Ұлытау облысында Наурыз мерекесі кең көлемде аталып өтті. Жезқазған мен Сәтбаев қалаларында ұйымдастырылған іс-шаралар қала тұрғындары мен «Қазақмыс» компаниялар тобының қызметкерлерін бір алаңға біріктірді деп хабарлады ogeris.info сайты.
Мереке аясында құрылған этноауыл негізгі орталыққа айналды. Қала орталығында 11 киіз үй тігіліп, олардың әрқайсысы қазақ халқының дәстүрін, қонақжайлығын және ұлттық мәдениетін айшықтап көрсетті.
Бағдарлама барысында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылып, оған кәсіпорын қызметкерлері мен қала тұрғындары белсене қатысты. Жалпы жүлде қоры 3 миллион теңгені құрады. Бұл сайыстар тек бәсеке ғана емес, бірлік пен командалық рухтың көрінісіне айналды.
Іс-шараның маңызды бөлігі — «Үздік киіз үй» байқауы болды. Байқау қорытындысы бойынша бірінші орынды Батыс Жезқазған кенішінің ұжымы иеленді. Екінші орын Мамандандырылған жөндеу-механикалық басқармасына, ал үшінші орын «Жомарт» кенішіне бұйырды.
Сонымен қатар, бірнеше кәсіпорындар арнайы номинациялармен марапатталды. Жеңімпаздар мен қатысушыларға ақшалай сертификаттар табысталды.