Жаңалықтар

«Мен заңды білемін»: Оразалы Ержановтың соты басталды

«Мен заңды білемін»: Оразалы Ержановтың соты басталды

Алматыда белгілі заңгер, «Elge Qaitaru» қорының басшысы Оразалы Ержановқа қатысты басты сот талқылауы басталды деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

Қорғаушы тарап істі қарап жатқан судья Руслан Мұратбековті ауыстыруды сұрады. Адвокаттың айтуынша, судья наурыз айында президенттің жарлығымен басқа сотқа (Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына) тағайындалған. Алайда, Алмалы аудандық сотының төраға міндетін атқарушы кадр тапшылығына байланысты судьяның бұл істі қарауы толықтай заңды екенін айтып, өтінішті қанағаттандырмады.

Прокурордың мәліметінше, Ержановқа Қылмыстық кодекстің 150-бабы (Сайлау құқықтарын жүзеге асыруға немесе сайлау комиссияларының жұмысына кедергі жасау) бойынша айып тағылған. Бұған оның Facebook желісіндегі жазбалары себеп болған:

15 наурызда өткен жаңа Конституция бойынша референдумға Egov арқылы бойкот жариялауға шақыруы;

Референдум өтетін күні Түркістанда баламалы құрылтай өткізуді ұсынуы;

Жаңа Конституциядағы «заң және тәртіп» қағидатын нацистік Германия билігінің әдістерімен салыстыруы.

Оразалы Ержанов өзіне тағылған айыптарды мойындаудан бас тартты.

«Мен келіспеймін, бойкот – заңды нәрсе. Менің барлық әрекетім Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес келеді, ешқандай заң бұзушылық жоқ. Жоғары заңгерлік білімім бар, заңды жақсы білемін және түсінемін», – деп мәлімдеді ол.

Сотта Ержановтың үстінен полицияға арыз жазған куәгерден жауап алынды. Ол желідегі «бойкот» туралы жазбаны көргенде Қаңтар оқиғасы есіне түсіп, елдегі тұрақтылыққа қауіп төне ме деп қорыққанын айтқан. Алайда күдіктінің «Бойкот пен Қаңтар оқиғасының арасында қандай байланыс бар?» деген сұрағына куәгер нақты жауап бере алмады.

Оразалы Ержанов ақпан айының соңында ұсталған болатын. Полиция оның желіде жалған ақпарат таратып, азаматтарды шатастыруға бағытталған жазбалар жариялағанын мәлімдеген. Басында 10 тәулікке, кейін екі айға қамалған белсенді кейінірек сот шешімімен үйқамаққа ауыстырылды.

Барлық жаңалық