📰 Сарапшылар пікірі

Қолда бар алтыннан қалай пайда көреміз?

Алтын құнын еш уақытта жоғалтпайтыны әмбеге аян. Оның нарықтағы үдерісі үнемі қыз-қыз қайнап жатады. Жалпы бұл бағытта қандай қызықтар болып жатыр. Бір шолып қайтайық, деп жазады Ozgeris.info.

Кейінгі күндері әлеуметтік желілерде бір қазақстандықтың бейнежазбасы кеңінен тарады. Онда ол алтынның соңғы екі жылдағы бағасы қалай өскенін нақты мысалмен көрсетеді.

«2023 жылы мен осы алтын құйманы грамын 63 доллардан сатып алған едім. Жалпы құны 3150 доллар болды. Ал қазір сол граммның бағасы 135 долларға жетті. Демек, осы 50 граммдық құйманың құны 6750 доллар болып тұр. Баға екі есеге жуық өсті. Сондықтан алтын мен бағалы тастарға инвестиция жасаңыздар», дейді автор бейнежазбада.

Бұл бейне көпшіліктің қызығушылығын туғызып, әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Көп адам өз тәжірибесімен бөлісіп, бүгінгі таңда алтынға ақша салу тиімді ме деген сұраққа жауап іздей бастады. Бірі алтынды ұзақ мерзімге сақтаудың дұрыс екенін айтса, енді бірі «қазір сатып алып, кейін баға көтерілгенде сатуға болады» деп пікір білдірді.

Қазір Ұлттық банктің ресми дерегіне сүйенсек, алтынның бір граммы шамамен 73 мың теңге тұрады. Ал Halyk Bank мәліметінше, 2025 жылдың 17 қазанындағы жағдай бойынша доллардың бағамы 534 теңге 57 тиынды құраса, банктегі алтынның бағасы грамына шамамен 80 420 теңге болып отыр.

Halyk Bank ұсынған баға бойынша:

* 100 граммға дейінгі алтын – 80 420 теңге,

* 1000 граммға дейін – 79 669 теңге,

* 1000 граммнан жоғарысы – 78 917 теңге шамасында.

Банктер алтынды сату және қайта сатып алу операцияларын Ұлттық банктің 2017 жылы қабылдаған бағдарламасы аясында жүргізеді. Бұл бағдарлама халыққа аффинирленген алтын құймаларын сатуға және кері сатып алуға мүмкіндік береді.

Алтынды сатып алғысы келетіндер үшін негізгі банктердің қатарында Halyk Bank, Еуразиялық банк, Jysan Bank және Банк ЦентрКредит бар. Сондай-ақ уәкілетті айырбастау пункттерінен де алтын алу не сату мүмкіндігі бар. Барлық операциялар жұмыс күндері сағат 9:00-ден 16:00-ге дейін жүргізіледі.

Құймалар бес түрлі салмақта шығарылады: 5, 10, 20, 50 және 100 грамм. Барлығының сынамасы 999,9 және арнайы қаптамамен қорғалған. Сол қаптама алтынның түпнұсқалығын дәлелдейтін сертификат қызметін атқарады. Егер қаптама бүлінсе, алтынды қайта сатып алу бағасы төмендетіледі. Құйманың шынайылығын тексеру үшін ультракүлгін шам қолдануға болады – қаптамада арнайы люминесцентті жазулар пайда болады.

Интернеттегі бейненің астында да түрлі пікірлер жазылып жатыр. Бір қолданушы:

«Мен де 2023 жылы алтын алған едім. Ең бастысы – қаптамасын ашпау керек. Сонда банк нарықтық бағамен қайта сатып алады», – деп жазған. Басқалары болса: «Алтынды дағдарыс кезінде сату үшін емес, ұзақ мерзімге сақтау керек», деген пікірде.

Ұлттық банк өкілдері алтын құймаларының 100 пайыз қазақстандық өнім екенін еске салады. Яғни шикізат өндіруден бастап, оны өңдеу мен құюға дейінгі барлық процесс елімізде өтеді. Құймалар Қазақстанның монета сарайында дайындалады.

Алтынға инвестиция жасаудың бірнеше артықшылығы бар. Біріншіден, ол – жоғары өтімді актив. Қажет болған жағдайда банктерге «сол күні» өткізуге болады. Екіншіден, алтын инфляция мен қаржы дағдарысынан қорғайды. Үшіншіден, ол ұзақ мерзімді инвестиция құралы ретінде өзінің құнын ешқашан жоғалтпайды.

Қазір алтын бағасының тұрақты өсуі әлемдік үрдіске айналды. Көп сарапшы алдағы уақытта оның құны одан әрі көтеріледі деп болжайды. Сондықтан алтын – тек сәндік бұйым емес, табысты инвестицияның нақты көрінісі болып отыр.

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов қазіргі жағдайда алтынды ең тиімді әрі сенімді актив деп атады. Ол не себепті Ұлттық банк алтынды белсенді түрде сатып алып жатқанын және неге бұл бағытты дұрыс инвестиция деп санайтынын түсіндірді. Оның айтуынша, бүгінгі таңда алтынның табыстылығы да, тұрақтылығы да криптовалюталар мен долларға қарағанда жоғарырақ.

Сүлейменовтың сөзіне қарағанда, Ұлттық банк бұрын алтынмен сауда жасауды нарықтағы тұрақтылық кезеңінде жүргізіп келген

«Бұрын біз алтынды сатып алып, кейін сататынбыз. Ол кезде баға бір деңгейде тұратын – шамамен 1700-2000 доллар, кейде 2,5 мың доллар шамасында болатын және ұзақ уақыт өзгеріссіз тұрып келді. Сол уақытта біз аздаған жеңілдікпен сатып алып, аздап пайда көріп сататынбыз. Ал қазір жағдай басқаша. Қазір алтын стратегиялық тауарға айналды. Өйткені доллар бұрынғыдай мызғымас валюта болудан қалды. Көп инвестор алтынға бет бұрды. Сол себепті бұл – өте жақсы инвестиция. Өткен бір жарым жылда алтын бағасы екі есе өсті. 2000-2500 доллар шамасында тұрған баға 4000 долларға дейін көтерілді. Бұл – кез келген крипто немесе өзге де қаржы құралдарынан тиімді жұмыс істейтін актив», деді ол.

Оның айтуынша, алтын бүгінде тек қор активі емес, әлемдік қаржы жүйесінің тұрақсыздығына қарсы қорғаныс құралына айналған. Сондықтан Ұлттық банк елдің алтын қорын ұлғайту саясатын жалғастырып отыр.

Дегенмен Сүлейменов жеке азаматтарға инвестициялық кеңес бере алмайтынын ескертті.

«Мен қазақстандықтарға инвестициялық кеңес беруге құқылы емеспін және ондай ниетім де жоқ. Тек ескерте кеткім келеді: қазір кез келген адам инвестициялық алтынды сатып ала алады. Ол үшін Ұлттық банктің филиалдары арқылы түрлі салмақтағы және номиналдағы алтын құймаларын алуға мүмкіндік бар. Сонымен қатар, бізде МФЦА-мен бірлескен арнайы бағдарлама бар. Сол арқылы «Табыс» қосымшасы арқылы алтынды тікелей сатып алуға немесе токен түрінде иеленуге болады. Егер сізге толық құйма сатып алуға қаражат жетпесе, оның бір бөлігін, мысалы оннан бірін де алуға мүмкіндік бар. Бірақ мұндай мәселелерді инвестициялық кеңесшілер жақсырақ түсіндіреді. Ал түпкі шешімді әр адам өзі қабылдауы керек», деді Ұлттық банк төрағасы.

Оның пікірінше, қазіргі әлемдік қаржы жағдайында алтынның орны ерекше. Инфляция күшейіп, валюталық тұрақсыздық артқан кезде алтын капиталды сақтаудың ең сенімді жолы болып қала береді.

Айтқандай, еске сала кетейік, Ұлттық банк елде өндірілетін алтынды толық көлемде сатып алу тәжірибесінен ішінара бас тарту мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұл жайында қаржы реттеушісі БАҚ-қа берген жауабында хабарлаған.

Банк өкілдерінің айтуынша, қазір мемлекетке аффинирленген алтынды сатып алу бойынша басым құқықты толық емес, ішінара пайдалану тетігі зерттеліп жатыр.

 «Ұлттық банк мемлекетке тиесілі басым құқықты алтынды ішінара сатып алу форматына көшіру мүмкіндігін зерделеп жатыр. Бұл мәселе стратегиялық маңызы жоғары болғандықтан, оны мұқият әрі жан-жақты талқылау қажет. Бұл ретте тиісті мемлекеттік органдармен және ішкі нарықтағы қатысушылармен бірлесіп жұмыс жүргізілуде. Зерттеу барысында алтын қорының елдің халықаралық резервін қамтамасыз етудегі рөлі мен жаһандық нарықтағы тұрақсыздық ескеріліп отыр», делінген Ұлттық банктің ресми түсіндірмесінде.

Реттеуші атап өткендей, алтынды сатып алу саясаты елдің алтын-валюта қорының көлемін арттыруға және отандық алтын өндіру мен өңдеу саласының дамуын қолдауға бағытталған.

«Алтынды басымдықпен сатып алу шарасы еліміздің халықаралық резервін нығайтуға және алтын өндіру саласының инвестициялық тартымдылығын арттыруға серпін берді. Бұл қадам Қазақстанның халықаралық беделін де күшейтті. Енді осы бағытты икемдеп, алтынды сатып алу көлемін қайта қарау тетігі талқыланып жатыр», деп атап өтті Ұлттық банк.

Мекеме 2012 жылдан бері бұл саясаттың оң нәтиже бергенін де атап өтті. Дәл осы жылдан бастап Ұлттық банкке елде өндірілген алтынды сатып алу құқығы берілген болатын. Соның арқасында алтын-валюта резервіндегі алтынның үлесі едәуір өсті. 2025 жылғы қыркүйектің соңындағы мәліметке сәйкес, Қазақстанның жалпы халықаралық резерві тарихи рекорд орнатып, 57,7 миллиард долларға жетті.

Қазір елде президенттің 2022 жылғы 14 наурыздағы жарлығы күшінде. Ол құжат Қазақстанның қаржы тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған және аффинирленген алтынды ел аумағынан экспорттауға шектеу қояды. Бұл тыйым ел ішіндегі алтын айналымын нығайтуға және ішкі нарықты қорғауға мүмкіндік беріп отыр.

Халықаралық алтын кеңесінің дерегінше, 2025 жылғы қазан айының басында Қазақстанның алтын қоры 316,5 тоннаға жетіп, бір ай ішінде 7,8 тоннаға артқан. Сарапшылардың айтуынша, әлемдік нарықта алтынға деген сұраныс өсіп келеді. Қазіргі жағдайда оның бағасы да тұрақты түрде көтерілу үстінде және жақын уақытта бір унция үшін 4200 долларға дейін жетуі ықтимал.

Ұлттық банк өкілдері бұл трендке қатысты пікір білдіріп, былай деді: «Алтын бағасының өсуі мен әлемдік сұраныстың артуы жағдайында еліміздің алтын қорын басқару стратегиясын икемді ету өте маңызды. Ішінара сатып алу форматына көшу тетігі осы жағдайларды ескере отырып қарастырылып отыр».

Қаржы сарапшылары бұл шешім Қазақстан экономикасы үшін жаңа кезең бастайтынын айтады. Алтынды ішінара сатып алу тәжірибесі мемлекеттің алтын қорының тұрақтылығын сақтап қана қоймай, нарықтық қатысушыларға еркіндік береді. Бұл өз кезегінде алтын өндіруші компаниялар үшін экспорт мүмкіндігін кеңейтіп, ішкі нарықтағы бәсекені арттыруы мүмкін.

Барлық жаңалық