Абай облысының әкімі Берік Уәли Семей қаласының орталығындағы бірқатар сауда нысандарын аралап, олардың абаттандыру деңгейі мен санитарлық жағдайын тексерді. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады деп жазды ozgeris.info сайты nur.kz порталына сілтеп.
Өңір басшысы құқық қорғау органдары мен санитарлық-эпидемиологиялық қызмет өкілдерімен бірге қала орталығында орналасқан «Нива» сауда үйін, «Жансая» базарын және «Мың бастау» сауда орталығын аралады.
Тексеру барысында халық көп баратын сауда орындарының санитарлық жағдайы мен сыртқы келбеті белгіленген талаптарға сәйкес келмейтіні анықталды. Атап айтқанда, 1985 жылы салынған «Нива» сауда үйінің алдында ескі дүңгіршектер орнатылған, баспалдақтар тазаланбаған, ал ғимараттың шатырынан су ағатыны байқалған.
Сондай-ақ «Жансая» базарының қасбеті талаптарға сай келмейтіні, ал сырттағы контейнерлер мен ішкі сауда бутиктерінің ескіргені белгілі болды.
Облыс әкімі тазалыққа немқұрайлы қарайтын нысандарға анықталған кемшіліктерді қысқа мерзім ішінде жоюды тапсырды. Сонымен қатар Семей қаласының әкіміне кәсіпкерлік басқармасымен, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментімен және құқық қорғау органдарымен бірлесіп, заң аясында тиісті тексерулер жүргізуді міндеттеді.
Берік Уәли мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында алдағы демалыс күндерінен бастап сенбіліктер мен тазалық акциялары басталатынын атап өтті. Оның айтуынша, кәсіпкерлер өз нысандарының тазалығы мен тәртібіне жауапкершілікпен қарауы тиіс.
«Талап бәріне бірдей. Қаланың дәл орталығында орналасқан сауда нысандарындағы мұндай тазалық деңгейі мүлде жол берілмейді. Семей – бәріміздің ортақ үйіміз. Оны таза ұстау – әр азаматтың міндеті. Алдымен ескерту беріледі, ал талаптарды орындамағандарға айыппұл салынады», — деді өңір басшысы.
Сондай-ақ ол сауда нысандарының басшыларына нысандарды жаңғырту мен абаттандыру бойынша жобаларын әзірлеп, әкімдікке ұсынуды тапсырды. Әкім үш айдан кейін қайта келіп, жағдайды жеке өзі тексеретінін жеткізді.
Полиция департаментінің мәліметінше, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жүргізілген рейдтер нәтижесінде жыл басынан бері 3616 құқықбұзушылық анықталып, 12,3 млн теңге көлемінде айыппұл салынған. Сонымен қатар 3178 ескерту берілген. Бейнебақылау камералары арқылы 291 құқықбұзушылық тіркелген.
Айта кетейік, өткен жылы өңірде өткен жалпыхалықтық сенбілікке 349 мыңнан астам тұрғын қатысып, 52 мың тонна қоқыс шығарылған. 70 мыңнан астам көшет отырғызылып, 191 заңсыз қоқыс орны жойылған. Сонымен қатар «Үлгілі ауыл» байқауы ұйымдастырылып, үздік нәтиже көрсеткен 20 ауылға жаңа тракторлар табысталған.