Журналист Абай Сейфуллаұлы ай сайын Меруерт Өтекешова 1 миллион жіберіп отырамын деген Баян Алагөзованы қатаң сынға алды, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты.
Бұл туралы ол Facebook желісіндегі парақшасында жазды.
”Баян Алагөзова жаһанға жар салып, Меруерт Өтекешоваға шуба кигізем, миллион теңге стипендия төлеймін деп жатыр. Ол сөздерін «Ұмыт қалған қаншама Халық әртісі бар, өнерге қызмет қылды, меценаттар, сіздер де оларды ескеріңіздерші» деп қуаттапты.
Бір көргенде «міне мәрт, шіркін-ай» дегізеді. Алайда Халық әртістері сыйлықтан, көмектен кенде болған емес. Олар мемлекеттің қарауында. Үйлі-күйлі. Үлкен іс-шараларға шақырылады, төрде отырады, сөз сөйлейді, жастармен кездеседі. Биыл Өтекешованың 75 жас мерейтойы бірнеше жерде атап өтілді. Жыл бойы жалғасады.
Баян айтқандай назардан тыс қалып үйде отырған жоқ. Талай меценат жария қылмай үлкен сыйлықтар жасап тұрады.
Себебі олар бір нәрсені біледі: мұндай жария әрекеттер — Меруерт Өтекешованың беделін көтермейді, керісінше қорғансыз қылып көрсетеді. «Байғұс-ай, бір Баян болмаса қайтер еді» дегізеді. Яғни Алагөзова «Қыз Жібектің» жыртығын бүтіндеп отырған жоқ, өз ұпайын түгендеп отыр.
Қатты ықыласы ауып бара жатса жеке барып беретін еді, бірақ есебі дұрыс шықпай қалатынын біледі.
Қадірлі тұлғаларымызда қартайғанда бақай есебіміз үшін пайдаланғанды қойсақ деймін”, — жеп жазды журналист.