Қайрат Нұртастың қызы үлкен дауға қалды. Ол ТикТок желісіндегі парақшасында Ресейдегі "Алабуга Политех" оқу орнын жарнамалаған. Бұл қысқа видео желі қолданушыларының қатты ашуын тудырды деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Оқырмандар аталған мекеменің Ресей мен Украина соғысына тікелей қатысы бар екенін ашып жазуда. Пікір қалдырғандардың сөзінше бұл жерде қару-жарақ пен дрондар шығарылады. Халық жұлдыздың қызы осындай даулы орынды не үшін жарнамалағанына түсінбей әлек.
Желі қолданушылары жас қыздың өзінен бөлек оның ата-анасы мен менеджерлерін қатаң кінәлады. "Әкесі миллиондап ақша табады, бұған не керек?" деген наразы сауалдар өте көп. Кейбір адамдар оны әлемде не болып жатқанынан, соғыстың мән-жайынан мүлдем бейхабар деп бағалады.
Қазір парақша астында нағыз қарсылық науқаны басталды. Адамдар бір-бірін даулы видеоға жаппай шағым түсіруге шақырып жатыр. Арнайы сілтемелер де тарап кетті. Олар осы шағымдар арқылы аккаунтты толық бұғаттап тастауды көздейді. Оқырмандар бұған дейін дәл осы "Алабуганы" жарнамалаған он екі миллион оқырманы бар танымал шетелдік блогерлердің де бұғатталғанын еске салып, ескерту жасады.
Әзірге бұл жағдайға қатысты әншінің отбасы ешқандай ресми пікір білдірген жоқ.