Қоғам

Қазақстан бақытты елдер рейтингінде Франция мен Италияны артта қалдырды

Қазақстан бақытты елдер рейтингінде Франция мен Италияны артта қалдырды

Қазақстандықтардың өмірге көңілі толып, еліміз әлемдік бақыт рейтингінде бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткішке жетіп 33-орынға көтерілді, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты Ranking.kz-ке сілтеме жасап.

БҰҰ жариялаған World Happiness Report 2026 баяндамасына сәйкес Қазақстан 147 мемлекеттің ішінде 33-орынға тұрақтады. Бұл 2011 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш, ал өткен жылмен салыстырғанда еліміз тізімде бірден 10 сатыға жоғарылаған.

Еліміздің өмір сүру сапасы 10 баллдан 6,6 балл жинады, бұл баға әлеуметтік қолдау, әл-ауқат, таңдау еркіндігі, өмір сүру ұзақтығы, қайырымдылық және жемқорлық деңгейі сияқты көрсеткіштерден құралады. Біздің елдегі бақыт деңгейіне алғашқы үш фактор көбірек әсер еткен.

Рейтингтің көшбасшысы бірнеше жыл қатарынан 7,8 балл жинаған Финляндия болса, одан кейінгі орындарда Исландия мен Дания тұр.

Орталық Азия мен көршілес елдермен салыстырғанда қазақстандықтар әлдеқайда бақытты өмір сүретіні анықталды. Бұл туралы деректерде Өзбекстан 53-орында, Қырғызстан 66-орында тұрғаны, ал Ресей бір жыл ішінде 13 сатыға төмендеп 79-орынға түскені айтылады. Рейтингтің ең соңында 1,4 балл алған Ауғанстан қалды.

Зерттеуге сүйенсек, халықтың әл-ауқаты бақыттың басты өлшемі емес. Қазақстанның ішкі жалпы өнімі еуропалық мемлекеттерден төмен болғанымен, жалпы өмір сүру сапасы бойынша еліміз Франция, Италия және Испания сияқты мемлекеттерді басып озды.

Адамдардың бір-біріне көмектесуі мен әлеуметтік қолдауы бойынша Қазақстан әлемде төртінші орынға шығып, Финляндияны да артта қалдырды. Сауалнамаға қатысқан отандастарымыздың 95 пайызы қиын сәтте арқа сүйейтін адамдары бар екенін айтқан. Алайда таңдау еркіндігіне келгенде ел тұрғындарының 84 пайызы ғана өз өміріне көңілі толатынын жеткізді, осы көрсеткіш бойынша Қазақстан 62-орында тұр. Экономикасы бізден төмен Қырғызстанда азаматтардың 94,5 пайызы өздерін еркін сезінетіні назар аудартады.

Өткен күнін күлкімен және жақсы көңіл-күймен өткізген қазақстандықтардың үлесі 68,6 пайыз болды. Пессимистік көңіл-күйдегі адамдар небәрі 10 пайызды құрайды. Мамандардың дерегінше, Қазақстанда өмір сүру сапасын бағалаудың өсу динамикасы 2019 жылдан, яғни елде президент ауысқан кезден бастап байқалып отыр. Ал Ауғанстанда керісінше 2021 жылдан бері гуманитарлық дағдарыс пен әйелдер құқығының шектелуіне байланысты көрсеткіштер жыл сайын құлдырап келеді.

Барлық жаңалық