🏛️ Саясат

Қазақстан e-Parliament дәуіріне қадам басты: Біз дайынбыз ба?

Жасанды интеллект адам өмірінің барлық саласына қарқынды ене бастады. Бұрын ол өндіріс пен бизнеске тиімді шешім қабылдауға көмектессе, қазір мемлекеттік басқару саласына да белсенді түрде енгізіліп жатыр. Сарапшылардың айтуынша, бұл үрдіс басқару тиімділігін арттырып, ашықтық пен жауапкершілікті күшейтуге мүмкіндік береді. Осы туралы саясаттанушы Асхат Қасенғали пікір білдірді, деп хабарлайды Ozgeris.info тілшісі. 

Жақында «Қазақстанда ЖИ-ді мемлекеттік сатып алуға енгізу арқылы 781 млрд теңге үнемделді» деген жаңалық қоғамда кең талқыланды. Яғни, ЖИ осылай түрлі салаға ене бастады деген сөз. 

ЖИ арқылы министрлерді тағайындап жатқан елдер бар. Албания жақында ғана әлемде алғаш болып ЖИ-министрді іске қосқан еді. Ол мемлекеттік сатып алу бойынша министр болып іске қосылды. Есімі «Диэлла». Парламент алдында сөз сөйледі. Мемлекеттік сатып алулар жайлы айтты. Басқару жүйесінің біраз қателігін жайып салды. 

Бұл ЖИ-дің басқару деңгейіне алғаш рет нақты интеграцияланған мысалы. Келесі кезеңде кей елдер ЖИ-депутаттарды іске қоспақ. Олар заң жобаларына сараптама жасап, ұсыныс білдіреді. Алайда мемлекеттік маңызы бар шешімдерге дауыс беру құқығы берілмейді.

Қазақстан да сол бағытқа бет алып келеді.

«Қазақстан да ақырындап осыған жақындайды. ЖИ депутат болмаса да, ЖИ Парламентте көбірек қолданылатын болады. Бүгін Парламенттік реформаны өткізуге қатысты Жұмыс тобының бірінші отырысы өтті. Отырысқа президент те қатысып, реформаның бағыт-бағдары жайлы ойын айтты. Сол ойдың ішінде ЖИ жайлы, цифрландыру туралы көп айтылды», - дейді саясаттанушы. 

Мемлекет басшысы өз сөзінде:

«Алдағы уақытта e-Parliament қазіргі электрондық үкімет - e-Gov секілді қоғамда кең сұранысқа ие құралға айналуы мүмкін», – деген еді. 

Яғни, Қазақстанда да e-Parliament жүйесі енгізілмек. Қазір бұл ЕО аумағында бар екен. Сол арқылы олар заңдарды талқылау, мәтіннің ашықтығы, қателіктерді саралау және ең бастысы халықтың мемлекеттік басқару жүйесіне қатысуын арттыру шараларын жылдам жүзеге асыратын көрінеді. 

«Түсінуімше, біз e-Gov-қа кіріп, түрлі қызмет ала аламыз. Дәл сол сияқты, e-Parliamentті де көп қолданатын боламыз. Цифрлы шешімдер, жасанды интеллект көп қолданылатын парламент болатын сияқты», - деп қосты сарапшы. 

Бүгінде біз e-Gov арқылы мемлекеттік қызметтерді онлайн аламыз. Енді дәл сол сияқты, e-Parliament арқылы заңдармен жұмыс істей алатын боламыз. Демек, болашақ парламент цифрлы және деректерге негізделген парламент болмақ.

Кәсіби парламент - кәсіби ел

Президент айтқан тағы бір маңызды бағыт - парламенттің кәсібилігін арттыру. Соңғы сайлаулар аралас жүйемен өтті. Партиялық тізіммен және жеке мандатпен сайланған депутаттар болды. Парламентке қоғамға танымал ақындар, блогерлер, спортшылар өтті. Кейбірі өз орнын тапса, кейбірі сынның астында қалды.

«Осының бәрін ескере отырып, келесі парламентке өтушілердің кәсібилігіне аса мән берілетіні айтылыпты. Кәсіби депутат – кәсіби парламент деген сөз ғой. Енді партиялық тізіммен ғана Парламентке өте алады. Яғни, алдағы сайлауда аралас жүйе болмайды. Оны да сарапшылар осы кәсібилікпен байланыстырыпты. Ондай жағдайда жаңа партияларды тіркеуге көп мүмкіндік жасалуы қажет деп санаймын. Өйткені, партияға мүше емес азаматтар жаңа партия аясында бірігіп сайлауға түсе алатындай немесе өз көзқарасы бойынша қазіргі бар партиялардың біріне қосылып, додаға түсетіндей мүмкіндіктер болуы қажет», - деді сарапшы. 

Праймериз - кәсібилікке апарар жол

Партиялық тізім жүйесі енгізілсе, праймериз, яғни партия ішіндегі алдын ала сайлау, міндетті құралға айналуы тиіс. Еуропа мен АҚШ-та партиялар үміткерлерді дәл осылай таңдайды.

«Сол праймеризде жеңіске жеткендер партиялық тізіммен Парламентке өте алатын болса, міне сонда кәсіби азаматтар жасақталар еді. Партиялардың ішінде де ызу-қызу процесс болар еді. Өйткені парламентке заңнамалық процессті жетік білетін, терең түсінетін, туған күнмен құттықтайтын емес, туған елдің мәселесін айтатын жандар баруы керек», - дейді саясаттанушы.

Не болса да алдағы 2 жыл осындай талқылау, партиялық тартыс, партиялар ішіндегі тартысқа толы болады дейді маман. Айта кетейік, 2025 жылдың тоғыз айында  мемлекеттік бюджеттің кірістері 17,3 трлн теңгеге жетіп, жоспардың 102%-ын құрады. Бұл туралы Қаржы министрі Мади Такиев мәлімдеді. Ол мемлекеттік сатып алу жүйесіне жасанды интеллект енгізу мемлекетке 781 млрд теңге үнемдеуге мүмкіндік бергенін атап өтті.

Министрдің айтуынша, қаржылық бақылауды цифрландыру реформалардың ең нәтижелі бағыттарының бірі болды. ЖИ элементтері тендерлік деректерді талдау, күмәнді схемаларды автоматты түрде анықтау және заңбұзушылықтардың алдын алу үшін қолданылуда. Бұл шығындарды оңтайландырып қана қоймай, сатып алу жүйесінің ашықтығын да арттырды.

«Жасанды интеллекттің қолданылуының арқасында 2024 жылы 307 млрд теңге және 2025 жылы 132 млрд теңге көлеміндегі тәуекелді төлемдердің алдын алуға мүмкіндік туды», - деді Такиев. 

Ең жоғары тиімділік білім беру саласында байқалды, онда ЖИ алгоритмдері бюджет қаражатының тиімсіз пайдаланылу тәуекелдерін анықтауға көмектесті.

Министр атап өткендей, цифрландырумен қатар қазақстандық өндірушілерді қолдау да күшейіп келеді. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда отандық компаниялардан сатып алу көлемі екі есеге артқан, ал жасалған келісімшарттар саны 28%-ға көбейген. Сонымен қатар, мемлекеттік сатып алу процесіне шағымдар саны төрттен бірге азайды.

Қаңтар–қыркүйек айларының қорытындысы бойынша республикалық бюджетке 10,5 трлн теңге түскен. Жалпы бюджет кірістері өткен жылмен салыстырғанда 16%-ға немесе 2,4 трлн теңгеге өсті. 

Сарапшылардың пікірінше, мемлекеттік қаржыны басқаруда жасанды интеллектті енгізу тәжірибесі Қазақстанды үлгілі елге айналдыруы мүмкін. Аталған технологиялар процестерді автоматтандырып қана қоймай, қаржылық тәртіп пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы бақылаудың тиімді құралына айналып жатыр. 

Барлық жаңалық