Бірнеше жыл бұрын электромобиль туралы әңгіме көбіне экология, көмірқышқыл газының шығарындылары және мемлекеттік субсидиялар төңірегінде өрбитін. Қазір жағдай түбегейлі өзгерді. Электромобиль енді қоршаған ортаны қорғау мәселесі ғана емес, өнеркәсіптік саясаттың, технологиялық бәсекенің және геосаяси ықпалдың маңызды құралына айналды, деп жазады Ozgeris.info.
Халықаралық энергетикалық агенттіктің (International Energy Agency) Global EV Outlook 2026 баяндамасы әлемдік автомобиль өнеркәсібінде бұрын-соңды болмаған өзгеріс жүріп жатқанын көрсетеді. Әңгіме бензин қозғалтқышынан электр қуатына көшу туралы ғана емес. Әңгіме жаңа индустриялық тәртіптің қалыптасуы туралы болып отыр. Ал осы өзгерістің дәл ортасында Қытай тұр.
EconomyKZ сарапшысы Лина Егельдің айтуынша, Қытай бүгінде әлемдегі ең ірі электромобиль нарығы ғана емес, жаңа автомобиль дәуірінің негізгі орталығына айналып келеді.
«2025 жылы әлемде 20 миллионнан астам электромобиль сатылды. Нәтижесінде әлемде сатылған әрбір төртінші жаңа көлік электрлі болды. Бұл көрсеткіштің шамамен 60 пайызы Қытай өндірушілерінің үлесіне тиесілі. Ал Қытайдың өз ішінде электромобильдер жаңа автокөлік нарығының 55 пайызын иеленді. Яғни әлемдегі ең ірі автомобиль нарығы іштен жанатын қозғалтқыш дәуірінен өтіп, жаңа кезеңге аяқ басты деуге болады», дейді сарапшы.
Бірақ басты өзгеріс сұраныс жағында емес, өндіріс саласында болып жатыр. 2025 жылы әлем бойынша шамамен 22 миллион электромобиль өндірілген. Оның төрттен үш бөлігі Қытай зауыттарында құрастырылды. Бұдан да маңыздысы – Қытай тек көлік шығармайды. Ол осы саланың бүкіл өндірістік тізбегін бақылауға жақындап келеді.
Қазіргі таңда әлемдегі аккумулятор ұяшықтарының 80 пайыздан астамы Қытайда өндіріледі. Батарея жасауға қажетті материалдар өндірісіндегі үлесі бұдан да жоғары.
«Көптеген мемлекет электр көлігіне көшу туралы талқылап жатқанда, Қытай бір мезетте аккумулятор өндірісін, бағдарламалық қамтамасыз ету саласын, компоненттер өндірісін және автокөлік құрастыруды қатар дамытты. Бүгінде дәл осы экожүйе Қытайдың басты артықшылығына айналып отыр», дейді Лина Егель.
Бұл өзгерістер халықаралық сауда статистикасынан да анық көрінеді. 2025 жылы Қытайдың электромобиль экспорты 2,5 миллионнан асып, тарихи рекорд орнатты. Қазір Еуропа мен АҚШ-тан тыс нарықтардағы электромобиль сатылымының жартысынан көбі Қытайдан жеткізілетін көліктердің үлесіне тиесілі.
Салыстырсақ, небәрі бес жыл бұрын бұл көрсеткіш 5 пайызға да жетпейтін. Сарапшылар мұны әлемдік автомобиль өнеркәсібіндегі күштердің қайта бөлінуі деп бағалайды. Өйткені Қытай тек көлік сатып жатқан жоқ. Ол өндіріс технологиясын, жеткізу тізбектерін және жаңа индустриялық стандарттарды экспорттап жатыр. Бұл үрдіс әсіресе дамушы мемлекеттерде айқын байқалады.
Мәселен, Оңтүстік-Шығыс Азия соңғы жылдары электромобильдердің ең жылдам өсіп жатқан нарықтарының біріне айналды. 2025 жылы аймақтағы электромобиль сатылымы екі еседен астам көбейіп, жаңа автокөлік нарығының шамамен 20 пайызына жетті.
Вьетнамда электромобильдердің үлесі 40 пайызға жақындаса, Таиландта төрттен біріне, Индонезияда 15 пайыздан астамына жеткен.
«Бұл елдердің барлығында дерлік Қытай компаниялары негізгі рөл атқарып отыр. Мысалы, Таиландтағы электромобиль нарығының шамамен төрттен үш бөлігі қытайлық брендтердің бақылауында. Индонезияда да сатылымның басым бөлігі Қытайдан импортталған немесе қытайлық компаниялар жергілікті жерде өндірген көліктерге тиесілі. Тіпті жергілікті өндірісті дамытуға тырысқан елдердің өзінде негізгі технология мен жеткізу тізбегі Қытайдан келеді», дейді сарапшы.
Қытай табысының тағы бір маңызды сыры – баға. Ұзақ уақыт бойы электромобильдердің жаппай таралуына кедергі болған негізгі фактор олардың қымбаттығы еді. Алайда жағдай өзгеріп келеді.
Халықаралық энергетикалық агенттіктің бағалауынша, 2025 жылы Қытайда сатылған толық электрлі көліктердің шамамен 70 пайызы іштен жанатын қозғалтқышы бар дәстүрлі автомобильдерден арзан болған.
Бұл бүкіл сала үшін бетбұрыс кезең саналады. Өйткені бұрын тұтынушылар электромобильді экология үшін немесе мемлекеттік жеңілдіктердің арқасында таңдаса, енді оны экономикалық тұрғыдан тиімді болғандықтан сатып ала бастады. Еуропа да электромобиль нарығын дамытып жатыр. Бірақ оның моделі Қытайдан өзгеше.
2025 жылы Еуропада электромобиль сатылымы 30 пайыздан астам өсіп, нарықтағы үлесі 28 пайызға жетті. Алайда мұндағы негізгі қозғаушы күш – Еуропалық одақ енгізген көмірқышқыл газы бойынша қатаң талаптар мен реттеуші нормалар. Өндірушілер жаңа талаптарға бейімделуге мәжбүр болды. Ал Қытайда өсім көбіне нарықтық бәсеке, өндіріс көлемі және өзіндік құнның төмендеуі арқылы қамтамасыз етіліп отыр.
АҚШ-тағы жағдай бұдан мүлде бөлек. Салықтық жеңілдіктердің бір бөлігі қысқартылғаннан кейін электромобиль нарығының өсімі айтарлықтай баяулады. Тіпті 2025 жылдың соңғы тоқсанында сатылым көлемі бір жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 45 пайызға төмендеген.
Бұл мемлекеттік ынталандырудан бөлек, өндірістік база мен баға бәсекесінің қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Электрлендіру үрдісі тек жеңіл көліктермен шектелмейді. Жүк тасымалы саласында да үлкен өзгеріс басталды. 2025 жылы әлемдегі электр жүк көліктерінің сатылымы екі еседен астам өсіп, жаһандық нарықтың 9 пайызына жетті. Мұнда да көш бастап тұрған – Қытай. Қазір елде сатылатын әрбір төртінші жаңа жүк көлігі электр қуатымен жүреді.
Бұдан да қызығы, Қытайдағы электр жүк көліктері нарығының шамамен үштен бірін бұрын дизельді техника шығармаған жаңа компаниялар иеленіп отыр. Бұл электромобиль дәуірі жаңа ойыншыларға да мүмкіндік ашып жатқанын көрсетеді. Лина Егельдің пікірінше, бүгінгі таңда негізгі бәсеке бензин мен электр қозғалтқышының арасында емес.
«Қазір бәсеке автомобильдердің арасында емес, өндірістік экожүйелер арасында жүріп жатыр. Өткен ғасырда көшбасшылықты қозғалтқыш, трансмиссия және құрастыру сапасы анықтаса, бүгін батарея технологиясы, бағдарламалық қамтамасыз ету, жасанды интеллект және өндірістік тізбектерді бақылау шешеді. Сондықтан электромобиль нарығындағы ең маңызды оқиға сатылған көліктер саны емес. Ең маңыздысы – Қытайдың электр көлігіне көшу кезеңін пайдаланып, әлемдік автомобиль өнеркәсібіндегі позициясын түбегейлі күшейтіп алуы», дейді сарапшы.
Бүгінде әлемнің көптеген мемлекеті электромобиль өндірісін дамытуға миллиардтаған доллар инвестиция салып жатыр. Алайда Қытай бұл жарысты ертерек бастап қана қойған жоқ, қазір оның бағытын да өзі айқындап отыр. Сондықтан электромобильдер туралы әңгіменің түпкі мәні көліктің қандай қозғалтқышпен жүретінінде емес. Мәселе – болашақ өнеркәсібін кім басқаратынында.