Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданындағы жылқышы Рахат Сәрсеновтің ісі соңғы күндері қоғамдағы ең көп талқыланған сот процестерінің біріне айналды. Әлеуметтік желіде оны біреулер “33 жыл еңбек етіп, әділетсіз сотталған адам” деп қорғаса, енді бірі “апелляция толық ақтамады, демек кінәсі бар” деген пікір айтуда. Бұл іс тек бір адамның тағдыры ғана емес. Ол Қазақстандағы қылмыстық қудалау, дәлелдемелердің сапасы, азаматтық талаптың негізділігі және еңбек адамының әлеуметтік қорғалуы туралы үлкен сұрақтарды күн тәртібіне шығарды, деп жазады Ozgeris.info тілшісі.
Іс қалай басталды?
Рахат Сәрсенов 1993 жылдан бері “Тайбурыл” шаруа қожалығында жылқышы болып еңбек еткен. Өзінің айтуынша, ол 33 жыл бойы күндіз-түні түзде жүріп, табын баққан. Қыстың боранында да, жаздың аптап ыстығында да жұмыстан қол үзбеген. 2026 жылы оған сеніп тапсырылған малды иемденді деген айып тағылды.
Алғашқы соттың тұжырымы бойынша:
* шамамен 100 жылқы жоғалған;
* мемлекетке және жәбірленушіге келтірілген шығын 30 миллион теңгеден астам деп бағаланды;
* оған 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы кесілді;
* азаматтық талап бойынша үйі кепілге қойылып, қосымша өтемақы өндіру мәселесі көтерілді.
Бірінші инстанция үкімі қоғам назарынан тыс қалған еді. Барлығы апелляциядан кейін өзгерді.
Апелляция нені өзгертті?
Ақтөбе облыстық соты істі қайта қарап, айыптың басым бөлігін дәлелденбеген деп тапты. Сот қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінен 189-баптың 1-бөлігіне қайта саралады және 7 жылдық жаза орнына 6 ай бас бостандығын шектеу жазасын белгіледі. Сонымен қатар “Рақымшылық жасау туралы” заңды қолданып, жазаның өтелгенін есептеп, сотталушыны сот залынан босатты. Ал материалдық шығынды 600 мың теңге, яғни бір жылқының құнымен шектеді. Бұл өте маңызды құқықтық айырмашылық.
Рахат Сәрсенов толық ақталды ма?
Көпшілік осы тұсты шатастырып жатыр. Қазақстан заңнамасы бойынша ақтау үкімі адамның қылмыс жасамағанын немесе кінәсі дәлелденбегенін білдіреді.
Ал бұл істе айып толық жойылған жоқ және іс қайта сараланды. Бір эпизод бойынша жауапкершілік сақталып, кейін рақымшылық заңы қолданылды. Яғни құқықтық тұрғыдан Рахат Сәрсенов ақталған жоқ, бірақ апелляция алғашқы үкімнің негізгі бөлігін жоққа шығарды және жазаны түбегейлі жеңілдетті. Сондықтан “ақталып шықты” деген тіркес заңдық тұрғыдан дәл емес.
Онда 100 жылқы қайдан шықты?
Міне, қоғамды толғандырған негізгі сұрақ осы.Журналист Руслан Өтепбай мен Ulysmedia жариялаған зерттеуде адвокат Кәрім Ипатов бірнеше жайтқа назар аударған. Оның айтуынша:
* бастапқыда сөз шамамен 40 жылқы туралы болған;
* кейін азаматтық талап арқылы тағы 60 жылқы қосылған;
* нәтижесінде талап көлемі 100 басқа жеткен.
Апелляция кезінде мемлекеттік органдардан алынған мәліметтер бойынша шаруашылықтағы тіркелген мал саны екі мыңнан асқаны анықталған. Ал адвокаттың айтуынша, құжат жүзінде тек бір ғана жылқының жоғалғаны расталған. Дәл осы себепті апелляция материалдық шығынды бірнеше ондаған миллион теңгеден 600 мың теңгеге дейін қысқартты.
Кәсіпкер не дейді?
Істің екінші тарапы өз ұстанымынан бас тартқан жоқ. Тәжіғали Елеуовтің айтуынша мал санағы кезінде 60 жылқы жетіспеген және санақ бірнеше рет жүргізілген. Оған ветеринар мен басқа адамдар қатысып, Рахат Сәрсеновтің өзі белгілі бір кезеңде малдың жетіспейтінін мойындаған. Сонымен қатар кәсіпкер жылқышыға үй берген, кейін ол үй кепілге қойылғанымен, тағы бір үй салынғанын айтады. Яғни кәсіпкер өз тарапынан айыптың негізсіз екенін мойындамай отыр.
Бұл – істің екінші жағы. Қоғам эмоциямен Рахат Сәрсеновтің жағына шыққанымен, істің екінші тарабы – кәсіпкер Тәжіғали Елеуов те өз уәжінен бас тартқан жоқ. Екі тараптың өз шындығы бар. Ал құқықтық тұрғыдан әзірге сенуге болатын негізгі құжат – апелляциялық соттың заңды күшіне енген шешімі. Ол 100 жылқы туралы айыпты емес, бір жылқыға қатысты шығынды ғана дәлелденген деп таныды.
Рахат қайта сотталуы мүмкін бе?
Теориялық тұрғыдан кез келген іс ерекше мән-жайлар анықталса немесе Жоғарғы сот кассациялық тәртіпте қараса қайта қаралуы мүмкін. Алайда қазіргі таңда жарияланған сот актілеріне сәйкес апелляциялық соттың үкімі күшіне енгенжәне жаза өтелген деп есептелген. Бүгінгі таңда Рахат Сәрсенов бостандыққа шыққан. Егер жаңадан дәлелдер табылмаса немесе жоғары сот инстанциялары өзгеше шешім шығармаса, дәл осы іс бойынша оны қайтадан бірінші инстанциядағыдай 7 жылға соттау туралы айтуға негіз жоқ.
Үй мәселесі не болады?
Ең даулы сұрақтардың бірі осы. Апелляция шығын көлемін 600 мың теңгеге дейін азайтқанымен, азаматтық-құқықтық талаптардың орындалуы, кепілдегі мүліктің тағдыры және өндіріп алу рәсімі бөлек құқықтық процесс арқылы шешіледі. Сондықтан Рахат Сәрсеновтің үйіне қатысты мәселе толық аяқталды деуге әлі ерте.
Ақтөбелік кәсіпкер Рахат Сәрсеновке баспана сыйлады. 33 жыл бойы жылқышы болып еңбек еткен Рахат Сәрсеновтің тағдыры көпшіліктің жүрегіне әсер етті. Осыдан кейін ақтөбелік кәсіпкер Азамат Үсімбеков Рахат ағаға жаңа тұрғын үй кешенінен пәтердің кілтін табыстады. Бұл игі іс қоғам тарапынан үлкен қолдауға ие болып, әлеуметтік желі қолданушылары кәсіпкерге алғысын білдірді.
Рахат ағаға жылқы сыйлау бастамасы қолдау табуда
Рахат Сәрсеновтің өмір бойы жылқы баққанын ескерген көптеген қазақстандықтар әлеуметтік желіде оған жылқы сыйлау туралы бастама көтеріп жатыр. Жұртшылық мұны ауыр сынақтан өткен еңбек адамына көрсетілген құрмет әрі қолдау деп бағалайды. Әзірге бұл азаматтардың ерікті бастамасы ретінде айтылып жатыр және қоғамда кең қолдау тауып келеді.
Бұл іс қоғамға нені көрсетті?
Рахат Сәрсенов ісі бірнеше жүйелік мәселені ашып берді. Біріншіден, бірінші және апелляциялық соттардың қорытындыларының арасындағы айырмашылық өте үлкен болды. Алғашқы үкімде ондаған миллион теңге шығын мен жүз жылқы туралы айтылса, кейін сот бір ғана жылқыны дәлелденген деп таныды. Екіншіден, адвокаттың іске тек апелляция кезеңінде қосылғаны құқықтық қорғаудың алғашқы сатыдағы маңызын тағы көрсетті. Үшіншіден, әлеуметтік желідегі эмоцияға құрылған пікірлер құқықтық бағамен әрдайым сәйкес келе бермейтінін байқатты. Бір тарап Рахатты толық ақталды деп есептесе, екінші тарап кәсіпкердің уәждерін алға тартады.
Әліптің артын бағайық!
Бұл іс бойынша соңғы сөзді сот айтты. Бірақ қоғамдағы пікірталас тоқтаған жоқ. Анығы, Рахат Сәрсенов бостандыққа шықты. Ал жауапсыз қалған сұрақтар әлі де көп. Егер шынымен 100 жылқы жоғалмаған болса, алғашқы айып қалай қалыптасты? Ал егер кәсіпкер айтқандай санақ кезінде мал жетіспесе, онда бұл айырмашылық сот процесінде неге толық дәлелденбеді? Осы сауалдарға нақты жауап берілмейінше, Рахат Сәрсенов ісі Қазақстандағы соңғы жылдардағы ең даулы сот процестерінің бірі ретінде қала бермек.
Сот ісі – эмоциямен емес, дәлелмен шешілетін күрделі процесс. Сондықтан мұндай даулы мәселеде қоғам болып бір ғана тараптың сөзіне сүйеніп, түпкілікті үкім шығару дұрыс емес. Бүгін Рахат Сәрсеновке жанашырлық танытып жатқан жұрттың да, өз шындығын айтып отырған Тәжіғали Елеуовтің де айтары бар. Апелляциялық сот алғашқы үкімді өзгертіп, істі қайта саралады. Бұл – құқықтық факт. Бірақ бұл істегі барлық сұраққа жауап берілді деген сөз емес. Егер шынымен ондаған жылқы жоғалған болса, олар қайда кетті? Егер жоғалмаған болса, онда мұндай ауыр айып қалай тағылды? Екі тарап бір-бірімен татуласты ма, әлде арадағы өкпе мен сенімсіздік сол күйі қалды ма? Бұл сұрақтардың жауабы әзірге көпшілікке беймәлім.
Біз сырттан қарап пікір айта аламыз, болжам жасай аламыз. Бірақ Рахат пен Тәжіғалидың арасына не түсті, кімнің қандай күй кешкенін, осы оқиғаның олардың жан дүниесіне қалай әсер еткенін өздерінен артық ешкім білмейді. Сондықтан бұл істің ең үлкен сабағы – сот процестеріне эмоциямен емес, заң мен дәлел тұрғысынан қарау. Өйткені ақиқаттың толық көрінісі көбіне сот материалдарында ғана емес, екі адамның жүрегінде де сақталып қалады.