Жаңалықтар

Танымал блогер Ерболат Жанабылов пен әйелінің әрекеті тексерілетін болды

Белгілі заңгер Нұрсұлтан Орынбеков әлеуметтік желіде жариялаған жазбасында блогер Ерболат Жанабылов пен оның жұбайы Эльмира Төлегеноваға қатысты тексеріс басталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды ozgeris.info сайты Azattyq Rýhy сайтына сілтеме жасап.

 

Орынбековтің сөзінше, көпшілік арасында туындаған наразылықтан кейін құзырлы органдар блогерлердің соңғы өткізген көлемді ұтыс ойынын назарға алған. Қазір оның заңдылығы анықталуда. Дегенмен адвокат нақты қай мемлекеттік орган тексеріспен айналысып жатқанын ашып айтқан жоқ.

 

«Көпшілікті әбден мезі еткен ұтыстарды өткізу үшін олар өз курстарын сатуға кірісті. Бұған қарсы қоғам белсенділері үн қосты. Нәтижесінде қазір тексеріс жүргізіліп жатыр. Мұндай заңсыз ұтыстарға жауап беретін арнайы комитет бар. Алдағы уақытта блогерлерге ресми ескерту жолданады. Егер оны елемесе, 1 миллион теңгеге дейін айыппұл салынады. Ал талапты қайталап бұзған жағдайда қылмыстық іс қозғалуы мүмкін», – деді заңгер.

 

Айта кетсек, Жанабыловтар отбасына тиесілі онлайн-курс құны 30 мың теңге тұрады. Курста Қытайдың бес түрлі интернет-дүкенінен тауар сатып алу жолдары үйретіледі. Дәл осы курсты насихаттау үшін блогерлер 10 жаңа көлік пен ақшалай сыйлықтар тігілген ауқымды ұтыс ұйымдастырған.

Барлық жаңалық