Қазақстанда сұлулық индустриясы қарқынды өсіп келеді. Сарапшылардың бағалауынша, 2025 жылға қарай бьюти нарық көлемі 1,1 трлн теңгеден асады. Қызығы сол, тұрмыстық техника сияқты дәстүрлі нарықтарда тұтыну баяулағанымен, косметикаға деген сұраныс тұрақты түрде артып отыр. Бұл құбылыс тек тұтынушылық мінез-құлықтың өзгерісін ғана емес, қоғамдағы терең әлеуметтік үрдістерді аңғартады, деп жазады Ozgeris.info.
EconomyKZ-тің тәуелсіз сарапшысы Ерлан Каримовтың айтуынша, кейінгі жылдары отандастарымыздың косметикаға жұмсайтын шығыны айтарлықтай өскен. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, маркетплейстер арқылы жасалған сатып алулар көлемі екі жыл ішінде екі есеге жуық артқан. Егер 2022 жылы бұл көрсеткіш 54,8 млрд теңге болса, 2024 жылы 106,6 млрд теңгеге жеткен.
«Бұл өсімнің негізгі қозғаушы күші жастар болып отыр. Барлық сатып алулардың 63 пайызы 29 жасқа дейінгі азаматтарға тиесілі. Әсіресе 18 бен 25 жас аралығындағы буын белсенді. Олар үшін косметика тек күтім құралы емес, өзін танытудың, өз бейнесін қалыптастырудың бір тәсілі. Таңдау жасау кезінде дәстүрлі жарнамадан гөрі әлеуметтік желілердегі пікірлер мен трендтерге көбірек сүйенеді. Яғни қазіргі тұтыну мәдениеті түбегейлі өзгерді деуге болады. Адамдар өнімнің сапасына ғана емес, оның сыртқы бейнесіне, брендтің ұсынатын идеясына мән береді. Бұл үрдіс алдағы жылдары да сақталады», дейді сарапшы.

Цифрлық кеңістіктің ықпалы күшейген сайын сыртқы келбет жеке имидждің маңызды бөлігіне айналды. Әсіресе жастар үшін бұл әлеуметтік ортада өз орнын табудың құралы іспетті. Алайда бұл құбылыстың екінші қыры да бар. Алғаш қарағанда, косметикаға жұмсалатын шығындардың артуы әйелдердің әл ауқаты жақсарғанының белгісіндей көрінуі мүмкін. Бірақ мәселенің астары терең. Ерлан Каримов бұл жағдайды сұлулық салығы ұғымымен байланыстырады.
«Әйелдер үшін бьюти индустрияға кететін шығын көп жағдайда ерікті таңдау емес, әлеуметтік талаптың нәтижесі. Біз сұлулық салығы деп отырған құбылыс бұл қоғамда қабылдану үшін жасалатын мәжбүрлі инвестиция. Ер адамдар үшін кәсіби ортада жинақы, ұқыпты көріну жеткілікті болса, әйелдерге қойылатын талап әлдеқайда жоғары. Олар тек білімімен емес, сыртқы келбетімен де үнемі бағаланып отырады. Бұл талап ресми түрде жазылмағанымен, еңбек нарығында айқын сезіледі. Ең күрделі тұсы мынада, әйелдер бұл шығындарды көбіне өз еркімен жасағандай көрінеді. Бірақ шын мәнінде бұл таңдау емес, бейімделу. Себебі жұмысқа орналасу, мансапта өсу кезінде сыртқы келбет жанама түрде әсер етеді. Ал парадокс мынада, әйелдердің білім деңгейі жоғары болғанымен, олардың табысы төмен болып қалып отыр. Яғни олар көбірек күш жұмсайды, көбірек шығындалады, бірақ қаржылық қайтарымы төмен. Бұл ұзақ мерзімде теңсіздікті одан әрі тереңдетуі мүмкін», дейді сарапшы.
Қазақстандағы ресми деректер бұл пікірді нақтылай түседі. Ғылыми дәрежесі бар азаматтардың ішінде әйелдер саны басым. Ғылым докторлары арасында 2 607 әйел болса, ерлер 2 359. Ғылым кандидаттары 8 885 әйел және 7 930 ер адам. PhD дәрежесін алғандар ішінде де әйелдер алда. Магистр дәрежесін алғандар саны да әйелдер арасында көбірек.
Сонымен қатар басшылық қызметтегі әйелдердің үлесі артып келеді. 2001 жылы бұл көрсеткіш 32,8 пайыз болса, 2024 жылы 41,3 пайызға жеткен. Дегенмен бұл өсім жалақы теңдігіне толық әсер етіп отырған жоқ. 2024 жылы әйелдердің орташа жалақысы ерлердің табысының 73,5 пайызы ғана болды. Нақты айтқанда, әйелдер 344,4 мың теңге алса, ерлер 468,9 мың теңге табады.
Бұл үрдістің тамыры ерте жастан қалыптасатынын педагогтар да растайды. Астана қаласындағы мектеп мұғалімі Гүлмайра Мұсаның айтуынша, қыз балалардың сырт келбетке ерте жастан мән беруі кейін олардың қаржылық әдетіне де әсер етеді.
«Қазіргі оқушылардың арасында, әсіресе қыз балаларда, әдемі көріну тек жеке қалау емес, белгілі бір ортаға сай болудың шарты сияқты қабылданады. Әлеуметтік желілердегі образдарға қарап, өздерін сол деңгеймен салыстырады. Соның салдарынан олар ерте жастан бастап косметикаға, киімге, түрлі күтім құралдарына ақша жұмсауға үйренеді. Бұл алғашында ұсақ шығын болып көрінгенімен, уақыт өте келе қалыпты дағдыға айналады. Кейбір оқушылардың өз қалтасындағы ақшаны бірінші кезекте сырт келбетке жұмсауды маңызды санауы байқалады. Бұл олардың қаржыға деген көзқарасын қалыптастырады. Сондықтан мектепте тек білім беріп қана қоймай, қаржылық сауаттылыққа да көңіл бөлу қажет. Балаларға ақшаны дұрыс жоспарлау, шығын мен қажеттілікті ажырату маңызды екенін түсіндіру керек. Әйтпесе сыртқы келбетке қойылатын талап олардың болашақтағы қаржылық шешімдеріне де әсер етуі мүмкін», дейді педагог.
Осы жағдайды ескере отырып, сарапшылар мәселені жүйелі түрде шешу қажет екенін айтады. Ерлан Каримов бірқатар нақты ұсыныс білдіреді.
«Ең алдымен қызметкерлер саны 50 адамнан асатын компанияларда гендерлік аудит тұрақты жүргізілуі тиіс. Бұл бірдей лауазымдағы ерлер мен әйелдердің жалақы айырмасын ашық көрсетуге мүмкіндік береді. Ашықтық болған жерде әділдікке сұраныс та артады. Сонымен бірге мемлекеттік және квазимемлекеттік секторда кадр іріктеудің жаңа тәсілдерін енгізу маңызды. Соның бірі соқыр іріктеу әдісі. Бұл жағдайда үміткердің жынысы мен жасы емес, кәсіби біліктілігі ғана бағаланады. Мұндай тәсіл еңбек нарығындағы жасырын стереотиптерді азайтады. Тағы бір маңызды бағыт ірі компаниялардың басқару органдарында әйелдердің үлесін арттыру. Ұлттық компаниялардың директорлар кеңесінде әйелдер саны кемінде 30 40 пайыз деңгейінде болуы тиіс. Бұл шешім қабылдау процесін теңгерімді етеді және қоғамдағы гендерлік теңдікті нығайтады», дейді сарапшы.
Жалпы алғанда, Қазақстандағы сұлулық индустриясының өсуі бір жағынан экономикалық белсенділіктің белгісі болса, екінші жағынан қоғамдағы жасырын теңсіздіктерді де айқын көрсетеді. Сыртқы келбетке жұмсалатын шығын еркін таңдау емес, талапқа айналған кезде, оның салмағы жеке адамға ғана емес, бүкіл қоғамға түседі.