Қазақстанда мемлекеттік субсидия алатын ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін қарсы міндеттемелер заңнамалық тұрғыда енгізілді, деп хабарлайды ozgeris.info сайты Жоғарғы аудиторлық палатаға (ЖАП) сілтеме жасап.
Тиісті өзгерістер 2025 жылғы 12 маусымда қол қойылған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне аквакультура, агроөнеркәсіптік кешен, электр энергетикасы және орталық мемлекеттік органдардың функцияларын қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңда көзделген.
Бұл норма 2024 жылғы желтоқсанда жүргізілген мемлекеттік аудит нәтижесінде ЖАП ұсынған ұсыныс негізінде қабылданды. Аудит агросекторға бөлінген бюджет қаражатының тиімділігін бағалауға бағытталған болатын.
Жаңа өзгерістерге сәйкес, енді фермерлер мен ауыл шаруашылығы кәсіпорындары субсидияларды мақсатты әрі тиімді пайдалануын көрсетуге міндетті. Қарсы міндеттемелер өндіріс көлемінің артуы, жаңа жұмыс орындарының ашылуы немесе өнімділіктің өсуі түрінде көрініс табуы мүмкін.
Бұл шара субсидиялардың қайтарымдылығын арттырып, мемлекеттік қолдау тетігінің ашықтығын қамтамасыз етеді деп күтілуде.