Экономист Айбар Олжаев қазақстандықтардың баспана және ипотека нарығына асықпай қарауы керегін ескертеді, деп жазады Ozgeris.info.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда «7-20-25» бағдарламасы елдегі ең тұрақты және қауіпсіз ипотекалық жоба болып отыр. Бағдарламаның соңғы жаңартуларынан кейін үй алуға қойылған шекті сома өскен. Мысалы, Астана, Алматы, Атырау, Ақтау және Шымкент қалаларында енді 30 миллион теңгеге дейін үй алуға мүмкіндік бар. Бұл тұрғындарға бір бөлмелі емес, екі немесе үш бөлмелі пәтер таңдауға жол ашып отыр.
Экономисттің түсіндіруінше, бағдарлама жыл сайынғы 100 миллиард теңге лимитімен шектеліп, инфляцияға әсер етпейді. Бірақ ішкі баға лимитінің ұлғаюы салдарынан келесі жылы берілетін ипотекалардың саны азаюы мүмкін. Есесіне, бір несие сомасы өседі. Олжаев мұны қалыпты құбылыс деп есептейді, өйткені тұрғындар сапалырақ баспанаға қол жеткізе алады.
Көпшіліктің басты сұрағы – коммерциялық ипотека жабыла ма дегенге келсек, сарапшы қазіргі нарықта банктердің мұндай несие беруге құлшынысы аз екенін түсіндіреді. Себебі базалық мөлшерлеме 18 пайыз, ал банктер үшін бұл деңгейде ипотека беру тиімсіз.
«Банк Ұлттық Банкке 17 пайызбен депозит орналастырып, еш шығынсыз табыс таба алады. Ал ипотека бергенде оған қызметкерлердің айлығы, кеңсе шығыны және тәуекел құны қосылады. Сондықтан банк үшін ипотека беру тиімсіз болып тұр», –дейді экономист.

Оның айтуынша, бұл жағдай мәңгілік емес. Базалық мөлшерлеме төмендей бастаған кезде банктер ипотека нарығына қайта оралады. Сонда тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы төмен пайыздық несие беру кеңейіп, банктерге де тиімді болмақ.
Айбар Олжаев қазіргі уақытта халыққа ипотека алуға емес, депозит ашуға кеңес береді.
«Қазір 20 пайыз кіріс беретін депозит – ең тиімді қаржылық құрал. Ал 20 пайыздан жоғары ипотека ең қымбат өнім, оны төлеу өте қиын. Сондықтан ешкімге мұндай несиені алуға кеңес бермеймін», дейді ол.
Сарапшының айтуынша, үй бағасы НДС туралы алып-қашпа әңгімелердің әсерінен уақытша қымбаттаған. Бірақ бұл көп ұзамай басылады. Себебі нарықтағы сату-сатып алу келісімдерінің 70 пайыздан астамы бұрын қолданыста болған үйлерге тиесілі. Демек, НДС олардың бағасына еш әсер етпейді.
Экономисттің ойынша, алдағы уақытта коммерциялық ипотека нарықтан уақытша шегінеді, ал сұраныс бәсеңдеп, тұрғын үй бағасы біртіндеп тұрақтала бастайды.
«Қазір ең дұрыс шешім – артық ақшаны теңгелік депозитте ұстау. Егер халық кредитті азайтып, жинақ көлемін көбейтсе, инфляция 8-9 пайызға дейін төмендейді. Сол кезде 9-11 пайыздық ипотека алу оңай болады. Бастысы, асықпау керек», дейді Айбар Олжаев.
Осылайша, сарапшының айтуынша, Қазақстан экономикасы қазір жаңа кезеңге аяқ басты. Бұл кезеңде несие емес, жинақ мәдениеті маңызды рөл атқарады.
