Алматы қаласының орталығында, Бөгенбай батыр мен Бегалин көшелерінің қиылысында алып терек құлап, тұрғындардың зәресін алды деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Оқиға куәгерлерінің айтуынша, дәу ағаш тура сол маңнан өтіп бара жатқан адамдардың үстіне құлаған. Абырой болғанда, тұрғындар дер кезінде қашып үлгеріп, аман қалды. Теректің ауыр бұтақтары жол жиегінде тұрған бірнеше автокөлікті басып қалып, сырып тастаған.Құлаған ағаш аудандағы электр сымдарын үзіп кеткен.
Әзірге зардап шеккендер туралы ресми ақпарат түскен жоқ. Дегенмен, бұл жағдай қала тұрғындарының арасында үлкен алаңдаушылық тудырып отыр. Оқиғаның мән-жайы мен келтірілген шығын көлемін анықтау үшін Төтенше жағдайлар департаментіне (ТЖД) ресми сауал жолданды.
Еске сала кетейік: Алматыда ескі ағаштардың құлауы бұған дейін де қайғылы жағдайларға әкеп соққан. 2025 жылдың жазында қалада үлкен ағаш бұтағы үзіліп түсіп, бір әйелдің өмірін қиған болатын. Тұрғындар әкімдіктен қауіпті ағаштарды кесу жұмыстарын күшейтуді талап етуде.