📰 Сарапшылар пікірі

Қазақстан әлеуметтік қолдауға қыруар қаржы бөледі: әлеуметтанушы жүйедегі басты мәселені атады

Қазақстан әлеуметтік қолдауға қыруар қаржы бөледі: әлеуметтанушы жүйедегі басты мәселені атады

Қазақстан мемлекеттік бюджетінің жартысынан астамын әлеуметтік салаға бағыттайды. Алайда бөлінетін қаражат көлемінің артуы халықтың әлеуметтік саясатқа қанағаттану деңгейіне әрдайым әсер ете бермейді. Әлеуметтанушы Гүлмира Ілеуова осы бағыттағы негізгі мәселелерге тоқталды, деп хабарлайды Ozgeris.info

Сарапшының айтуынша, әлеуметтік шығындарға халықтың түрлі санатына төленетін жәрдемақылар ғана емес, осы сала қызметкерлерінің еңбекақысы, зейнетақы, денсаулық сақтау және балаларды қолдауға арналған қаражат та кіреді.

«Қазақстан жыл сайын әлеуметтік қолдауға айтарлықтай қаражат бөледі. Мемлекеттік бюджеттің жартысынан астамы әлеуметтік шығындарға жұмсалады. Бұл өте ауқымды бағыт. Мысалы, әлеуметтік саладағы қызметкерлердің жалақысына кететін қаражаттың өзі қомақты», – деді әлеуметтанушы.

Гүлмира Ілеуова кейінгі жылдары ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды қолдау тетіктері айтарлықтай жақсарғанын атап өтті. Бұған дейін еңбек ету мүмкіндігі шектеулі адамдар мүгедектік мәртебесін растау үшін жыл сайын комиссиядан өтіп, денсаулық жағдайын қайта дәлелдеуге мәжбүр болған.

«Бұл қоғамда көптеген сын-пікір мен наразылық тудырды. Өйткені мұндай тәжірибені адамгершілікке сай деп айту қиын. Қазір бұл тәртіп біртіндеп өзгеріп келеді. Сонымен бірге ерекше қажеттілігі бар адамдар қатарына жатқызылатын азаматтардың ауқымы кеңеюде. Себебі аутизм секілді диагноздар жиі анықтала бастады», – деді ол.

Әлеуметтанушы зейнетақы төлемдері де мемлекеттік шығындардың үлкен бөлігін құрайтынын айтты. Бұдан бөлек, балалар мен өскелең ұрпақты қолдауға қомақты қаражат бөлінеді. Оның сөзінше, барлық өңірдегі жағдайды мінсіз деуге келмегенімен, шалғай елді мекендердің өзінде балалар алаңдары салынып, әлеуметтік инфрақұрылым дамып келеді.

Денсаулық сақтау саласында да мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектің ауқымы кең. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында дәрі-дәрмек ұсынылып, буын алмастыру, жүрекке, көзге жасалатын қымбат операциялар бюджет есебінен жүргізіледі.

«Бұл жүйе жиі сыналады. Алайда мұндай қолдау әлемнің барлық елінде бірдей жоқ екенін мойындауымыз керек. Мемлекет көптеген қымбат операцияны квота арқылы қаржыландырады және бұл бізде қалыпты тәжірибеге айналды. Әрине, барлық талдау мен қызмет тегін көрсетілмейді. Бірақ денсаулық сақтау жүйесі кеңестік кезеңдегідей толығымен тегін болуы керек деген әлеуметтік күтудің өзі тым жоғары. Қазіргі жағдайда белгілі бір шектеулердің болуы заңды», – деп түсіндірді сарапшы.

Гүлмира Ілеуованың сөзінше, тұрақты жүргізілетін әлеуметтік зерттеулер халықтың өмірге қанағаттануы мен әлеуметтік оптимизм көрсеткіштерінің күрт төмендемегенін көрсетеді. Дегенмен қоғамдағы наразылық көбіне табыстың аздығы, инфляция және бағаның өсуімен байланысты.

«Бағаның өсуіне қатысты наразылық әлеуметтік көңіл күйдің барлық саласына, соның ішінде әлеуметтік саясатқа деген бағаға да әсер етеді. Бірақ мұны толығымен әділ деп айту қиын. Өйткені халықтың көңілінен шығатын және оң бағаланатын бағыттар да аз емес», – деді әлеуметтанушы.

Ол Қазақстанда ұзақ уақыт бойы кеңестік теңестіруші жүйенің ықпалы сақталғанын атап өтті. Бұрын әлеуметтік қолдау отбасының материалдық жағдайы ескерілмей, түрлі санаттарға бірдей көрсетілген. Соның салдарынан қоғамдық санада барлығына бірдей көмек берілуі керек деген түсінік қалыптасқан.

Ал азаматтың нақты әл-ауқатын ресми мәртебесі немесе табысы арқылы ғана анықтау әрдайым дұрыс нәтиже бермейді. Мәселен, өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың арасында табысы жоғары адамдар кездеседі. Керісінше, Алматының орталығындағы үлкен пәтерде тұрғанымен, табысы төмен әрі коммуналдық төлемді әрең төлейтін азаматтар да бар. Себебі баспана оларға кеңестік кезеңнен мұраға қалуы мүмкін.

«Сондықтан әлеуметтік саясатта сараланған тәсіл қажет деген мәселе ұзақ уақыт бойы тек сөз жүзінде қалып келді. Қазір мемлекет кімге көмек беру керек, ал кімге бермеу керек деген сұраққа қайта оралып отыр. Дегенмен азаматтарды санаттарға бөлу әзірге жеткілікті деңгейде дәлелді жүргізіліп жатқан жоқ», – деді ол.

Сарапшы әлеуметтік көмекті бөлген кезде азаматтың тұрғылықты жері, білім деңгейі, табысы және басқа да нақты көрсеткіштері ескерілуі қажет деп санайды. Әсіресе кедейліктің ең төменгі шегінде өмір сүріп жатқан отбасыларға қолдау көрсетудің бөлек тетіктері болуы керек.

«Әлеуметтік қолдауға орасан қаражат жұмсалғанымен, наразы адамдар әлі де көп. Халықтың қанағаттану деңгейін арттырмай, шығындарды үнемі көбейте беру дұрыс емес. Егер бюджет шығыны артса, әлеуметтік саясатқа қанағаттану көрсеткіші де жоғарылауы керек. Ал көрсеткіш төмендесе, оның себебін анықтап, жүйелі түрде талдау қажет», – деді Гүлмира Ілеуова.

Ол өткен жылы «E-Otinish» жүйесіне 5 миллионнан астам өтініш түскенін де атап өтті. Олардың басым бөлігі әлеуметтік мәселелерге қатысты және көпшілігін жергілікті деңгейде шешуге болады.

Әлеуметтанушының пікірінше, өтініштердің жоғары тұрған органдарға жаппай жолдануы жергілікті басқару жүйесінің мәселені шеше алмайтынын немесе оған тиісті деңгейде назар аудармайтынын көрсетеді. Сондықтан әлеуметтік саясатта бөлінген қаражат көлемімен қатар, көмектің тиімділігі мен азаматтардың нақты қанағаттану деңгейі де ескерілуі тиіс.

Барлық жаңалық