Жаңалықтар

Қостанайда блогерге үкім шықты: 7,5 жылға сотталды

Қостанайда блогерге үкім шықты: 7,5 жылға сотталды

Қостанайда блогер Миршат Сарсенбаев бопсалау ісі бойынша кінәлі деп танылып, бас бостандығынан айырылды деп хабарлайды ozgeris.info сайты ulysmedia.kz порталына сілтеп.

Сот үкіміне сәйкес, ол аса ірі көлемде бопсалау жасағаны үшін 7 жыл 6 айға сотталып, мүлкі тәркіленетін болды.

Іс материалдарына сәйкес, 2025 жылдың ақпан айында блогер кәсіпорындардың біріндегі заңбұзушылықтарды түсіріп, оны әлеуметтік желіде жариялаған. Кейін бұл жағдай бойынша тексеріс жүргізіліп, кәсіпорынға айыппұл салынған.

Сот нұсқасы бойынша, кейінірек кәсіпорын өкілдері видеоны өшіруді сұраған. Осыдан соң блогер өзінде басқа да материалдар бар екенін айтып, мәселені «ақшаға шешуді» ұсынған.

Тергеу дерегіне сәйкес, ол 20 млн теңге немесе жүк көлігін талап етіп, кейін 15 млн теңгеге келіскен. Ақша жедел іс-шара барысында берілген.

Сот отырысында айыпталушы өз кінәсін мойындамаған. Ал қорғаушы тарап оны ақтауды сұраған.

Сот блогердің кәмелетке толмаған баласының барын жеңілдететін жағдай ретінде ескерген. Ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.

Қазіргі уақытта үкім заңды күшіне енген жоқ.

Барлық жаңалық