғни, бағам тек сұраныс пен ұсынысқа ғана емес, институционалдық шектеулерге де тәуелді. Бұл өз кезегінде теңгенің қозғалысын түсіндіруді қиындатады.
«Қазақстанның валюта нарығы айтарлықтай шектеулі. Нарықтық сигналдар толық жұмыс істеуі үшін валюта сатып алу мен сатуда толық еркіндік болуы қажет. Бізде мұндай еркіндік тек жеке тұлғаларға берілген. Бірақ олар қаржылық тұрғыдан толыққанды экономикалық агент емес және нарықтық сигнал қалыптастырмайды. Ал заңды тұлғалар валюта сатып алуда шектеулерге ұшырайды – олар алыпсатарлық мақсатта немесе валюталық тәуекелдерін хеджирлеу үшін еркін әрекет ете алмайды. Осындай жағдайда нарықтағы тепе-теңдік бұзылып, бағамның қозғалысы экономикалық логикадан гөрі әкімшілік және институционалдық факторларға тәуелді болып қалады», дейді Ғалым Құсайынов.
Оның айтуынша, дәл осы себептен Қазақстандағы валюта бағамы сыртқы макроэкономикалық сигналдарға толыққанды жауап бермейді. Дамыған елдерде инфляция, пайыздық мөлшерлеме немесе қаржы нарығындағы күтулер сияқты факторлар валютаға бірден әсер етсе, бізде бұл байланыс әлсіз.

Мысалы, соңғы инфляция көрсеткіштері мен ипотекалық саясатқа қатысты сигналдар теңгенің әлсіреуіне әкелуі тиіс еді. Бірақ іс жүзінде керісінше жағдай орын алды. Бұл теңгенің нығаюы нарықтық заңдылықтармен емес, басқа факторлармен түсіндірілетінін көрсетеді.
Көпшілік теңгенің нығаюын мұнай бағасының өсуімен байланыстырады. Алайда сарапшы бұл фактордың әсері қысқа мерзімде шектеулі екенін айтады.
«Мұнай бағасының өсуі бірден валюта нарығына әсер етпейді. Біріншіден, бірінші тоқсанда Теңіз кен орнындағы жағдайға байланысты өндіріс көлемі төмендеді, бұл елдің валюталық түсімін азайтады. Екіншіден, мұнай бағасының наурыздағы өсімінен түскен табыс компанияларға ең ерте дегенде мамыр айында ғана жетеді, өйткені келісімшарт пен нақты түсім арасында уақытша лаг бар. Үшіншіден, бұл қаражаттың өзі бірден валюта нарығына шықпайды – компаниялар шығындарын алдын ала бекітілген бюджеттер бойынша жүргізеді, ал бұл бюджеттер ағымдағы бағаға тәуелді емес. Сондықтан мұнай бағасының өсуі теңгеге қысқа мерзімде тікелей әсер етпейді», дейді ол.
Сарапшының айтуынша, мұнай табысының валюта нарығына ықпалы тек жанама түрде, уақыт өте келе байқалуы мүмкін. Оның негізгі бөлігі Ұлттық қорға бағытталып, қысқа мерзімде нарықтан «стерилизацияланады».
Теңгенің нығаюына әсер етіп отырған басты фактор ретінде сарапшы сыртқы қарыз алуды атап өтеді. Соңғы жылдары мемлекет пен квазимемлекеттік сектордың халықаралық қаржы нарықтарынан белсенді түрде қаржы тартуы байқалады.
«Қазіргі жағдайда негізгі драйвер – сыртқы қарыз алу. Мемлекет, квазимемлекеттік сектор және басқа да экономикалық агенттер шетелдік нарықтардан қаражат тартып жатыр. Бұл қаражат елге түскен кезде теңгеге айырбасталады. Яғни, ішкі нарықта валюта ұсынысы артып, теңгеге сұраныс өседі. Нәтижесінде теңге нығаяды. Бұл – қазіргі бағамның артында тұрған негізгі әрі нақты фактор», дейді Ғалым Құсайынов.

Сонымен қатар сарапшы алтын нарығының әсерін де ерекше атап өтеді. Оның айтуынша, бұл фактор тікелей әрі жылдам ықпал етеді.
«Алтын факторының әсері өте айқын. Бұрын Ұлттық банк алтынды теңгеге сатып алған кезде, өндірушілер кейін сол қаражатқа доллар сатып алып, нарықта қосымша сұраныс қалыптастыратын. Бұл теңгеге қысым жасап, инфляцияны күшейтетін. Қазір Ұлттық банк айна механизмін енгізді – алтын сатып алынған көлемге тең мөлшерде валюта сатылады. Осылайша нарықтағы қысым теңгеріледі. Оның үстіне соңғы бір жылда алтын бағасы 50%-дан астам өсті, бұл операциялардың көлемін арттырып, теңгеге әсерін күшейтті», дейді сарапшы.
Дегенмен сарапшы теңгенің қазіргі нығаюы тұрақты үрдіс емес екенін ескертеді. Оның пікірінше, ұзақ мерзімде теңге әлсіреуге бейім.
Бұл жерде негізгі фактор – инфляция деңгейі. Қазақстандағы инфляция негізгі сауда серіктестеріне қарағанда жоғары болған жағдайда ұлттық валюта табиғи түрде әлсірейді. Сонымен қатар импорт көлемінің артуы да валютаға деген сұранысты күшейтеді.
Алдағы кезеңде теңгеге қысым түсіретін бірнеше фактор бар. Біріншіден, екінші тоқсаннан бастап импорттық төлемдер дәстүрлі түрде көбейеді. Екіншіден, базалық мөлшерлеме төмендеген жағдайда немесе ондай сигнал берілсе, шетелдік инвесторлар табысын алып, нарықтан шыға бастайды.

Сонымен қатар теңгені қолдайтын факторлар да сақталады. Жаз айларында энергия ресурстарының жоғары бағасының әсері байқала бастайды. Бұған қоса алтын нарығы мен сыртқы қарыз ағындары теңгені белгілі бір деңгейде ұстап тұруы мүмкін.
Жалпы алғанда, теңгенің қазіргі нығаюы бір ғана фактордың нәтижесі емес. Бұл – ішкі қаржы ағындары, мемлекеттік саясат және нарық құрылымының ерекшеліктері тоғысқан күрделі құбылыс. Сарапшының пікірінше, бұл үрдісті қарапайым түсіндіру жеткіліксіз – оны толық түсіну үшін экономиканың ішкі механизмдерін ескеру қажет.