Жаңалықтар

Қазақстанда мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтіп жатыр

Қазақстанда мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтіп жатыр

Қазақстанның барлық өңірінде мәслихат депутаттарын кезектен тыс сайлау басталды. Ел көлемінде 228 мәслихатқа 3 447 депутат сайлау көзделген, деп хабарлайды Ozgeris.info.

Орталық сайлау комиссиясының дерегінше, сайлау 20 облыстық, 38 қалалық және 170 аудандық мәслихатта өтіп жатыр.

Депутаттар бес жыл мерзімге жасырын дауыс беру арқылы сайланады. Жалпы, сайлау қорытындысы бойынша 3 447 мандат бөлінеді. Оның ішінде 668-і облыстық, 626-сы қалалық, ал 2 153-і аудандық мәслихаттарға тиесілі.

Мәслихат депутаттығына кандидаттарды ұсынуға жеті саяси партия қатысуға рұқсат алған. Олар:

• «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы;
• «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы;
• «Әділет» партиясы;
• Жалпыұлттық социал-демократиялық партия;
• «Байтақ» Қазақстан жасылдар партиясы;
• Қазақстан халық партиясы;
• Respublica партиясы.

Депутаттарды сайлау тәртібі мәслихат деңгейіне қарай ерекшеленеді. Облыстық мәслихаттарда, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларында аралас сайлау жүйесі қолданылады. Яғни депутаттардың жартысы партиялық тізіммен, қалған бөлігі бірмандатты округтер арқылы сайланады. Егер мандат саны тақ болса, қосымша орын бірмандатты округке беріледі.

Ал аудандық мәслихаттар мен облыстық маңызы бар қалалардың мәслихаттарында депутаттар тек бірмандатты аумақтық округтер бойынша сайланады. Бұл ретте сайлаушылар партияға емес, нақты кандидатқа дауыс береді.

Ел аумағындағы сайлау учаскелері сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді.

Орталық сайлау комиссиясы сайлаудың түпкілікті қорытындысын дауыс беру аяқталғаннан кейін бес күннен кешіктірмей жариялауы тиіс. Нәтижелерді жариялаудың соңғы мерзімі – 4 желтоқсан.

Барлық жаңалық