Қоғам

«Маған өздері өтініш жасады»: Полицияны түсірген танымал автоблогер қамалды

«Маған өздері өтініш жасады»: Полицияны түсірген танымал автоблогер қамалды

Блогер «Қауіпсіз жол» рейді кезінде тікелей эфирге шығып, полиция қызметкерлерінің іс-әрекетіне қатысты пікір білдірген. Тәртіп сақшылары оның бұл әрекеті өз жұмыстарына кедергі келтірді деп шағымданған деп хабарлайды ozgeris.info сайты OTYRAR сайтына сілтеп.

Айта кетейік, 23 сәуірде өткен алғашқы әкімшілік сот отырысында судья іс-әрекеттен құқық бұзушылық құрамын таппай, Жанпейісовті ақтап шыққан болатын. Алайда, апелляциялық сот бұл шешімнің күшін жойып, блогерді қамауға алуға үкім шығарды.

Сот барысында Руслан Жанпейісов оқиғаның мүлдем басқаша өрбігенін мәлімдеді:

«Маған полиция қызметкерлері қоңырау шалып, келіп осы рейдті түсіруімді сұрады. "Оқырманың көп қой, қала тұрғындарына ескерт" деді. Мен олардың өтініші бойынша ғана түсірдім. Жүргізушілерге видео арқылы өздерімен бірге үнемі жилеттер мен өрт сөндіргіштер алып жүру керектігін түсіндіруді сұрады. Болды. Мен оларға қарсы ешқандай әрекет жасаған жоқпын», – деп түсіндірді блогер.

Дегенмен, сот оқиға орнынан түсірілген видеоны басты дәлел ретінде қарап, шешімді блогердің пайдасына шығармады. Өз кезегінде Руслан Жанпейісов бұл қаулымен мүлдем келіспейтінін білдірді. Сарапшылардың пікірінше, бұл атышулы іс осымен тоқтап қалмай, әлі де жалғасын табуы мүмкін.

Барлық жаңалық