Жаңалықтар

Алматы Орталық Азиядағы ең ірі тау туризмі орталығына айналуы мүмкін

Алматы Орталық Азиядағы ең ірі тау туризмі орталығына айналуы мүмкін

Алматыда тау туризмін дамытуға бағытталған Almaty SuperSki жобасы қоғамдық талқылауға шығарылды. Жоба аясында Көк-Жайлау шатқалы мен Құмбел шыңын қамтитын халықаралық деңгейдегі тау шаңғысы курортын дамыту көзделіп отыр. Сарапшылардың айтуынша, бастама Алматыны Орталық Азиядағы жыл бойы жұмыс істейтін ең ірі туристік орталықтардың біріне айналдыруы мүмкін, - деп жазады Ozgeris.info сайты.

Бұл мәселе қоғамда қызу талқыланып жатқан тұста Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматының таулы аймақтарында көппәтерлі тұрғын үйлер салуға мораторий енгізуді тапсырды. Шешім тау бөктерінің табиғи тепе-теңдігін сақтап, экологиялық жүктемені азайтуға бағытталған. Енді бұл аумақта тек жаңартылған бас жоспарға сәйкес келетін туристік және әлеуметтік маңызы бар нысандарды салуға ғана рұқсат беріледі.

Ал сарапшылардың пікірінше, «Көк-Жайлау» жобасы дәл осы экологиялық талаптарға сай келеді. Жоба табиғатқа минималды араласу, жаңартылатын энергия көздерін пайдалану және кең көлемде көгалдандыру қағидаттарына негізделген. Сонымен қатар шатқал аумағын тазарту, ретсіз құрылыстан зардап шеккен атақты алма бақтарын қалпына келтіру жоспарланған.

Бұл бастаманы «Ұлттық шаңғы қоғамдастығының» президенті Асқар Валиев те қолдады.

«Мен Алматыда дүниеге келдім, осы тауларда өстім. Спорт жергілікті табиғатпен қаншалықты тығыз байланысты екенін жақсы білемін. “Көк-Жайлау” жобасы ерекше көңіл бөлуге лайық. Шешуші әрекет ету уақыты келді», – деді ол.

Сарапшының айтуынша, қазіргі «Шымбұлақ» курортының шамадан тыс жүктелуі бұқаралық спорт пен туризмді дамытуға кедергі келтіріп отыр. Осыған байланысты Шымбұлақ пен Ой-Қарағай бағыттарын біріктіріп, Алматының тау кластерін кешенді дамыту ұсынылған.

Жоспар бойынша Түргеннен Қаскелеңге дейінгі аумақта шығыс, орталық және батыс бағыттағы үш ірі туристік аймақ қалыптасады. Онда әлемдік деңгейдегі инфрақұрылым мен 300-ден 700 шақырымға дейінгі тау шаңғысы трассаларын салу көзделген.

Тек орталық аймақта көтергіштер саны 16-дан 58-ге дейін ұлғайтылып, өткізу қабілеті тәулігіне 6 мың адамнан 34 мың адамға дейін артады деп күтілуде. Жоба аясында 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылуы мүмкін.

Almaty SuperSki жобасы аясында жалпы ұзындығы 65 шақырымнан асатын трассалары бар жаңа тау шаңғысы курорты салынады. Оның жартысына жуығы шаңғы тебуді енді бастаған адамдарға арналмақ.

Сарапшылар мұндай жобалар Алматы экономикасына да оң әсер ететінін айтады. Қонақүй, қоғамдық тамақтану, көлік және сервис салаларында шағын және орта бизнес дамып, жаңа инвестициялар тартылмақ. Мамандардың есебінше, тау инфрақұрылымына салынған 1 доллар курорттық инфрақұрылымға қосымша 2 доллар жеке инвестиция тартуға мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда Алматыға жыл сайын 2,3 миллионнан астам турист келеді. Оның 680 мыңнан астамы – шетел азаматтары. Соңғы жылдары туристік қызмет көрсету көлемі 30 пайызға өсіп, саладағы салық түсімдері екі есеге артқан.

Мамандардың пікірінше, Алматы тау кластері 2029 жылға қарай Орталық Азиядағы ең ірі төрт маусымдық туристік орталықтардың біріне айналуы мүмкін. Осылайша мегаполис табиғатты сақтай отырып, халықаралық деңгейдегі тау туризмі орталығына айналуды мақсат етіп отыр.

Барлық жаңалық