Қызылорда облысында әйелін балталап тастаған мұғалімнің ісіне нүкте қойылды. Сот ұстазды адам өлтіруге оқталу бабымен кінәлі деп тауып, 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті, деп хабарлайды 31 арна.
Басы мен денесінен бірнеше жарақат алған 5 баланың анасы мүгедек болып қалды. 21 жыл педагог болған азаматтың мұндай қатыгездікке баруына не себеп?
Оқиға таңға уақытта болған
Қанды қылмыс Бала би ауылында 3 ай бұрын болған. Таңғы сағат 4 шамасында шырт ұйқыда жатқан әйелді күйеуі балталап тастаған. Педагог өткір құралмен әйелінің басын, иығын және қолын шапқан. Сөйтіп өзі сыртқа шығып кеткен. Ал шошып оянған қызы қан-жоса болған анасын көріп, дереу көмек шақырған. Соның арқасында жедел жәрдем қызметкерлері 42 жастағы жәбірленушіні аман алып қалды. Ал отағасының қатыгез әрекеті сотта толық дәлелденіпті.
"Ол балтаны алып, әйелінің ұйықтап жатқан сәтін пайдаланып, аса қатыгездікпен оның басы мен иығына бірнеше рет соққы жасаған. Кәмелетке толмаған балалары оянған кезде сотталушы қылмыстық әрекетін аяқтай алмай, балтаны тастап, сыртқа шығып кеткен. Ол ҚР ҚК 99-бабының 2-бөлігі 3 және 5-тармақтары бойынша кінәлі деп танылып, 15 жылға бас бостандығынан айырылды", - деді Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты әкімшілігінің басшысы Ерлан Раушанбекұлы.
Ерлі-зайыптының 5 баласы бар
Яғни сотталушы адам өлтіруге оқталу бабы бойынша жазасын өтейді. Ал отбасындағы сұмдық жағдай ерлі-зайыптының бір-бірін түсіне алмауынан болған дейді, прокурорлар.
Сот үкімін онлайн тыңдаған жәбірленуші сот шешімімен келісті. Мүгедек болып қалған әйел сотталушымен 11 жыл тұрмыс құрған. Ерлі-зайыптының бес баласы бар.
Еске салайық, қайғылы оқиға осы жылдың сәуір айында болған еді. Жәбірленуші ауыр халде жансақтау бөліміне түсті. Зардап шеккен әйелге шұғыл көмек көрсету үшін облыс орталығының дәрігерлері санавиациямен ауданға жіберілді.