Қазақстан мұнайы әлемдік нарықта үлкен сұранысқа ие. Ел экспорттайтын мұнайдың басым бөлігі Еуропаға жөнелтіледі. Соңғы деректер бойынша, отандық мұнайдың сексен пайыздан астамы Еуропадағы мемлекеттерге сатылған. Сонымен қатар Қытай және Түркия да тұрақты сатып алушылар қатарында. Энергетика саласының сарапшысы Абзал Нарымбетовтың есебіне сүйенсек, былтыр ел мұнайының негізгі импорттаушысы Италия болған, деп жазады Ozgeris.info.
«Бұл ел Қазақстаннан экспортталған мұнайдың 43 пайызын сатып алған. Дегенмен сатып алынған мұнайдың бәрі Италияда қалмайды. Оның бір бөлігі Германияға жіберіледі. Қазақстан кеден деректеріне қарағанда, Италия басты сатып алушы болып көрінеді. Бірақ іс жүзінде Германия негізгі тұтынушы. Себебі Германия қазақстандық мұнайды Италияның Триест портынан алады. Яғни Италия тасымалдау торабы ретінде рөл атқарып отыр», деді Нарымбетов.
Италиядан кейінгі орындарда Нидерланды, Франция, Румыния және Греция тұр. Нидерланды Қазақстан мұнайының 12 пайызын импорттаған. Францияның үлесі жеті пайызға жуық. Ал Румыния мен Греция 6 пайыздан алған. Еуропадан бөлек, Қытай да маңызды сатып алушы қатарында. Бұл ел Қазақстан мұнайының 4 пайызын импорттаған. Испания, Швейцария және Түркия 3 пайыздан алған. Қалған елдер жиынтығы 13 пайызды құрайды. Сарапшы Еуропаның Қазақстан мұнайына деген қызығушылығы арта түскенін де атап өтті.
«Қазір нарықта құрылымдық өзгерістер жүріп жатыр. Қазақстан жаңа нарықтар іздеуде. Бұл бағытта бірнеше мемлекет белсенділік танытып отыр. Мысалы, Финляндия біздің мұнайға қызығушылық білдіруде. Ресейден энергия сатып алуды тоқтатқан соң, бұл мемлекет жаңа серіктес іздеп жатыр. Қазақстан сол мүмкін серіктестердің қатарында», деп түсіндірді Абзал Нарымбетов.
Жуырда Финляндия президенті Қазақстанға ресми сапармен келіп, Қасым Жомарт Тоқаевпен энергетика саласындағы ықтимал әріптестік туралы сөйлесті. Бұл қадам екі ел арасындағы экономикалық байланыстардың кеңейе түсуіне жол ашады. Осы арада Еуропадағы тағы бір маңызды жаңалық бар. Германиядағы Шведт қаласындағы мұнай өңдеу зауытының болашағына қатысты мәселе қайта көтерілді. Қазір бұл кәсіпорын санкцияға түскен Ресей компаниясының қарамағында. Германия үкіметі зауытты мемлекет меншігіне алу мәселесін қарастыруы мүмкін.
«Егер Германия зауытты өз бақылауына алса, кейін оны жаңа инвесторға беру ықтималдығы жоғары. Қазақстан 2024 жылы бұл кәсіпорынға қызығушылық танытқан. Сондықтан алдағы уақытта осы зауыттың Қазақстан компаниясының иелігіне өту мүмкіндігі жоқ емес», деді Нарымбетов.