«Қазақмыс» тобында өндірістік арнайы киімнің бірыңғай стандартына кезең-кезеңімен көшу жалғасып жатыр. Жаңартылған арнайы киім үлгілері өндірістегі нақты еңбек жағдайларын ескере отырып, жер үсті және жер асты жұмыстарының ерекшеліктеріне сәйкес әзірленген дейді ozgeris.info.
Жаңа стандарттың негізгі мақсаты – арнайы киімді ыңғайлы, сенімді және функционалды ету. Өндірістік алаңда қызметкерлердің анық көрінуі үшін киімнің түсі өзгертілген. Сонымен қатар түймелердің орнына жылдам тағылып-шешілетін сыдырма мен батырмалар қолданылған.
Шаң мен суықтан жақсы қорғау үшін қайырма жаға тік жағаға ауыстырылды. Ал шалбардың бел тұсының артқы бөлігі биіктетіліп, жылуды сақтау мақсатында қосымша қабат қосылған. Бұл әсіресе жер асты жұмыстарында маңызды.
Сондай-ақ арнайы киімде қосымша құрал қалталары мен ауа алмасуды қамтамасыз ететін вентиляциялық элементтер қарастырылған.
Жаңа арнайы киім стандартын енгізу 2025 жылы бірқатар өндіріс алаңдарында басталған. Ал 2026 жылдың 1 наурызынан бастап жаңартылған арнайы киім Жезқазған тау-кен өндірісінің кәсіпорындарында қолданылмақ.
Бірыңғай стандартты енгізудің басты мақсаты – жұмыскерлерге қауіпсіз әрі жайлы еңбек жағдайын қамтамасыз ету. Жаңа арнайы киім жұмыс процесін тиімді және қауіпсіз етуге бағытталған.