Желіде танымал продюсер Баян Алагөзованың «КешYou» тобының 20 жылдығына орай түсірген жаңа жобасы қызу талқыға түсіп жатыр. Көрермендердің бірі аталмыш туындыны «өте әлсіз» деп бағалап, продюсерді арзан хайп қуды деп айыптады деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Гауһар Өтелбаева есімді желі қолданушысы Facebook парақшасында фильмге қатысты көлемді пікір қалдырды. Ол Баян Мақсатқызын ықпалды әрі тәжірибелі маман ретінде қатты құрметтейтінін, алайда бұл жобаның мүлдем көңіл көншітпегенін ашық айтты. Оның пікірінше, фильмде шығармашылық жолдан гөрі, топ ішіндегі «лас» оқиғаларға басымдық берілген.
«Мәселе монтаж бен суреттің сапасында емес. Мәселе бізге нені "жегізгісі" келетінінде! Көрерменге лас дүниелер, ұрыс-керіс, ішкі жанжалдар арқылы шоу ұсыну идеясы бірден байқалады. Өйткені бұл жақсы өтеді. Бірақ мен бұған келіспеймін! Шоу-бизнестегі әйелдер, олардың өсу жолы мен индустрия туралы өте мықты, лайықты дүние жасауға болар еді. Қарауға ұялатын "ас үйдегі" ұрыс-керіссіз-ақ», – деп жазды ол.
Сонымен қатар, жазба авторы «КешYou» тобының «аңыз» екеніне де күмән келтірді. Ол топтың уақыт сынынан өткен мықты хиттерін есіне түсіре алмайтынын, ал одан шыққан әншілердің (Жанар Дұғалованы қоспағанда) тұтас бір дәуірді айқындайтын жұлдызға айналмағанын алға тартты.
Сөз соңында автор продюсерге тікелей үндеу тастады:
«Баян Мақсатқызы, сіздің деңгейіңіз бен мәртебеңізде бірдеңені жанжал арқылы дәлелдеудің қажеті жоқ. Екі-үш күн талқыланып қоя салатын емес, шынымен із қалдыратын өнім көргіміз келеді. Шу үшін жасалатын шоу жетер енді! Өзіңіздің қолыңыздан келетіндей шынымен мықты дүние беріңізші!»
Айта кетейік, әлеуметтік желіде бұл пікірді қостап, фильмнің тым ашық әрі даулы тұстарын сынап жатқан оқырмандар қарасы қалың.