Қоғам

Қазақстанда жылдық инфляция 11,8%-ға жетті

2025 жылғы маусымда Қазақстандағы инфляция деңгейі 11,8%-ды құрады. Бұл мамырдағы 11,3%-дан жоғары. Яғни, елімізде бағаның өсу қарқыны бір ай ішінде қайта үдей түсті. Мұндай деректерді Ұлттық статистика бюросы ұсынды, деп жазады Ozgeris.info.

Қымбатшылықтың жаңа толқыны

Маусым айында тұтыну нарығындағы тауарлар мен қызметтердің бағасы орта есеппен 0,8%-ға көтерілген. Оның ішінде, әсіресе, ақылы қызметтердің бағасы күрт өсті. Коммуналдық төлемдер, көлік, білім беру және денсаулық сақтау сияқты қызметтер бір жылда 16,1%-ға қымбаттаған. 

Азық-түлік тауарлары да тұтынушылардың қалтасына салмақ салуын жалғастыруда. Маусымдағы жылдық өсім 10,6%-ға жетті. Мамырдағы 9,6%-бен салыстырғанда айтарлықтай жоғары. Ал азық-түлік емес тауарлар, яғни киім-кешек, тұрмыстық техника, тұрмыстық тауарлар секілді өнімдер 9,4%-ға қымбаттады.

Аймақтар бойынша айырмашылық бар

Жеті өңірде инфляция деңгейі елдік орташа көрсеткіштен жоғары болды. Ең жоғары инфляция Алматы қаласында тіркелді – 13,8%. Қарағанды облысында бұл көрсеткіш – 13,5%, Астана қаласында – 13,1%. 

Табыс тең жартысы азық-түлікке кетеді

Қазақстандықтар табысының шамамен 50%-ын азық-түлікке жұмсап келеді. Инфляцияның дәл осы азық-түлік санатында шарықтауы халықтың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін фактор. Мамандардың пікірінше, табыстың жартысын тамаққа жұмсау дамушы елдерге тән көрсеткіш. Ал дамыған елдерде бұл көрсеткіш 10-20% аралығында.

 

Барлық жаңалық