📰 Сарапшылар пікірі

Қазақстан футбол клубтарын кімдер сатып алмақ?

Қазақстанда кәсіби футбол жүйесі үлкен өзгеріс алдында тұр. Енді бюджет есебінен қаржыландыру шектеліп, клубтар біртіндеп жеке инвесторларға беріле бастайды. Бұл шешім президент Қасым Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қабылданды. Ол футболдың дамуы бизнес қағидаларымен жүруі керек екенін айтқан еді, деп жазады Ozgeris.info.

Мемлекет не дейді?

Үкімет басшысы Олжас Бектенов депутаттарға берген жауабында қандай ірі кәсіпкерлер мен компаниялар футбол клубтарын сатып алуға ниетті екенін жариялады. Әзірге белгілі болған жоспарлар мынадай. Сергей Кан басқаратын «Орталық Азия жанармай энергия компаниясы» Қызылжар клубын сатып алуға дайын. Freedom Finance құрылтайшысы Тимур Турлов Шахтер командасына қызығушылық танытып отыр. Ол клубқа қоса жаңа стадион мен академия салуды көздейді. Kaspi Group өкілдері Жеңіс клубын сатып алуды жоспарлап жатыр. Сонымен бірге Астанада футбол инфрақұрылымын дамыту бастамасын көтерген. TAU GROUP LTD компаниясы Қайсар командасын жеке меншікке алғысы келеді. Сондай ақ Тараз, Елімай және Ертіс клубтары бойынша да жеке инвесторлармен келіссөз жүріп жатқаны айтылды.

Премьер министр бұл қадамның себебін түсіндірді.

«Бюджет есебінен кәсіби футболды шексіз қаржыландыру дұрыс емес. Спорт коммерциялық жүйеге өтуі тиіс. Жеке капитал келгенде ғана клубтар жауапкершілік алады. Мемлекет тек бағыт береді, ал нақты нәтижені бизнес қалыптастырады, деді Бектенов.

Қазір бюджеттен қанша кетіп жатыр?

Жекешелендіру жүріп жатқанымен, клубтар әзірге бюджеттен қаржы алып отыр. Биыл футболға отыз төрт жарым миллиард теңге бөлінген. Оның ішінде кәсіби клубтарға отыз бір миллиардтан астам қаражат қарастырылған. Ал балалар мен бұқаралық спортқа небәрі үш миллиардқа жуық қаржы беріледі.

Бұл жағдай әлеуметтік желі мен қоғамда жиі сынға ұшырап келеді. Футбол клубтарында соңғы жылдары он екі реттен астам аудит жүргізілген. Тексеру нәтижесінде жүзден аса заң бұзушылық табылған. Олар негізсіз шығын, жасанды смета, қайталанатын қызметтер және тиімсіз келісімшарттарға байланысты болған.

Актөбе және Қызылжар клубтарында жемқорлық белгілері анықталған. Прокуратура Актөбе клубында екі жүз елу миллион теңгеден астам қаржының мақсатсыз жұмсалғанын айтқан. Бұл сомада негізсіз сыйақылар және қымбат келісімдер болғаны көрсетілді.

Сарапшылардың айтуынша, мұндай жағдайлар футболдың жеке бизнеске ауысуының негізгі себебі.

«Мемлекеттік қаржы бар жерде бақылау әлсіз болса, жемқорлық тәуекелі артады. Ал жеке капитал жауапкершілігі жоғары. Инвестор өз ақшасын босқа шашпайды. Сондықтан жекешелендіру футболды ретке келтіреді»7 дейді спорт сарапшылары.

Үкімет жаңа ережелер енгізуді жоспарлап отыр. Екі жылдан кейін мемлекеттік клубтарға лимит қойылады. Акиматтар бір клубқа екі миллион теңгеден артық бере алмайды. Сонымен бірге шетелдік ойыншыларды бюджет есебінен ұстауға тыйым салынады. Бұл өзгерістер отандық футболды өз табысына сүйенуге үйретуге бағытталған. Сонымен қатар балалар мен жасөспірімдер бапкерлерінің жалақысы көбейеді. 2026 жылдан бастап олардың айлығына отыз пайыз үстеме қосылады. Бұған республикалық бюджеттен бір жарым миллиард теңгеден астам қаражат бөлінеді.

Тоқаев тапсырмасы…

Президент Қасым Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жасаған жолдауында спорт саласына тоқталып, футбол туралы нақты пікір білдірді. Мемлекет басшысы футбол клубтарын жеке инвесторларға беру жұмысын жеделдету қажеттігін атап өтті. Тоқаев биылдан бастап елде шетелдік футболшыларды бюджет есебінен қаржыландыруға тыйым салынғанын еске салды. Дегенмен бұл тек алғашқы қадам екенін айтты. Президенттің сөзінше, реформаны тоқтатуға болмайды.

«Футбол клубтарын жекешелендіру ісін жылдамдату керек. Қазір төрт клубтың жаңа иелері бар. Олар белгілі кәсіпкерлер. Бұл дұрыс бастама. Оларға ризашылығымды білдіремін. Бірақ жұмысты жалғастыру қажет. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, футбол жеке капитал мен коммерциялық модель арқылы ғана дамиды. Спортты бизнес индустрия ретінде қарастыруымыз керек. Егер осы бағытты дұрыс жолға қойсақ, ол мемлекетке айтарлықтай табыс әкеледі», деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы футболдың жаңа экономика қалыптастыруға қабілетті сала екенін атап өтті. Оның айтуынша, спорт тек әуесқой қызығушылық емес, елге пайда әкелетін бизнес болуы тиіс.


«Ақтөбе» клубын жеке инвесторға беру жоспары жарияланды

Қазақстанда футбол клубтарын жекеге беру процесі жалғасуда. Енді кезек әйгілі «Ақтөбе» клубына келді. Бұл туралы Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. 1 қараша күні әкімдік жаңа стадион құрылысы басталғанын жария етті. Стадион Ақтөбенің «Алтын Орда» ауданында салынып жатыр. Оның сыйымдылығы 34 980 көрермен болады. Қазір аумақ қоршалып, құрылысқа дайындық жұмыстары жүріп жатыр.

Әкімдік хабарламасында облыс әкімі Асхат Шахаровтың сөзі келтірілген. Ол клубтың жекешелендірілуі туралы келіссөз жүріп жатқанын айтты.

«Қазір футбол клубтарын жекеге беру мәселесі келісіліп жатыр. Жұмыс бірнеше кезеңге бөлінген. 2025 жылдың соңына дейін бұл мәселе толық шешіледі. Осыдан кейін «Ақтөбе» клубы да жеке меншікке өтеді. Біз клубтың құрылымын өзгертіп, оның дамуына бағыт береміз. Ол үшін жүйелі жұмыс пен айтарлықтай инвестиция қажет» деді Асхат Шахаров.

Бұл мәлімдеме мемлекет футболдан кетіп, саланы бизнеске тапсырып жатқан жаңа саясаттың жалғасы екенін көрсетеді. Әкімдік бұл өзгеріс клубты күшейтіп, бәсекеге қабілетті етуге мүмкіндік береді деп отыр. «Ақтөбе» футбол клубы қазір Ақтөбе облысы Қаржы басқармасының қарамағында. Клубтың жарғылық капиталы 152,9 млн теңгені құрайды.

2024 жылы клуб билет сатудан 272,4 млн теңге тапқан. Бұл 2023 жылдағы 147,6 млн теңгеге қарағанда едәуір көп. Спонсорлар мен жарнамадан түскен табыс 338,1 млн теңге болған. Ал 2023 жылы бұл көрсеткіш 1,16 млрд теңге еді. Сонымен қатар клубқа УЕФА тарапынан сыйақы және солидарлық төлемдер ретінде 408,4 млн теңге түсті. Бұдан бөлек Қазақстан футбол федерациясынан және Премьер лига (қазіргі QFL) тарапынан 9 млн теңге алынған. Клубқа байланысты тұлғалардан түсетін қаржы 4 млрд теңгеге жеткен. Қазіргі жаттығу алаңы – 1975 жылы салынған Қобыланды батыр атындағы орталық стадион. Оның сыйымдылығы 12 800 көрермен.

Негізі қазақ футболы қанша тұрады?

Қазақстан футболы қанша тұрады? Бірнеше жыл бұрын Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса осы сұраққа байланысты ашық деректер жариялаған еді. Оның айтуынша, бір жылдың ішінде футбол клубтарына 133 миллиард теңге бөлінген. Соның 111 миллиарды облыстық бюджеттерден алынған.

Депутаттың сөзінше, мәселе тек қаржыда емес. Ол еске салғандай, кезінде Әділбек Жақсыбеков басшылық еткен кезде Қазақстан Премьер-лигасы клубтарына алаңға шетелдік легионерлерді шектеусіз шығаруға рұқсат берілген. Ал клуб бюджетінің басым бөлігі дәл осы легионерлердің жалақысына жұмсалады.

Қазыбек Иса Өзбекстанды мысалға келтірді. Өзбекстан футболға Қазақстаннан кейінірек назар аударғанына қарамастан, екі есе аз қаржы жұмсайды. Бірақ соған қарамастан, ел бойынша ең жоғары деңгейдегі стадиондар салып үлгерді.

Ал Қазақстанда тәуелсіздік алғаннан бері УЕФА талаптарына сай бар болғаны екі стадион салынды. Оның бірі – «Астана Арена», бірақ ол да қазір жөндеуді қажет етеді. Екіншісі – «Түркістан Арена», ол да бірнеше рет қайта жөнделді. Алматыдағы Орталық стадион қағаз жүзінде стандарттарға сай болғанымен, «Реал» келгендегі көрініс көптеген жанкүйер үшін ұят жағдай болды.

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов қазір Қазақстанда 7 жаңа стадион салу жоспарланғанын айтты. Солардың бірі – Қызылордадағы арена, ол жақында ашылды. Алайда қалған 6 стадионның құны қанша болатыны әлі белгісіз. Министрдің айтуынша, кей нысандар бойынша жобалық-сметалық құжаттар дайын емес.

Бәрін олигархтар көтере ме? Сарапшылардың пікірінше, мемлекет осы шығындарды белгілі кәсіпкерлерге жүктеуі мүмкін. Желіде тараған ақпаратқа сенсек, «Шахтер» клубы Тимур Турловқа, «Жеңіс» Михаил Ломтадзеге, «Қызылжар» Сергей Канға тапсырылмақ.

Сонымен қатар төртінші клуб – «Қайсар», қызылордалық жас кәсіпкер, құрылыс саласының өкілі Исламғали Қозбақовқа беріледі деген ақпарат бар. Ол клуб инфрақұрылымына 12 миллиард теңге инвестиция салуды жоспарлап отырғаны айтылады.

Айта кету керек, бұл бизнесмендердің әрқайсысының футбол саласында тәжірибесі бар. Бірақ клубтар толығымен жекеге өткеннен кейін шынымен де бюджеттен тәуелсіз болып, нәтижелі ойын көрсете ала ма? Бұл сұраққа жауапты тек уақыт береді.

Барлық жаңалық