Қазақстанда жоғары білім алу құны жыл сайын өсіп келеді. Биыл да бұл үрдіс жалғасын тапты. Ресми деректерге сүйенсек, оқу ақысы бір жылда орта есеппен 10 пайыздан астамға қымбаттаған. Бұл жағдай мыңдаған отбасының қаржылық мүмкіндігіне тікелей әсер етсе де, жоғары білімге деген сұраныс төмендеген жоқ. Керісінше, ақылы бөлімде оқитын студенттер саны артып отыр, деп жазады Ozgeris.info.
Finprom.kz сарапшыларының мәліметінше, оқу ақысының қымбаттауы ең алдымен инфляциялық қысыммен байланысты.
«Қазақстанда жоғары оқу орындарында оқу құны өсті. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында жоғары білім беру қызметтеріне арналған тұтыну бағаларының индексі 110,8 пайызды құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда оқу ақысы 10,8 пайызға артқанын білдіреді. Жалпы, соңғы бірнеше жылда жоғары білім беру қызметтерінің бағасы тұрақты түрде өсіп келеді. 2022 жылдан бері бұл көрсеткіш 110-116 пайыз аралығында қалыптасып отыр. Мұның негізгі себебі – инфляциялық процестер. Соңғы жылдары жоғары оқу орындары қызметінің бағасы жалпы ақылы қызметтер бағасының индексіне сәйкес немесе соған жақын деңгейде өсуде», деп жазады сарапшылар.
Алайда ел бойынша орташа көрсеткіш өңірлердегі нақты жағдайды толық ашып бере алмайды. Кейбір аймақтарда оқу ақысы әлдеқайда жоғары қарқынмен өскен. Мәселен, Атырау облысында өсім 36 пайыздан асқан. Түркістан, Маңғыстау облыстары мен Шымкент, Астана қалаларында да айтарлықтай қымбаттау тіркелген. Ал кей өңірлерде өсім баяу немесе мүлде байқалмаған. Жоғары оқу орындары арасындағы баға айырмашылығы да едәуір. Әсіресе ірі қалалардағы университеттерде оқу құны әлдеқайда жоғары.

«Ашық деректерді талдау көрсеткендей, елорда мен Алматыдағы жоғары оқу орындарында оқу ақысы өңірлерге қарағанда едәуір қымбат. Мысалы, Алматы қаласында жылдық оқу құны 500 мың теңгеден бастап 7,6 миллион теңгеге дейін барады. Бұл айырмашылық оқу орнының мәртебесіне, білім беру сапасына, ұсынылатын бағдарламаларға және мамандық түріне байланысты қалыптасады. Ал өңірлерде ең төменгі оқу ақысы шамамен 450 мың теңгеден басталып, ең жоғарғысы 2,4 миллион теңгеге дейін жетеді. Сонымен қатар, жоғары оқу орындарының табысы тек бағаның өсуінен ғана емес, студенттер санының артуынан да көбейіп отыр. 2024-2025 жылдар бойынша жүргізілген есептеулерге сәйкес, өткен жылы жоғары оқу орындары көрсеткен қызмет көлемі 17,9 пайызға өсіп, 807,8 миллиард теңгеге жетті. Оның шамамен 40 пайызы студенттердің оқу ақысы есебінен түскен», деп атап өтеді Finprom.kz.
Соған қарамастан, оқу ақысының өсуі талапкерлер санына кері әсер етпеген. Керісінше, ақылы бөлімге түсетін студенттер саны артқан. 2025–2026 оқу жылының басында жоғары оқу орындарына коммерциялық негізде 130 мыңнан астам студент қабылданған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай жоғары көрсеткіш. Бұл жағдай қоғамда жоғары білімнің маңызы әлі де жоғары екенін көрсетеді. Көптеген ата-ана үшін университет дипломы – болашақтағы тұрақты табыстың кепілі. Сондықтан олар қаржылық қиындықтарға қарамастан, баласының білім алуына инвестиция жасауды жалғастырып келеді.
Дегенмен сарапшылар өңірлер мен ірі қалалар арасындағы айырмашылық сақталып отырғанын айтады. Астана мен Алматы жоғары білімнің негізгі орталығына айналып, елдегі барлық білім беру қызметінің басым бөлігін өзіне шоғырландырған.