Қазақстанда тұрғын үй нарығына әсер ететін жаңа өзгерістер енгізіледі. Елде нүктелік (тығыз) құрылысқа шектеу қою жоспарланып отыр. Бұл өзгеріс жаңа қабылданған Құрылыс кодексінде қарастырылған деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Мемлекет басшысы сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласына қатысты заңға түзетулер енгізіп, жаңа Құрылыс кодексіне қол қойды. Құжат 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енеді.
Жаңа нормаларға сәйкес, бұрын жиі қолданылған нүктелік құрылыс практикасына шектеу қойылады. Яғни бұрыннан қалыптасқан тұрғын аудандардың ішінде, кейде үйлердің арасындағы бос жерлерге жаңа көпқабатты тұрғын үй кешендерін салу мәселесі қатаң бақылауға алынады.
Заңда көрсетілгендей, егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын жаңарту екі жылда бір реттен артық жүргізілмейді. Сонымен қатар инфрақұрылым талаптары сақталмаған жағдайда тығыз құрылысқа рұқсат берілмейді.
Егер ауданның мектептері толып кеткен болса, жолдар шамадан тыс жүктелсе, емханалар мен әлеуметтік нысандар жетіспесе немесе инженерлік желілердің қуаты жеткіліксіз болса, онда бұл аумақта жаңа тұрғын үйлер салуға рұқсат берілмейді.
Депутаттардың айтуынша, мұндай шаралар ірі қалалардағы бақылаусыз құрылыс мәселесін шешуге бағытталған.
Алайда сарапшылар жаңа шектеулердің тағы бір салдары болуы мүмкін екенін айтады. Ұсыныс азайған жағдайда, әсіресе қала орталығындағы аудандарда тұрғын үй бағасы қымбаттауы ықтимал.
Соған қарамастан заң шығарушылар бұл өзгерістер қалалардың инфрақұрылымын сақтау және тұрғындардың өмір сапасын жақсарту үшін қажет екенін атап өтті.