Шығыс Қазақстан облысында «ҚАЖсервис» филиалының бұрынғы директоры жалған жұмысқа орналастыру ісі бойынша сотталды деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Бас көлік прокуратурасының мәліметінше, сот барысында кәсіпорынның бұрынғы басшысы іс жүзінде жұмысқа шықпайтын адамдарды жұмысқа рәсімдегені анықталған. Алайда олар жалақы алып отырған.
Тергеу деректеріне сәйкес, жұмыс табельдері мен қаржылық құжаттар лауазымды тұлғалар мен олардың туыстарының өтініші бойынша бекітілген.
Алғашқы сот инстанциясы айыпталушыға амнистия қолданған, алайда көлік прокуратурасының өтініші бойынша апелляциялық сот бұл шешімді жойды.
Нәтижесінде кінәлі тұлға сотталып, мемлекетке келтірілген залал толық өндірілді.
Сот үкімі заңды күшіне енді.
Айта кетейік, 2024 жылдың қазан айында Шығыс Қазақстан облыстық «ҚАЖсервис» филиалының басшылығы бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінгені туралы ақпарат тараған болатын.