Тараз қаласында мұғалімді «коррупционер» деп айыптаған тұрғын жала жапқаны үшін жауапқа тартылды деп жазды ozgeris.info сайты.
Соттың мәліметінше, әйел педагогтың ар-намысы мен беделіне нұқсан келтіргені үшін 100 мың теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеуге міндеттелген.
Оқиға 2024 жылдың қыркүйек айында басталған. Әйел арнайы мектеп-интернаттың директорына шағымданып, мұғалімді «коррупционер», «өсек таратушы», «тәрбиешілерден ақша жинайды» деп айыптаған.
Алайда білім беру мекемесінде жүргізілген ішкі тексеріс бұл айыптауларды растамаған.
«Сот сараптамасы айтылған сөздердің жағымсыз сипатта екенін және мұғалімнің беделіне нұқсан келтіретінін анықтады. Заңға сәйкес, айтылған айыптаулардың шындығын дәлелдеу жауапкерге жүктеледі. Алайда ол сотқа ешқандай дәлел ұсынбаған», — делінген сот хабарламасында.
Нәтижесінде сот мұғалімге қатысты айтылған айыптаулар шындыққа сәйкес келмейді деген қорытындыға келді. Педагогтың талап арызы ішінара қанағаттандырылып, моральдық зиян ретінде 100 мың теңге өндіру туралы шешім шығарылды.
Сот шешімі заңды күшіне енді.
Айта кетейік, осыған ұқсас жағдай Маңғыстау облысында да тіркелген. Онда мұғалім әріптесі мен лицей директорына жала жапқаны үшін шамамен 500 мың теңгеге жуық айыппұл төлеген.