Қытай мен Тайвань арасындағы шиеленіс күннен күнге күшейіп келеді. Financial Times басылымы мен сарапшылардың айтуынша, Қытай әскері қазір кез келген сәтте Тайваньға басып кіруге дайын. Қытай соңғы жылдары флотын, әуе күштерін, десантын және дрондар жүйесін мықтап дамытты. Алайда сарапшылар бұл жеткіліксіз екенін айтады. Сондықтан Қытай барлық әскер түрлерін бір жүйеде, бірге жұмыс істейтін деңгейге жеткізіп жатыр. Қытайтанушы Алексей Чагадаев осы мәселеге қатысты пікір білдіріп, сұқбат берді. Оның айтуынша, Қытай Тайвань маңында жаттығуларды бұрыннан өткізіп келеді. Қазір бұл күнделікті жағдайға айналды. Ozgeris.info тілшісі жалғасырады.
Қытайдың әскери ойыны
Чагадаевтың айтуынша, Тайвань Қорғаныс министрлігі әр күн сайын Қытайдың әуе және теңіз күштері туралы мәлімет жариялап отырады.
«Статистикаға қарасақ, Қытай Тайваньға жақындаған сайын олардың әскери белсенділігі де өсіп келеді. 2021 жылы бір айда 73 әскери ұшақ ұшырған, 2025 жылдың қаңтарында бұл көрсеткіш 248-ге жетті», — дейді сарапшы.
Қытай бұрын аталмыш әрекетін Тайваньның қандай да бір мәлімдемесіне жауап ретінде жасайтын. Қазір ешқандай арандатусыз, өз еркімен жасап отыр.
«Олар қазір Тайваньды қоршауға алу, қажет болса блокада жасау немесе әскери шабуылға шығуға күн сайын дайындалып жатыр», — дейді Чагадаев.
Сарапшының айтуынша, Қытай армиясының негізгі мақсаты 2027 жылға дейін толық жаңартылып, әлемдік деңгейдегі күшке айналу. Бұл жыл Қытай Халық-азаттық армиясының 100 жылдығы және Си Цзиньпиннің үшінші президенттік мерзімінің аяқталу уақыты.
«Си Цзиньпин 2025 жылдың жаңа жылдық құттықтауында Қытай мен Тайвань халқы бірігуі керек дегенді ашық айтты», — дейді Чагадаев.
Алексей Чагадаев Қытайдың шынайы дайындығын жоққа шығармайды. Алайда жемқорлық үлкен кедергі болып тұр. Қытайдың әскери жетекшілері арасында жоғалып кеткендер мен қызметінен алынғандар көбейді.
«Соның бірі Си Цзиньпиннің орынбасары, жоғары лауазымды Хэ Вэйдун, ол наурыздан бері із-түссіз жоғалған. Мұндай жағдайда армия қаншалықты сенімді және бір-бірімен қаншалықты дұрыс байланыс орната алатыны белгісіз», - дейді сарапшы.
Қытайдың Тайваньға қатысты әскери белсенділігі жай ғана жаттығу емес, нақты дайындық. Аталмыш мәселе алдағы жылдары әлемдік жаңа дағдарысқа әкелуі мүмкін.
АҚШ пен Дональд Трамптың рөлі
Тағы бір маңызды фактор АҚШ-тың позициясы. Джо Байден Тайваньды қорғайтынын ашық мәлімдеген, ал Дональд Трамп бұған әлі нақты жауап берген жоқ. Сарапшылардың айтуынша, Трамптың үнсіздігі Қытай үшін “жасыл шам” болуы мүмкін. Егер Қытай Тайваньға шабуыл жасаса, Тайвань ең алдымен Жапония, Оңтүстік Корея және Филиппиндердегі АҚШ әскери базаларына үміт артады. Бірақ ол елдердің дер кезінде көмекке келері де анық емес.
«Қытайдың басты мақсаты Тынық мұхитына еркін шығу. АҚШ пен одақтастары Қытайды қоршап, шектеуге тырысып жатыр. Қытай сарапшылары “егер бізді төрт жақтан қоршаса, біз де өз жолымызды табамыз” деген пікірде», - дейді сарапшы.
Егер Қытай Тайваньды басып алса, ертең не болады?
Тайвань халқы Қытайды қабылдай ма? Егер халық қарсы болса, Қытайға бұл жеңіс өте ауыр салдар әкелуі мүмкін. Сондықтан сарапшылар “Тайваньды алу оңай, ал ұстап тұру қиын” деп болжап отыр.
Қытайдың Тайвань маңында үнемі өткізетін әскери жаттығулары өте қымбатқа түсуде. Жаттығулар Қытайдың өзіне сенімді емес екенін көрсетеді.
«Егер Қытай Тайваньды басып алуға толық сенімді болғанда, бұл операцияны баяғыда бастап жіберетін еді. Қытай 1949 жылдан бері Тайваньды қайтара алмай келеді. Сондықтан олар әзірге тек қорқытып-үркітуді жалғастырауда. Менің ойымша, бұл әлі де тек қорқыту стратегиясы», - дейді маман.
Қытайға соғысу қымбат, ал Тайвань шенеуніктері мен әскери адамдарына ақша беріп, оларды сатып алу әлдеқайда арзан. Бүгінде Пекиннің басты қаруы ақша, тыңшылық, блогерлер арқылы әсер ету, қоғамға ықпал ету, инфрақұрылымға жасырын шабуыл жасау, тіпті Тайваньды интернеттен ажырату.
Сондай-ақ Қытай Тайваньды іштен ыдыратқысы келеді. Тайваньда Қытай агенттері билікке, әскери салаларға және мемлекеттік мекемелерге кіріп алды деген әңгімелер жиі айтылады. Қытай Тайвань халқының санасына ықпал етуді, блогерлер арқылы пропаганда жүргізуді, астыртын әрекет жасауды жалғастырып жатыр. Бұл соғыстан да тиімді және әлдеқайда арзан жол.
Тайвань АҚШ үшін жай ғана арал емес
Қазір АҚШ пен Тайвань қорғаныс министрліктері бірлесіп, Қытайдың әскери жаттығуларына алаңдайтындарын айтып отыр. Ал биыл бұған байланысты нақты бір үлкен мәлімдеме шыққан жоқ. АҚШ бұл жағдайды тек мұқият бақылап отыр. Тайвань АҚШ үшін жай ғана арал емес, демократиялық ел, адам құқықтары мен заңдары жақсы жұмыс істейтін, тіпті бір жынысты некелерге рұқсат берілген қоғам. Ең бастысы, Тайвань АҚШ-тың ең ірі сауда серіктестерінің бірі. АҚШ Тайваньмен Бразилиядан да көп сауда жасайды. Сондықтан Тайвань АҚШ үшін үлкен экономикалық құндылық. АҚШ мұндай активтен оңай айырыла салмайды.
Трамп келісуге болатын адам сияқты. Екінші жағынан, ол өте болжап білмейтін тұлға. Жақында америкалық басылымдар Трамптың Қытай және Ресеймен «үлкен мәміле» жасамақ жоспары туралы ақпарат таратты. Бұл Пекинді асығыстыққа итермелеуі мүмкін.
«Дональд Трамптың саясатқа қайта оралуы да Қытай үшін маңызды. Кейбір сарапшылар Трамп Қытаймен оңай келісуі мүмкін дейді. Бірақ Трамп өзіне керегін алып үлгерген, мысалы инвестициялар, өндіріс жобалары бойынша кепілдіктер, бизнес мүдделері. Сондықтан қазіргі сәтте оның Тайваньға қатысты ұстанымы бұрынғыдай маңызды болмауы да мүмкін».
АҚШ әдеттегідей тек өз күшіне ғана емес, Жапония, Оңтүстік Корея, Филиппин, Аустралия, Ұлыбритания және Франция сияқты одақтастарына да сүйенеді. Алайда, егер Қытай тосыннан блокада бастаса, бұл альянстар тез әрекет ете ала ма? Бұл үлкен сұрақ.
«Қытай қазір теңіз блокадасын өз заңдарына сүйеніп, заңдастыруға дайындалып отыр. Пекин теңіздегі даулы аймақтарды бақылауға құқығымыз бар деп мәлімдеп, Тайваньды қоршап, жүздеген кемеден тұратын «сақина» құруы әбден мүмкін».
Қытайдың тағы бір жоспары бар дейді маман. Ол Тайваньды соғыспен емес, теңіз арқылы қоршау. Қытай қазір Тайвань айналасындағы теңіз аймағын “біздің суымыз” деп жариялап, бұл аумақты бақылауға заң жүзінде дайындалып жатыр. Тайвань айналасын 300 кеме қоршаса, олар «бұл біздің аумақ» деп жариялай алады.
«Тайваньның ең әлсіз тұсы бар. Азық-түлік пен энергияға сырттан тәуелділігі. Елде азық қоры, бәлкім, бір жылға жететін шығар, бірақ газ, көмір, мұнай секілді энергия көздері әлдеқайда тез таусылады. Қытай ашық соғыс емес, біртіндеп экономикалық қысым жасау арқылы Тайваньды «әлсіретіп», тұрғындардың өздері Пекинмен келіссөздер бастауды талап етуін күтетін болуы мүмкін».
Қызығы, АҚШ, Қытай және Тайвань арасындағы ықтимал қақтығыстарға жасалған әскери модельдер де нақты жауап бермеді. Әскери сарапшылар түрлі жағдайларды компьютерде модельдеп көрген. Бір жағдайларда Қытай жеңеді, кейбірінде Тайвань қорғана алады, ал басқа сценарийде Жапония жеңіске жетеді делінген. Яғни, Қытай-Тайвань мәселесінде нақты жауап жоқ.
Бүгінгі күрделі әрі тұрақсыз әлемде Қытай әзірге сабырлы дипломатия көрсетіп, халықаралық аренада барынша сақ қадам жасап келеді. Пекин өз ұстанымдарын халықаралық ережелерге сүйеніп негіздейді. Тайвань мәселесінде де Қытай өзін заңды жақ ретінде көрсетеді. 1970-жылдардан бері әлем елдерінің көпшілігі Тайваньды емес, Қытай Халық Республикасын “нағыз Қытай” деп мойындаған.
Пекиннің осындай сабырлы саясаты қанша уақытқа созылады?
Қазір Қытай экономикасы баяулап, ішкі сұраныс әлсіреп жатыр. АҚШ-пен сауда соғысы да жағдайды қиындатып отыр. Қытай қоғамында бейресми қоғамдық келісім бар еді: “Сіздер (билік) елді басқарыңыздар, ал біз (халық) жыл сайын жақсы өмір сүрейік”. Қазір бұл келісімнің күші әлсіреп келеді. Егер халықтың жағдайы нашарлай бастаса, адамдар сұрақ қоя бастайды.
"Осындай кезде билікке “шағын жеңісті соғыс” керек болуы мүмкін. Бұл арқылы халықтың назарын экономикалық қиындықтардан басқа жаққа бұрып, биліктің беделін күшейтуге болады. Егер соғыста бірнәрсе дұрыс болмаса, “бұған Батыс кінәлі” немесе “Тайвань халқы АҚШ-тың үгіт-насихатына уланған” деу арқылы кінәні басқаға арта салуға болады. Мұндай сценарий 2022 жылғы Ресейдің әдісін еске түсіреді".
Қытай – халқы өте көп ел, шамамен он Ресейге тең. Сондықтан Пекинде қабылданған шешімдер аймақтарға бірден жете бермейді. Кейде Си Цзиньпин тікелей жергілікті шенеуніктермен кездесуге мәжбүр, себебі оның бұйрықтары төменгі деңгейге жеткенше бірнеше рет бұрмаланып кетеді.
Тіпті егер Си Цзиньпин ертең “соғыс ашамын” деп шешсе де, Қытайда бұл мәселе бірден іске аса қоймайды. Ресейдің Қауіпсіздік кеңесінде болғандай, Қытайда бәрі бас шұлғи салмайды. Қытайдың Орталық әскери кеңесінің кейбір мүшелері: “Біз жемқорлыққа батып жатырмыз, соғысуға дайын емеспіз” деуі мүмкін.
Сондықтан әзірге Қытайдың сабырлы, прагматикалық саясаты жалғаса бермек.
Материал қытайтанушы Алексей Чагадаевпен болған сұхбат негізінде дайындалды.