Қазақстанда орташа жалақы қанша? Осы ақшаға қанша литр бензин алуға болады? Аталмыш көрсеткішпен біз әлемдік рейтингте нешінші орындамыз? Доллар мен жанармай бағасы шарықтаса халықтың күні не болмақ? Сарапшылар алдағы бір-екі жылда энергия мен жанармай бағасы тағы өсуі мүмкін дейді. Ozgeris.info тілшісі басқа елдермен салыстырып, алда не күтіп тұрғанын талдап көреді.
Бүгінде орташа айлық жалақы 423 133 теңгені құрайды, салықтар ұсталғанға дейінгі сома осы. Салық ұсталса, сәйкесінше, қолға тиетін ақша да азаяды, салдарынан сатып алуға болатын бензин көлемі де азаяды.
Халықаралық зерттеулер әлем елдерін салыстырып көрді. Рейтинг көшін Люксембург бастап тұр. Ол елдің тұрғыны орташа жалақысымен 2875 литр АИ-95 маркалы бензинін ала алады. Одан кейінгі орындарда Ұлыбритания, Норвегия, Австрия және Ирландия орналасқан. Қазақстан 16-орынға ие болып, орташа айлық табысқа 1285 литр бензин сатып алуға мүмкіндік береді. Біз Ресей мен Италияның ортасында тұрмыз. Дегенмен, сарапшылар аталмыш көрсеткіш ұзақ уақыт сақталмайды дейді. Осы аптада Үкімет жанармай бағасы көрші елдер деңгейіне дейін жететінін,тіпті одан да жоғары көтерілуі мүмкін екенін мәлімдеді.
Қазақстанда бензин мен дизель отыны көрші мемлекеттерге қарағанда арзан. Салдарынан жаппай сыртқа кетуіне себеп болып отыр. Бұл туралы біз алдыңғы материалдарда жаздық. Жанармай заңсыз жолмен де, заңды жолмен де сатылып жатыр. Мәселен, транзиттік көліктер елімізде арзанға отын құйып алып, шекарадан өтеді. Дефициттің алдын алу үшін бағаны біртіндеп теңестіру жоспарлануда.
Салыстыру үшін айта кетейік. Ресейде 92-бензиннің литрі шамамен 400 теңге, Қырғызстанда 460 теңге, Өзбекстанда 485 теңге. Сұйытылған газдың бағасы да өсіп жатыр. 1 тамыздан бастап тоннасы ҚҚС-пен қоса есептегенде 66 889 теңгеге жетті. Ресейде оның тоннасы шамамен 129 649 теңге тұрады. Баға теңестірілген жағдайда не үшін екені белгілі.
Сарапшы Олжас Байдельдиновтың пікірінше, егер жалақыны «қолға тиетін» мөлшерде есептесек, Қазақстан жанармай қолжетімділігі бойынша дәстүрлі түрде әлемнің үздік ондығына кіреді. Еуропада салық мөлшері жоғары, жалақы көбіне «брутто» көрсетіледі, сондықтан нақты есептегенде біздің көрсеткішіміз одан да жоғары шығады.
Кейбір аймақтарда, мысалы Атырау мен Маңғыстауда, жалақы деңгейі жоғары, сондықтан бұл өңірлерде жанармай қолжетімділігі әлемдік көшбасшыларға жақын. Алайда бағаның өсуі сөзсіз, өйткені Қазақстанда бензиннің долларлық бағасы ұзақ жылдар бойы өзгермей келді.
«Мысалы, 2000-жылдардың басында 93-бензиннің литрі 50 теңге болса, сол кезде доллар бағамы 120 теңге еді. Қазір литрі 220 теңге, доллар бағамы 540 теңге. Әлемде бірде-бір елде бір тауардың доллармен есептегендегі бағасы 20 жылдан астам уақыт өзгеріссіз қалған емес. Бұл мемлекеттің бағаны жасанды түрде ұстап тұрғанын көрсетеді», - дейді сарапшы.
92-бензиннің өзіндік құны шамамен 60 центті құрайды. Қазіргі бағам бойынша литріне 324 теңге. Сарапшының болжамынша, алдағы 1-2 жылда баға осы деңгейге жетеді.
Экономист бағаның өсу себептерін түсіндірді. Айтуынша, Қазақстан көрші елдерден оқшау өмір сүрмейді, сондықтан баға айырмашылығы контрабанданы күшейтіп отыр. Ал шекараны толық бақылау мүмкін емес. Экспортқа тыйым салынса да, жанармай жүк көліктері мен жеңіл машиналардың бактары арқылы сыртқа шығарылып жатыр.
Заңсыз экспорт өз алдына бөлек мәселе, одан бөлек ішкі нарықта тапшылық бар. Қазақстан жылына 14,5 млн тонна отын өндіргенімен, тұтыну көлемі одан көп, сондықтан жыл сайын Ресейден 1,5 млн тоннаға дейін импорттауға мәжбүр. Өзіндік құн жоғары, өйткені өндіру, тасымалдау және өңдеу шығындары доллармен есептеледі.
Сарапшы тәуелділіктен арылудың жалғыз жолын атап өтті. Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуатын жылына 6 млн тоннадан 12 млн тоннаға дейін арттыру. Алайда бұл жоба 2030-2033 жылдардан ерте жүзеге аспайды. Сол уақытқа дейін біз Ресей отынына тәуелді болып қала береміз.
Неліктен мұнай арзандаса да бензин қымбаттайды? Сарапшының түсіндіруінше, мұнай бағасы төмендеген кезде мұнай компанияларының табысы азаяды. Олар ішкі нарыққа мұнайды көбіне шығынмен жеткізіп, оны экспорттан түскен пайда есебінен өтейді. Ал әлемдік баға түскенде мүмкіндік жойылады, содан кейін теңге әдетте девальвацияға ұшырайды. Соның салдарынан бензин бәрібір қымбаттайды.
Теңге бағамының болжамы
2024 жылғы бюджет тапшылығы шамамен 20 млрд долларды құрады. Сарапшылар тапшылықты алдағы жылдары теңгеге қысым түсіретін негізгі факторлардың бірі ретінде санайды. Болжам бойынша, жақын жылдары доллар бағамы 600-700 теңге деңгейіне жетуі мүмкін. Тіпті ұлттық валютада 2ө3 нөлді қысқарту, яғни деноминация қаупі де бар.
Қазір ел халқы 20 миллионнан асты. Жыл сайын шамамен 300 мың адамға артып келеді. 2040 жылға қарай халық саны 25 млн-ға жетеді деген болжам бар. Сол уақытта жанармай, электр энергиясы және су тапшылығы ушығуы ықтимал.
Сарапшының пікірінше, ел қазір «орта табыс қақпанында» тұр. Экономика белгілі бір шектен жоғары дами алмай отыр. Айтарлықтай технологиялық серпіліс немесе жер қойнауын пайдалану шарттарының өзгеруі болмаса, жағдайдың жақсаруы екіталай. Үкімет те, сарапшылар да елімізде арзан энергия дәуірі аяқталып келе жатқанын мойындайды. Алдағы жылдары жанармай бағасы көрші елдер деңгейіне көтеріледі. Халық бұған бейімделуі керек, не үнемдеуге көшуге тура келеді.